Еуропалық комиссияның (ЕК) жаңа құрамы өткен жексенбіде өз міндеттерін орындауға кірісті. Одақ басшысы Урсула фон дер Ляйен екінші мерзімге қайта сайланды. «Біз Еуропаны күшті, қауіпсіз және әділ ету жолында жеті өршіл саяси басымдықты негізге ала отырып жұмыс істейміз», делінген Еуроодақтың Х әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасындағы хабарламада.
Жаңа құрамда кімдер бар?
Страсбург Урсула фон дер Ляйен ұсынған барлық кандидатты мақұлдады. Еурокомиссияның жаңа құрамы бес жылға сайланды. Дауыс беру өткен сәрсенбіде өтті, депутаттар жаңа құрамды 370 дауыспен қолдап, 282-сі қарсы дауыс берді. 36 адам қалыс қалды.
Тізімде барлығы 26 еурокомиссар бар. Эстонияның бұрынғы премьер-министрі Кая Каллас тізімде бөлек көрсетілген. Ол ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі болады. Бұл қызметті бұған дейін Джозеп Боррел атқарған. Оның ЕО елдері мен үкіметтерінің басшысы ретіндегі кандидатурасы шілде айында қолдау тапты. Каллас – Украинаның Еуропалық одақтағы ең берік одақтастарының бірі, Ресей Федерациясына қатысты қатаң саясаттың жақтаушысы.
Ал еуропалық консерваторлар мен реформаторлар (ECR) тобының италиялық оңшыл саясаткері Раффаэле Фитто ЕК-ның вице-президенті болып сайланды. Ол – ЕО атқарушы органындағы негізгі лауазымдардың біріне ие болған алғашқы оңшыл саясаткер. DW (неміс толқыны) жазуынша, ол сондай-ақ өңірлік қаржыландыру және реформалар жөніндегі еурокомиссар, яғни еуропалық өңірлерді дамытуға арналған миллиардтаған соманы тиісті аймақтарға бөліп отырады. «Бұл тағайындау Урсула фон дер Ляйеннің ең маңызды шешімдерінің бірі болды», дейді DW сарапшылары.
ЕО-ның климат және бәсекелестік жөніндегі комиссары болып испандық Терес Рибера сайланды. Оның тағайындалуы Еурокомиссияның жаңа құрамын қалыптастыру үдерісінде тағы бір даулы мәселе болды. Өйткені Испанияның экологиялық өзгерістер және демографиялық мәселелер министрі болған Рибера Валенсиядағы апатты су тасқыны кезінде сынға ұшыраған еді.
Франция болса, жаңа өкіл жіберді. Бұл елдің жаңа құрамдағы өкілі Стефан Сежурне өнеркәсіптік саясат жөніндегі комиссар болып бекітілді. Бұл қызметті бұған дейін Тьерри Бретон атқарған. Бұрын Францияның Сыртқы істер министрлігін басқарған Сежурне – қазіргі президент Эммануэль Макронның сенімді өкілі.
Сондай-ақ бұған дейін хабарланғандай, Франция Бретон мен фон дер Ляйен арасындағы келіспеушілікке байланысты Еурокомиссияға жаңа саясаткер жіберді. ЕО-ның Қорғаныс комиссары литвалық Андрюс Кубилюс болды. Ол алғашқы 100 күн ішінде Кая Калласпен бірге қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі стратегиялық құжатты ұсынбақ және осы салаға инвестиция көлемін едәуір арттыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Аустрия өкілі Магнус Бруннер ішкі істер және көші-қон комиссары болып сайланды, ал фин Хенна Вирккунен цифрлық комиссар болды. Мажарстан саясаткері Оливер Вархейи денсаулық сақтау және жануарлардың әл-ауқаты жөніндегі комиссар лауазымына ие болды. Ол премьер-министр Виктор Орбанның жақын адамдарының бірі, бұған дейін ЕК-да тату көршілік пен кеңейту мәселелеріне жауапты болған еді. Словенияның өкілі Марта Кос Еуроодақтың кеңейту жөніндегі комиссарлығына тағайындалды, ол Украинаны саяси, экономикалық және қаржылай қолдауды, оның ЕО-ға кіруіне ықпал етуді басты басымдық деп көрсеткен.
«Менің мақсатым Киевке қатысты реформалармен жұмыс істеп, қалпына келтіру жұмыстарын атқара отырып, Одаққа кіру туралы келіссөздер қарқынын бәсеңдетпеу. Сондай-ақ G7 елдерімен, басқа серіктестермен ынтымақтастықта қызмет атқарғым келеді», деді Марта Кос Еуропарламентте өз кандидатурасын ұсынып.
Әйелдердің үлесі – 40 пайыз
Ал ЕО-ның атқарушы билігінің басшысы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, комиссияның басты мақсаты «тоқырау экономикасын жандандыруға», бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, бюрократиялық әрекеттерді азайтуға, инвестиция тартуға және АҚШ, Қытаймен арадағы инновациялық алшақтықты азайтуға бағытталғанын айтты. Бұған қоса Украинаны қолдау, қорғаныс, көші-қонды басқару, Одақтың кеңеюі, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, бюджеттік реформа және заңның үстемдігін қорғау оның командасының басты басымдықтарының бірі болмақ.
«Біздің бостандық үшін күресіміз қауіпсіздігіміз бен өркендеуімізге ауқымды инвестиция құюды білдіреді. Ең бастысы, құндылықтарымызды бірлік пен адалдықта сақтауымыз қажет», деді Урсула фон дер Ляйен.
Негізі Урсула фон дер Ляйен алдағы бесжылдық мерзімге ЕК құрамы бойынша өз ұсыныстарын қыркүйек айында ұсынды. Еурокомиссияның жаңа құрамында әйелдердің үлесі 40 пайызды құрайды. Бұл – Еуроодақ басшысының талабы. Алты вице-төраға лауазымының төртеуіне әйелдер тағайындалды. Осы құрамның басты міндеті – экономикалық құлдырау аясында Еуропаның бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу, оның бірлігін нығайту және халықаралық аренадағы рөлін күшейту. ЕО басшысының айтуынша, Еурокомиссия технологиялық егемендікке қол жеткізу және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмыс істейді. Еуропарламент 4 қарашадан бастап бейіндік комитеттерде арнайы тыңдауларда еурокомиссарлардың кандидатураларын талқылап, кандидаттардың ұсынылған лауазымдарға сәйкес келетінін анықтады. Мұнда ЕК басшысы ұсынған кандидаттардың барлығы да мақұлданған.
Қайта сайланған басшы
Еуропалық Парламенттің мүшелері Еурокомиссияның қазіргі төрағасы Урсула фон дер Ляйенді осы лауазымға екінші мәрте бекітті. Ол 2029 жылға дейін сайланды. Жасырын дауыс беру нәтижесінде фон дер Ляйен 401 дауыс жинаған, 284 еуродепутат қарсы болып, 15 адам қалыс қалған. Жеті бюллетень бос шыққан. Негізі ЕК басшысын сайлауға 361 дауыс жинау жеткілікті. Қазір Парламент құрамында 720 адам бар. Дауыс беру фон дер Ляйеннің баяндамасынан кейін өткізілген. Фон дер Ляйен ЕО-ны 2019 жылдан бастап басқарып келеді, осы лауазымға тағайындалған алғашқы әйел басшы.
Урсула фон дер Ляйен 2003 жылдан бастап төменгі Саксония Парламентінде әлеуметтік қамсыздандыру, әйелдер, отбасы және денсаулық сақтау министрі болды. 2005 жылы ГФР канцлері Ангела Меркельдің Министрлер кабинетіне тағайындалды. Отбасы, зейнеткерлер, әйелдер және жастар министрі болды. 2009 жылдан 2013 жылға дейін ол Еңбек және қоғамдық істер министрі қызметін атқарды. 2013 жылдан 2019 жылға дейін ГФР Қорғаныс министрлігінің басшысы, 2010 жылдан 2019 жылға дейін ХДС көшбасшысының орынбасары болды. 2022 жылы Украинадағы қақтығыс басталғаннан кейін фон дер Ляйен Киевке қолдау білдірді. 2022 және 2023 жылдары «Forbes» журналы оны «әлемдегі ең ықпалды әйел» деп атады.