• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:00

ҰҚШҰ – күш-жігер мен ресурстарды біріктіретін бірегей механизм

59 рет
көрсетілді

Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтті. Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңеске келген мәртебелі меймандарды қарсы алды. Отырысқа қатысушы елдер басшыларының бірге суретке түсу рәсімінен соң, іс-шара ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы сессиясымен басталды.

Төрағалық міндет толық орындалды

Сессия отырысына Беларусь Прези­денті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіп­сіз­дік туралы шарт ұйымы Еуразия кеңіс­тігіндегі бейбітшілік пен тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ететін негізгі құрылым­дардың біріне айналғанын атап өтті.

– ҰҚШҰ қазіргі сын-қатерлер жағ­дайын­да ұйымға мүше барлық ел үшін қауіп­сіздік кепілі ретінде өзінің қажет екенін көрсетіп отыр. Біздің үйле­сімді әрекеттеріміз, өзара сенім мен қол­дауымыз ең қиын әрі ауқымды мін­дет­­терді шешу жолындағы ұжымдық қабі­­летімізді нығайтады. ҰҚШҰ жай ғана әскери серіктестік емес, мемлекет­тері­міздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатындағы күш-жіге­ріміз бен ресурстарымызды бірік­тіре­тін бірегей механизм екенін атап өткен ләзім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның ҰҚШҰ төрағасы ретінде ұйымға мүше елдер арасындағы тығыз қарым-қатынас­ты нығайтуға, дағдарыс жағдайларын­да жедел әрекет ету тетіктерінің тиімді­лігін арттыруға бар күш-жігерін жұм­саға­нын айтты. Сондай-ақ терро­ризм, кибер­шабуыл, трансұлттық қылмыс және заңсыз есірткі айналымы секілді қазіргі заман­ның қауіп-қатерлеріне қарсы күресте Ұйым мүмкіндіктерін жетілдіруге баса мән берді.

– Ұйымның жарғылық органдары­ның отырыстары, әскери оқу-жаттығу жиындары және профилактикалық опера­циялар жоспарлы түрде ұйымдас­тырылды. Сыртқы істер және қорға­ныс министрлері ұжымдық қауіпсіздік­тің өзекті мәселелерін қарастырды. Қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен парламент спикерлерінің деңгейінде кездесулер өтті. Ұйымның қосымша және жұмыс органдарының кеңестері өткізілді. ҰҚШҰ қызметінің түрлі бағыттары бойынша консультациялар жасалды. Сессияаралық кезеңде бірқатар маңыз­ды құжат қабылданды. Бұлар халықара­лық ынтымақтастық, қорғаныс сала­сын­дағы ықпалдастық, сондай-ақ ұжым­дық қауіпсіздіктің өзекті сын-қатер­лері мен қауіптеріне қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтиды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты дайындық жұмыстарына айрықша мән берілді. Бүгін бізге Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тиісті мәлімдемесі ұсынылады. Жалпы, Қазақстан Республикасының Ұйымға төрағалығы кезінде қойылған міндет­тердің бәрі орындалды. Біз белгілеген басым­дықтарды жүзеге асыруға қолдау көр­сеткендеріңіз және бір­лесе нәти­желі жұмыс атқарғандары­ңыз үшін алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Бұған қоса Қазақстан Республикасының 2024 жылы ҰҚШҰ-ға төрағалығы қорытындыланды және алдағы кезеңнің жоспары нақтыланды.

 

Сын-қатерлерге қарсы күрес тетіктері жолға қойылды

Бұдан соң ел басшылары ҰҚШҰ Ұжым­дық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтіл­ген құрамдағы отырысына қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессия жұмысына Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен қатар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бас хатшысы Сергей Лебедев пен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин қатысты. Мемлекет басшысы сессия жұмысын ашып, жиын қатысушыларына ризашылығын білдірді.

– Бүгінде ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіз­дікті қамтамасыз етуді көздейтін тиімді әрі қажетті халықаралық құрылымға айналды. Ұйымның даму жылдарында мүше мемлекеттер көптеген мәселе бо­йынша өзара ықпалдастық жасап, мол тәжірибе жинады. Ауқымды нормативтік-құқықтық база қалыптасты. Қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күрес тетіктері жолға қойылды. Ұжым­дық қауіпсіздік күштері мен құрал­дары жасақталып, қалыпты қызмет етіп жа­тыр. Беделді халықаралық және өңірлік ұйым­дармен конструктивті ынтымақ­тас­тық орнатылды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен отырыста мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның төрағалығы аясында ҰҚШҰ-ның биылғы қызметі қорытындыланғанын жеткізді.

– Кездесу қорытындысы ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы жұмыла әрекет етуге дайын екенімізді тағы да растады. Пікірталас барысында ха­лықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойын­ша ұстанымдарымызды жеткіздік. Біз­дің қазіргі жағдайға ортақ бағамыз және ҰҚШҰ-ның одан әрі дамуына көз­қара­сы­мыз Қазақстанның бастамасы­мен әзір­лен­ген Ұжымдық қауіпсіздік кеңе­сі­нің дек­ла­рациясында көрініс тапты. Ұлы Жеңіс­тің 80 жылдығын мерекелеуге ерек­ше мән берілді. Ардагерлердің май­дан­дағы және тылдағы ерлігі есімізде мәңгі сақ­талады. Оларды әрдайым мақтан тұта­мыз, құрметтейміз. Айтулы мереке қар­саңында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі­нің мәлімдемесін қабылдау, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ме­ре­­ке­­лік іс-шаралар жоспарын бекіту ма­ңыз­ды деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында Ұйым жарғысына сай ынты­мақтастық бағыттары бойынша 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырыл­ған. Халық­аралық аренада келісілген ұстанымдарды ілгерілету бойынша серіктестермен бірлесе жұмыс жүргізілді.

– Биыл қабылданған саяси құжаттар легіне ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жалпы бағалауы негіз болды. Олардың ішінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік, ғарыш саласындағы ынты­мақтастық мәселелері мен Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты, сондай-ақ Белоруссияны басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына орай қабыл­дан­ған мәлімдемелер бар. Жыл бойы ұжым­­дық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құ­рал­дарының әскери дайындығына мұ­қият назар аударылды. Бүгін біз ҰҚШҰ күш­тері мен құралдары мәртебесіне және әске­ри кон­тингентті тасымалдауға қатысты халық­арал­ық келісімдердің екі хаттамасына қол қоямыз. ҰҚШҰ-ға мүше елдердің бітім­гер­лік күштерінің дайындық деңгейі мен жауы­нгерлік машығын жетілдіру жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек-қазан ай­ларында елімізде «Мызғымас бауырлас­тық-2024» ҰҚШҰ Бітімгершілік күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығулары мен «Жартас-2024» ҰҚШҰ арнайы оқу жиыны өтті. Аса қауіпті нысандардағы күрделі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізудің бірлескен іс-қимылы пысықталды, – деді Мемлекет басшысы.

 

Қазақстан айқындаған басымдықтар жүйелі жүзеге асырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл бойы өзекті сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше ден қойылғанын атап өтті.

– Қазақстан мен ҰҚШҰ-ға мүше басқа да елдер аумағында бір уақытта «Наемник», «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» секілді арнайы опера­ция­лардың түрлі кезеңдері өтті. Бұл іс-шара­лар халықаралық терроризмге, есірт­кі саудасына, заңсыз көші-қонға және ақпараттық ортадағы сын-қатерлерге қатысты қауіптің алдын алуды көздейді. Биыл біздің бастамамызбен алғаш рет заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде консультациялар өтті. ҰҚШҰ аясында арнаулы жұмыс тобын құру мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстан төрағалығының үйлестіруімен Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасын дайындау жұмыстары аяқталды. Құжатты әзірлеу 2013 жылы басталған еді. Бүгін біз Ұйымның оңтүс­тік шебіндегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған осы маңызды шешімге қол қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ҰҚШҰ төрағасы ретінде Қазақстан айқындаған басымдықтар жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Серіктестердің қолдауына сүйене отырып, ҰҚШҰ аясында аталған бастамаларды одан әрі ілгерілету ісі белсенді жалғасады.

Мемлекет басшысы Ұйымның Бас хатшысына, ҰҚШҰ-ның Тұрақты кеңесі мен жұмыс органдарына атқарылған ауқымды жұмыс үшін ризашылығын жеткізді.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі­нің кеңейтілген құрамдағы сессиясы барысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалықтың Қырғыз Республикасына өтуі туралы шешімнің қабылдануымен құттықтап, қырғыз тарапының жауапты міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қа­былдап, бірқатар құжатқа қол қой­ды. Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөнін­дегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекет­аралық бағдарламасы бекітілді. Сонымен қатар президенттер Ұлы Жеңіс­тің 80 жылдығына байланысты мәлім­деме қабылдап, келесі жылы осы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мереке­лік іс-шаралардың жоспарын бекітті.

Астанада қабылданған құжаттар Ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне сай кешенді түрде дамытуға бағытталған.

Айта кетсек, Қазақстан 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық етті.

Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапары аяқталған Владимир Путинді елорда әуежайынан шығарып салды. Әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеді. Сондай-ақ суретші Әсел Сабыржанқызы Ресей Президентіне елімізге жасаған сапарына арнап салған картинасын сыйға тартты. Полотнода екі елдің достығы бейнеленген.