Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында күзгі тал егу, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Жуырда экологиялық шара аясында өткен сенбілікте әуежай бағытындағы жолдың бойы жаңа көшеттермен толықтырылып, тазартылды. Жалпы 240 гектар жерге боз арша, қарағаш, терек, айлант, жиде, тұт, бадам секілді ағаш көшеттері отырғызылды.
Жалпы, өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін жоспарланған 807 сенбіліктің 20 маусым – 22 қараша аралығында 768-і ұйымдастырылған. Жақында Шардара, Қазығұрт елді мекендерінің санитарлық тазалығының жай-күйіне мониторинг жүргізіліп, стихиялы қоқыс үйінділері анықталған. Оларды тез арада жою мақсатында ауыл әкімдігімен бірлесіп, арнайы техникалар тартылған. Сондай-ақ тазалық жұмыстары Түркістандағы индустриялық аймақта жүргізіліп, мердігер мекемеге, жауапты басқармалар, қала әкімдігіне бекітілген секторлардың 70 гектары аумағы тазаланып, жарықтандырылды. Облыс әкімі аппаратының қызметкерлері анықтаған 170 қоқыс орны ретке келтірілді.
Өңірде күзгі ағаш егу науқаны мен «Жасыл белдеуді» дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалды отырғызылған ағаштарды күтімге алып, «Жасыл белдеуді» ұлғайту мен көгалдандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған республика бойынша елді мекендерде 15 млн көшет егу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары Түркістан облысында 1,1 млн көшет отырғызу жоспарланған. Осыған байланысты «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шара жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, облыстың елді мекендерін көгалдандыруға биыл көктем айларында 491 106 түп көшет егілді. Ал күзде 467,5 мың түп көшет отырғызу көзделсе, оның 438 970 түбі босатылған. Орман шаруашылығы мекемелерімен 2024 жылдың күзі мен 2025 жылдың көктеміне жоспарланған көшеттермен қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік бар. Көшеттерді тарату бағытында жұмыстар жалғасып жатыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес облысымызда күз және көктем мезгілдерінде ағаштар егу дәстүрге айналды. Көшеттер отырғызылатын орынның тереңдігі мен тамырының орналасуы қатаң бақыланады. Ауа райының ерекшелігін ескеріп, ағаштардың жерсіну көрсеткішін арттыруға жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Түркістан қаласының айналасынан жасыл белдеу құруға 30 000 гектар жерге мемлекеттік акт алынып, мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылды. Биылғы күз, 2025 жылдың көктем айларында «Жасыл белдеу» аумағында орман екпелерін отырғызу, толықтыру жұмыстары 17 019 гектар жерде атқарылады. Негізгі басым жұмыстар Түркістан қаласын айнала қоршап тұрған «Жасыл белдеудің» 8 185 гектар аумағында жүргізілмек. Бұл жерге толықтыру жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Оған мекеменің тұқымбағындағы Түркістан қаласы аумағына жерсінген көшеттер пайдаланылады. Сонымен қатар басқармаға қарасты мекемеде 120 гектар жерге заманауи орман тұқымбағын құру жоспарланған. Бүгінде оның 47 гектары тұрақты пайдаланылып отыр. Орман тұқымбағында 21 түрлі ағаш-бұта көшеттері өндіріледі. Атап айтсақ, онда ағаштардың қылқан жапырақтының 5 түрі, жапырақтының 11 түрі, бұта тектес ағаштардың 5 түрі бар. Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуге, қаланы көгалдандыруға бір жылда 2,5 млн түп әртүрлі ағаш-бұта көшеттері мен 150 мың түп бір және көпжылдық гүл көшеттері қажет. Осы орайда, жаңадан құрылып жатқан тұқымбақтың 120 гектар жерін «Жасыл аймақ» КММ-нің теңгеріміне алу үшін Сауран ауданы әкімдігі тарапынан жерді заңдастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта орман тұқымбағының 120 гектар жер көлемі ұлғайып, толық игерілген жағдайда жылына 14,3 млн түп көшет өсіріледі, – дейді басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев.
Сондай-ақ өңірде көшеттердің көнімділігін анықтау барысында 2026-2028 жылдар аралығында аудан, қала әкімдіктерінің сұраныстарына сәйкес, 400 мыңнан астам көшетті толықтыру мақсатында босату жоспарланып отыр.
Түркістан облысы