Атырауда балалардың терезеден құлау дерегі азаймай тұр. Мұнайлы шаһарда биылғы қыркүйекке дейін 9 бала көпқабатты үйдің жоғары қабатынан құлағаны тіркелген. Оның ішінде екеуі көз жұмған.
Бұл – алаңдатарлық жайт. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, кейінгі екі жылда 1–6 жас аралығындағы балалардың терезеден құлауы жиілеген. Балалардың өміріне қауіп қөпқабатты тұрғын үйлердің ашық қалған терезесінен төніп тұр.
«Адам өмірінің жалғасы – жас ұрпақ. Алайда балалардың қауіпсіздігіне жете мән бермейтін болдық. Мәселен, былтыр Атырау қаласында тұрғын үйлердің ашық тұрған терезесінен 8 бала құлады. Түрлі жарақат салдарынан 3 бала көз жұмды. Ал биыл жыл басынан бері осындай 9 дерек тіркелді. Екі ата-ана баласынан айырылды. Мұның басты себебі – балалардың ашық терезе алдында қараусыз қалуы. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кейінгі жеті жылда осындай оқиғалардың саны артқан. Баланың өлімі – үлкен қасірет. Мұндай қайғылы жағдайға алдымен әр отбасы, әр ата-ана жауап береді. Бірақ бұл отбасылардың ғана міндеті деп қарамау қажет. Жазатайым оқиғаны болдырмаудың жолын көп болып қамдауымыз, табуымыз керек», дейді Ш.Кейкин.
Шаһар әкімінің пікірінше, пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) төрағалары тұрғындарды терезе қоршаулары мен бекіткіш (фиксатор) үлгілерімен таныстырып, қауіпсіздік туралы ақпарат беріп отыруы керек. Көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс есігіне ескерту қағазы ілінуге тиіс.
Қараусыз, бақылаусыз қалған жасөспірімдер түнімен көше кезеді. Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жыл басынан бері 7 207 жасөспірімнің әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталып отыр. Олардың бәрі полицияға жеткізілген.
«Кәмелетке толмағандардың құқы мен бостандығын қамтамасыз ету, балаларды зорлық-зомбылықтан, қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау – мемлекеттің басты әлеуметтік міндеті. Кәмелетке толмағандардың құқын қорғау жөніндегі комиссияға 175 құжат жолданды. Комиссия шешімімен бір ата-ананың құқы шектелді. Тағы екеуін ата-ана құқынан айыруға шешім шығарылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Балаларының тәрбиесіне салғырттық танытып, ата-аналық міндетін орындамаған тұлғаларға 880 әкімшілік хаттама толтырылған. Жыл басынан бері арнайы есепке 79 жайсыз отбасы алынған.
Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Өсер Жәңгірханның мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері мопед жүргізушілер кесірінен 148 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Жол апатының салдарынан 70 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. 6 адам қаза тапты. Мопед жүргізуші 1 587-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арнаулы айып тұрағына 429 электрлі көлік құралы қойылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ардақ Өтеновтің айтуынша, су айдындарының аумағында шомылуға тыйым салынған 70 қауіпті учаске бар. Аталған орындарда ескерту мақсатында 266 тыйым салу белгісі мен 12 ақпараттық стенд орнатылды.
«Алайда тұрғындар мұндай ескертулерді елемейді. Салдарынан жыл басынан бері 13 адам суайдынына батып кетті. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 8 жасөспірім болғаны анықталды. Ал судағы қауіпсіздік ережесін бұзғандарға 3,5 млн теңге айыппұл салынды», дейді А.Өтенов.
Ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыратынына дерек көп. Мәселен, шілде айында өкінішке ұрындырған бірнеше дерек тіркелді. Алдымен 4 шілдеде мұнайлы шаһардағы «Жеңіс» саябағында дұрыс бекітілмеген бюст жасөспірімді басып қалды. Ал 14 шілдеде «Мұнайшы» стадионындағы бассейнде қыз бала суға батып кетті. Бұдан соң 26 шілдеде субұрқаққа құлаған тағы бір кішкентай қыз көз жұмды.
Ертесіне Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылында жасөспірім мотоциклмен түйеге соқтығысып, алған жарақатынан жантәсілім етті. Келесі күні 15 жастағы оқушы көпқабатты үйдің терезесінен секіріп, өзіне қол жұмсады.
«Біз әр істі ерекше бақылауға алдық. Қайғылы оқиғаларға себеп болған тұлғалар жауапқа тартылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мұндай фактілердің алдын алу үшін барлық жағдай жасалады», деді облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов.
Кәмелетке толмаған балаларды ата-анасы ғана емес, балабақша қызметкерлері де қараусыз қалдырады. Биыл шілдеде төрт жасар бала «Чебурашка» балабақшасының кәріз құдығына құлап, мерт болған еді. Осы оқиғаға байланысты балабақша директоры мен тәрбиешісі үйқамаққа алынды.
Атырау облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аталған оқиғаға кінәлілерге қатысты қозғалған қылмыстық іс қаралды. Айыпталушылар С. мен Д.-ға Қылмыстық кодекстің 141-бабының 2-бөлігімен айып тағылған.
«Сотталушы С. 2023 жылы 21 мамырда рұқсат құжаттарын алып, өз атына «Д» жеке кәсіпкерлігін тіркеген. Содан кейін «Чебурашка» квазимемлекеттік балабақшасын ашу мақсатында сол жылғы 26 мамырда Атырау қаласынан екіқабатты ғимаратты жалға алған. Ал 2023 жылы 7 шілдеде балабақша директоры С.-ның бұйрығымен Д. топ тәрбиешісі қызметіне жұмысқа алынған. Функционалдық міндеттері бойынша олар балабақшадағы балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты болған. 2023 жылы 1 қарашада 2020 жылы туған М. сотталушы Д.-ның тобына қабылданған. Биылғы 10 шілдеде сағат 10:45 шамасында С. мен Д. өздерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамай, М.-ны қараусыз қалдырған. Нәтижесінде, М. кәріз құдығына құлап, қазаға ұшыраған», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Осы іске байланысты прокурор сотталушыларға педагогикалық лауазымдарды, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқынан 3 жылға айыру, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Кінәларын мойындаған сотталушылар мен олардың қорғаушылары бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұрады. Сотталушылардың кінәлары оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, фотокестелермен, куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен, басқа да іс материалдарымен дәлелденген.
Сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде мынадай жайттарды ескерді. С.-ның кінәсін мойындауына, отбасылық, денсаулық жағдайына назар аударды. Сондай-ақ Д. да кінәсін мойындаған, оның да асырауында кәмелетке толмаған балалары бар.
Сотталушылар айып тағылған баппен кінәлі деп танылды. Оларға педагогикалық, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқынан 3 жылға, бас бостандығынан 2 жыл 6 ай мерзімге айыру жазасы кесілді. «Қылмыстық кодектің 63-бабы қолданылып, жаза шартты түрде тағайындалды. Белгіленген жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді», деп мәлімдеді сот әкімшілігі.
Атырау облысы