Облыстық халықтық және үлгілі театрлар байқауы өз мәресіне жетті. Ордабасы ауданында «Театр – өмір айнасы» тақырыбымен өткен байқау барысында 17 қойылым көпшілік назарына ұсынылып, аудан, қалалардан келген театрлар өзара өнер жарыстырды.
Кәсіби театры жоқ аудандардағы өнер көрсетіп жүрген халық театрлары жергілікті жұрттың мәдени өміріне әр беріп, рухани-эстетикалық сұранысына сай қызмет етуге тырысып келеді. Ауданда өткен байқауға ұсынылған қойылымдар мен театр ұжымдарының сахнадағы шеберлік деңгейі де көпшілікті тәнті етті. Театрлардың репертуарында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін заманауи шығармалардың болуына, сонымен қатар театрлардың өнерін насихаттау, бір-бірімен тәжірибе алмасу, шеберлік сағаттарын өткізу және шығармашылық байланысты нығайтуға ықпал ету мақсатындағы байқауда қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені «Келес» халық театры иеленді. Жүлделі І орынды Шымкент қаласының «Думан» халықтық жастар театры, ІІ орынды «Темірлан» халық театры, «Сайрам» аудандық қазақ халық театры, Сарыағаш ауданы халықтық драма ұжымы иеленді. Жүлделі ІІІ орынды Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер үлгілі театры, «Шардара», «Асықата», «Отырар» халық театрлары өзара бөлісті. Сондай-ақ бірқатар театр ұжымы арнайы жүлдемен және алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, дәстүрлі байқау облыстық мәдениет басқармасы, Ордабасы ауданы әкімдігінің бастамасымен ауданның 60 жылдығы, «Темірлан» халық театрының 50 жылдығына орай өткізіліп отыр. Дәстүрлі байқауды келесі жылы өткізу үшін эстафетаны Отырар ауданы қабылдады.
Түркістан облысы