Қоғамдағы әртүрлі ахуал отбасына тікелей әсер етеді. Сондай жағдайда шаңырақты шайқалтпай, сақтап қалу үшін тығырыққа тірелген жандарға жол көрсеткен абзал. Сол себепті Мемлекет басшысы азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету керектігін айтқан еді. Осы мақсатта Кербұлақ ауданының Қоғалы аулында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды.
Бұл – облыс орталығынан жырақта орналасқан аудан, қалаларда ашылған төртінші орталық. Ауыл жұртын татулыққа шақырып, тұрмысын түзеуге бағытталған нысанда арнайы дайындықтан өткен мамандар қызмет көрсетеді. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қоғалы аулындағы орталықпен қатар жыл соңына дейін Қаратал, Алакөл аудандарында осындай мекемелер ашылады. Келер жылы дәл осындай орталықты Ескелді, Көксу, Ақсу аудандарында ашу жоспарланып отыр.
Жалпы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне, азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақсатында жұмыс істейді.
Қоғалыда кезінде аудандық емхана болып, кейін біршама уақыт бос тұрған ғимаратқа ағымдық жөндеу жұмысы жүргізіліп, құрал-жабдықтары сатып алынған. Оған жергілікті бюджеттен арнайы қаражат қарастырылды. Сөйтіп, орталық іске кірісті. Нысанның директоры Дәурен Жұмағалиевтің айтуынша, орталықта 15 адамға арналған жатын орын, балалардың ойын бөлмесі бар, кір жуатын орын, асхана, тынығу бөлмесі жан-жақты жабдықталған. Алдағы уақытта мекемеге арнайы көлік беріледі деп күтіліп отыр. Мұнда 19 адам тұрақты жұмыс істейді. Жаңа мекеме толықтай мемлекеттен қаржыландырылады.
«Бұл орталықта отбасылық жанжалдарды шешуге бағытталған шаралар іске асырылып, қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік, заңдық, психологиялық қолдау көрсетіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімде уақытша тұру мүмкіндігі беріледі. Бұл мекеменің кәсіби мамандары өңірдегі түрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеді деп сенемін», дейді Д. Жұмағалиев.
Жергілікті тұрғындар мұндай орталықтардың болғаны дұрыс деп есептейді.
«Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Мемлекет мықты болсын десек, алдымен әр отбасы берік болуы керек. Қазіргі кезде әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға байланысты отбасылар, әсіресе жас отбасылар түрлі қиындықпен бетпе-бет келіп жатады. Ажырасу да жиілеп кетті. Сондықтан дер кезінде отбасыларға қолдау көрсетудің маңызы зор», дейді Қоғалы ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Турбеков.
Ендігі ретте өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтау мен қолдауды ұйымдастыру мақсатында ауданда мобильді топтар құрылады. Мобильді топ құрамында ауыл округтерінің әкімдері, әлеуметтік мәселелер жөніндегі қызметкерлер, білім беру, денсаулық сақтау салалары, ішкі істер органдарының өкілдері қамтылады, яғни бұл істе барлық сала маманы бірлесіп жұмыс істейді.
Айта кетейік, «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары 2023 жылы Панфилов, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында ашылған. Оларға 82 отбасы тіркеліп, психологиялық, әлеуметтік көмек беріліп, қызмет көрсетілген. Ал бұл – ауылда ашылған екінші орталық. Бұған дейін мұндай орталықтар өткен жылы Панфилов, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында іске кіріскен еді.
Жетісу облысы