Жетісу облысында ауылды көркейту жұмыстары жанданып келеді. Биыл бірнеше елді мекен заманауи нысандарға қол жеткізді. Әлі де шешілмей жатқан өзекті мәселелер жоқ емес. Осы мақсатта «Amanat» партиясының бастамасымен облыс орталығы Талдықорған қаласында ауыл әкімдерінің форумы өтті. Жиында ауыл халқын толғандырған дүниелер талқыланды.
Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев және орынбасары Диас Есдәулетов, «Amanat» партиясы орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов, Мәжіліс депутаты Болат Керімбек, басқарма басшылары мен аймақтағы 113 ауылдық окургтің әкімдері қатысты. Басқосуда ауыл-аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әкімдердің атқарар жұмыстары сараланды.
Әуелі Ә.Жақанбаев қоғамдық-саяси тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету әкімдердің басты міндеті екеніне тоқталды.
«Облыс экономикасын одан әрі дамыту мен халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін біз бірлескен, тиімді жұмыс арқылы өңірдің әл-ауқатын жақсартудағы міндеттерге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін», деді облыс басшысының бірінші орынбасары.
Осы орайда «Amanat» партиясының аппарат басшысы Мәди Жарылқасынұлы жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс екенін алға тартты.
«Ауыл әкімдерінің форумы қазіргі уақытта еліміздің барлық аймағында өтіп жатыр. Форумда айтылған ұсыныстар мен идеялар, тың бастамалар «Amanat» партиясының атынан сайланған ауыл әкімдерінің табанды жұмысы мен кәсіби шеберлігіне жаңа серпін береді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесін енгізгеннен бері жыл сайын халық елді мекен басшыларына қатысты өз таңдауын жасап келеді. Өңірде 2021 жылдың шілдесінен бастап 113 ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді, оның ішінде партиядан ұсынылған 111 (98%) кандидат жеңіске жетті. Бұл – біздің бағдарламаларымыз бен бастамаларымызға деген халық сенімінің айқын дәлелі», деді М.Оспанов.
«Amanat» партиясы елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамытуға, экономикалық ахуалды арттыруға баса назар аударады. Дәл осы мақсатта форум барысында «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек» жобаларының және Жол картасы аясында жүзеге асып жатқан жетістіктер талқыланды. Мәселен, «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру үшін облыс орталығында жобалық кеңсе ашылып, осы жылдың 5 ақпанынан бастап Жетісу облысының барлық аудан, қалаларында 7 300 адам оқытылды.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңірде 349,3 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, 8 айда 150,2 мың шаршы метр немесе 43% тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4 117 үй беріліп, тұрғын үй кезегі 14%-ға төмендейді. Облыста орталықтандырылған сумен қамту деңгейі – 91,1%. Облыстық деңгейдегі 182 шақырым және 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделіп, Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың 117 шақырымына асфальт төселген.
Ауылдық әкімдер форумның ұйымдастырылуы өздері үшін пайдалы болғанын айтады.
«Халықтың партия мен атқарушы билікке деген сенімі сайлауалды уәделердің орындалуымен тікелей байланысты. Сондықтан оларды уақтылы және сапалы орындау – баршамыздың басты міндетіміз. Шалғайдағы ауыл әкімдерінің жұмысына әртүрлі бағыттар бойынша әдістемелік қолдау қашанда қажет. Бүгінгі жиында өз жұмысымды жүйелі ұйымдастырудың тағы да бір қырын игердім», деді Панфилов ауданына қарасты Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов.
Форум аясында панелдік сессиялар да ұйымдастырылды. Онда ауыл әкімдері «Amanat» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру, партиялық жобаларды ілгерілету, қызметті кәсібилендіруге негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа қағидаттар мен қадамдар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік сатып алуды іске асыру, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдаудың қолжетімді тетіктерін қалыптастыру, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және инвестиция тарту шаралары, қоғамдық-саяси ахуал және бұқарамен жұмыс істеу секілді түрлі бағыттарда арнайы мамандардан дәріс алды.
Жетісу облысы