Премьер-министр Олжас Бектенов NU, НЗМ және «Назарбаев қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізді. Атқарылған жұмыстар туралы есеп тыңдалып, одан әрі даму жоспарлары қаралды.
NU президенті Вакар Ахмад университет Орталық Азия аймағындағы жетекші жоғары білім беру, зерттеу және инновация мекемелерінің бірі екенін айтты. 2011 жылдан бастап 360-қа жуық ғылыми жоба, 9 мыңнан астам жарияланым, 500-ден астам стартап ұсынылды.
Орта білім беруді дамыту мәселелері жөнінде НЗМ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин сөз сөйледі. Бүгінгі таңда «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында НЗМ қолдауымен 135 өңірлік білім беру ұйымдары қамтылды, 583 маман даярланды, олар кейіннен ауыл мектептерінің директоры болды. Келесі жылы ауылдарда тағы 200 тірек мектепті дамыту жоспарланып отыр.
Қамқоршылық кеңестің төрағасы мен мүшелері күн тәртібін ескере отырып, білім беру сапасын арттыру, әкімшілік және бюджеттік үдерістерді жетілдіру жөніндегі NU мен НЗМ жоспарларына қатысты бірқатар мәселені айтты.
Назарбаев университеті жанындағы технопаркке барған кезде Премьер-министр ЖОО зерттеушілері іске асыратын және ғылыми шешімдерді коммерцияландыруға бағытталған денсаулық сақтау, жасанды интеллект, тау-кен металлургия салаларын дамыту салаларындағы озық ғылыми әзірлемелермен танысты.
Премьер-министрге бүгінгі таңда ауданы 3 мың шаршы метр технопарк аумағында 32 отандық компания, тәжірибелік-эксперименттік цех, цифрлық прототиптеу зертханасы жұмыс істейтіні, арнайы экономикалық аймақ режімінің мүмкіндіктері берілетіні баяндалды. Ғылыми жобалардың басшылары индустриялық серіктестермен бірлесіп өз өнімдерін көрсетті және Премьер-министрдің әзірлемелерді коммерцияландыру мен ілгерілету бойынша бұған дейін қойған міндеттеріне қол жеткізу әрекеттері туралы хабарлады.
Әр жоба технологиялардың дайындық деңгейіне сәйкес TRL шкаласы бойынша 0-ден 9-ға дейінгі баллмен бағаланады.
Оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған отандық Codiplay стартап-жобасы қазіргі уақытта Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Түркия, Әзербайжанды қоса алғанда, 10 елдегі 450-ден астам оқу орындарын қамтиды. Еліміздің мектептерінде технологияны енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл соңына дейін Түркістан облысының 10 білім беру ұйымы Codiplay экожүйесіне қосылып, кейіннен 2025 жылы тағы 60 мекемеге, оның ішінде Ақтөбе және Қарағанды облыстарында кеңейтілетін болады. Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мектептерде Codiplay әзірлемелерін белсенді енгізуді тапсырды.
«Smartview Innovation» ЖШС стартапы пайдалы қазбаларды өндіру тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа технология жұмыс күшін 90%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, қызметкерлердің қауіпсіздік шараларын 80%-ға, аппаратшылардың жұмыс тиімділігін 50%-ға арттырады. Премьер-министрге қазіргі уақытта қанатқақты жоба Түркістан облысында «Central Asia Mining Co»-мен бірге жүзеге асырылып жатқаны, қосымша серіктес іздестірілуде екені айтылды. Стартапты Ресей, Канада, Аустралия және АҚШ сияқты халықаралық нарықтарға кеңейту жоспарланып отыр.
«IHT Central Asia» жобасы медициналық бұйымдарды әзірлеуге және өндіруге маманданған. Қазақ-испан кәсіпорны биыл 4 мыңнан астам өнім түрін шығарды, олардың ішінде миокард инфарктісі мен жүректің ишемиялық ауруын емдеу кезінде көмектесетін коронарлық стенттер мен катетерлер бар. Компания технопаркпен бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер орталығын ашу, отандық тігін материалын өндіру фабрикасын іске қосу және «СК-Фармациямен» ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорын өз өнімдерін Қырғызстанға экспорттайды, одан бөлек 7 елге шығуды жоспарлап отыр. Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне отандық өндірушілерге жәрдемдесу үшін «СК-Фармация» және Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығымен жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар Өнеркәсіп министрлігінің алдына отандық тауар өндірушілерді экспорттық қолдау шараларымен қамтуды кеңейту міндеті қойылды.
Премьер-министрге тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды оңалту үшін экзоқаңқалар өндірісін іске қосу, клиникаға дейінгі кезеңде донорлық органды ұзақ мерзімді тасымалдау жүйесін, қатерлі ісікке қарсы жаңа препаратты әзірлеу бойынша жобалар таныстырылды.
Трансплантология саласындағы жоба бойынша О.Бектенов ел тұрғындары арасында өсіп келе жатқан қажеттілікті ескере отырып, қазіргі заманғы медицинаның барлық талаптарына сай болған жағдайда сертификат алу рәсімін жеделдетуді тапсырды. «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя әзірлеудің бірегейлігі оқшауланған органды 24 сағаттан астам уақыт бойы сақтап қана қоймай, оның жай-күйін емдеуді, бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігінде, атап айтқанда, дәрігерлерге ультрадыбыстық, тамырішілік зерттеулер сияқты рәсімдер қолжетімді болатынына тоқталды.
Су ресурстарын басқаруда жасанды интеллектіні пайдалану, металдарды терең өңдеу саласындағы бірқатар жоба бойынша бүгінгі таңда индустриялық серіктестерді анықтау үшін келіссөз жүргізілуде, өндірістерді дамыту бойынша егжей-тегжейлі жоспарлар әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар Премьер-министрге ақпараттық технологиялар, медицина, роботтехника, жасанды интеллект, энергетика, білім беру салаларындағы коммерциялық әлеуеті бар 10 жаңа әзірлеме таныстырылды.
О.Бектенов Үкіметтің экономиканы дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған озық жобаларды қолдайтынын атап өтті. ЖОО басшылығы мен мүдделі мемлекеттік органдар басшыларының алдына ғылым мен өндірісті интеграциялау, өткізу мен экспортқа бағыттау бойынша міндеттер қойылды.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында университеттердің экономиканың нақты секторымен байланысын күшейту қажеттігін атап өтті. Біз танысқан ғылыми әзірлемелердің табысты бизнес-жобаларға айналу перспективалары зор. Біз үшін инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үндестіру маңызды. Біз ғылыми зерттеу жобаларын ынталандыру үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, олардың коммерциялануына ықпал етуіміз керек. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға және жоғары технологиялық салалардың дамуына серпін береді», деп атап өтті О.Бектенов.