Әрине, қазір жылыжайда болмаса, далада уылжып тұрған жеміс көрмейсіз. Қар жауып, қазан ұрып, суық соғып көзден ғайып болғалы қашан. Бірақ далада атпен жүрсеңіз, неше түрлі ғажапқа кезігесіз.
Шоқы, қыраттың қойын-қонышында толықсыған қараған-тобылғыны араласаңыз, алдыңыздан аппақ қар оранған тікен бұталардың арасынан қып-қызыл итмұрын жасаурап көрінеді. Тіпті кейде аспаны ашық сәскеде анадайдан күн нұрына шағылысып алыстан қызарақтап, менмұндалайды. Аңғарып көре білгенге, әрине. Қарашада бір боран соққан соң Арқаның тікен бұтасын имитіп, албырап тұрған итмұрынды көрген де, көрмеген де арманда. Бұл күндері олардың жидегін қарға, сауысқандар қорек қылып жүрген шығар.
Сіз ойлаңызшы, тура осы күндері қала мен дала қалтырап тұрғанда Арқада жүректей қызыл итмұрын суық пен қардан семіп қалмай, табиғатын, бәлкім махаббатын әйгілеп тұрғандай. Оның тұла бойынан сонау қар астында қалған көктем мен жаздың исі аңқиды. Батыр туған қазақтың жүрегінің түгі бар деуші еді ғой. Бұл жиделер де солай. Жүректей қып-қызыл, түбі түктеніп кетеді. Жүректің суретін көр де, итмұрынды көр. Қазақ жүрегінің түгі бар деп, сірә, итмұрынға қарап айтса керек деген ой туады. Осы итмұрынды бір қар жауған соң сонау жылдары атам теріп әкеліп, ыстық суға салып, шырынын ішіп жүретін. Бүгінде өмір бойы далада мал баққан әкеміз мол қылып теріп қойып, қыстай сусынын басады. Жарықтық, ақсыратпайды дейді. Қыстыкүні даладан әкеп, ыстық су құйып жібергенде, хош иісі аңқып, үйді алып кететін. Осылайша, қыр қазағы қар түссе де үйінде көктем «жамылып», жаз «шығарып» отырарын, бәлкім басқа нәрселерді қозғап кетсем, оған да итмұрын кінәлі.