Әйтеке би ауданы «Құмқұдық» ЖШС-ында табан аудармай 35 жыл еңбек етіп келе жатқан Марат Балыбеков жақында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Елуді орталаған жігіт ағасы – қайнаған еңбектің ортасынан шыққан жан. Біртоға сөзі мен ісі үйлескен, ортасына сыйлы, бала-шағасының, ағайын-туысының алдында беделді.
«Құмқұдық» серіктестігі Әйтеке би ауданында 20 мың гектардан астам жерге арпа, бидай, күнбағыс, көпжылдық шөп егеді. Қазір шаруашылық еңбеккерлері күзгі жиын-терін жұмыстарын бітіріп, астықты қамбаға тапсырып, демалысқа шықты. Марат шаруашылықта америкалық «Case IH» компаниясының астық жинайтын комбайнын жүргізеді. Бұл техниканың өнімділігі жоғары, заманауи технологиялармен жабдықталған, компьютермен басқарылады. «Қазір біздің шаруашылықта ескі техника жоқ, комбайн, трактор түгел жаңартылған. Жұмыс өзімізге ұнайды, еңбекақымыз да тәуір, уақтылы қолға тиеді. Серіктестікті ауылымыздың азаматы Александр Федорович Чемоданов басқарады. Егін орағын күзгі мол жауын-шашынға қарамастан мерзімінде аяқтадық. Дегенмен алдымыздан үнемі шығатын мәселе – механизаторлардың жетіспеушілігі. Жастар трактор, комбайн жүргізуге аса құлықты емес. Тіпті техникадан қашады десем, артық айтқандық болмас. Олардың мектеп бітіргеннен кейін қалаға кетіп, ауылға қайтып келмейтіні өкінішті», дейді еңбеккер.
Әйтеке би ауданының Құмқұдық ауылында 200-ден астам үй бар. Ауыл тұрғындарының дені А.Чемоданов басқаратын «Құмқұдық» ЖШС-ында еңбек етеді. Облыс орталығынан 400 шақырым жердегі ауылдың жағдайы жақсы. Тұрақты жұмысы болған соң, ешкім сыртқа көшіп кетпеген. Серіктестікте жиырмадан астам механизатор бар.
Марат 1987 жылы Қарашатау орта мектебін бітіріп, жүргізуші куәлігін алған соң, ескі трактордың руліне отырды. Ескі көлік, құралдары да тапшы уақытта көппен бірге қиындықты еңсере білді. Еңбекке қанығуға жақсы үлгі болды. «Біздің қатарымыз еңбекке ерте араласты. 6-сыныпты бітіргеннен бастап балалар ауылда бос жүрмей, қырманға, шөп шабуға, мал бағуға баратын. Мен жазда шөпшілерге барып, буып-түюге көмектесетінмін. Сол кезден бастап, техниканың тілін үйрене бердім. Еңбекке ерте араласқанның арқасында мектеп бітірген соң жұмысқа бірден алды. Бүгінде баланы қол еңбегіне үйрету жағы кемшін. Содан ақсаусақ ұрпақ көбейді. Меніңше, техниканың тілін түсінбеген соң, жұмыстан қашады», дейді Марат Бадиұлы.
«Құмқұдық» серіктестігінің қызметкерлері егін орағы кезіндегі жауын-шашынға қарамастан, өнімді ысырапсыз жинап, қоймаларға құйып алды. Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз тірлігі ерте көктемнен басталып, қарашаның соңына дейін созылады. Қыс бойы көпшілігі демалыста болғанымен, кейбірі тыным таппайды. Әсіресе К-700 көлігінің жүргізушілері ақтүтек боранда көлік жолын ашады, алқаптарға қар тоқтатумен айналысады.
Қай кезде де жұмыстың сәтті аяқталуы әуел баста дұрыс ұйымдастыруға байланысты. Осы жағынан «Құмқұдық» серіктестігінің үлгі аларлық тұстары көп. Мәселен, егін орағы кезінде жұмыс таңғы сағат 7.00-де басталып, кешкі 21.00-де аяқталады. Егіс басталғанда екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысым таңғы 08.00-де басталып, кешкі 20.00-ге дейін созылса, түнгі ауысым кешкі 20.00-де басталып, таңғы 08.00-де аяқталады.
Құмқұдықтың еңбеккерлері техникаларын өздері жөндеп алады. Ал алда-жалда компьютерден ақау шықса, сервистік қызмет көрсететін мамандарды шақыртады. Бұл да оңай емес. Себебі Құмқұдық Ақтөбе қаласынан 400 шақырым қашықтықта орналасқан.
Арпа, бидай, күнбағыспен бірге астық тұқымдас құнарлы мал азықтарын көптеп өсіріп жатқан шаруашылықтың алдағы күнге жоспары көп. Қарашатаудан түлеп ұшқан еңбеккер Марат ауылдардың көркеюі адамдарға байланысты дейді. Әрбір адам туған жерінде адал еңбек етсе, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білсе, елдің дәулеті артады. Мұның бір жолы – жастарды ауылға тарту арқылы жұмыс орындарын көптеп ашу. Адал еңбегімен көптің құрметіне бөленген механизатор талапты жасты комбайн жүргізуге үйретуден қашпайды.
Ақтөбе облысы