Панфилов ауданында ұзындығы 32 шақырым болатын «Жаркент – Қорғас» автомобиль жолының негізгі учаскесі салтанатты түрде ашылды. Бұл бағытта «Нұр жолы» кеден бекетіне, «Қорғас» ХШЫО-ға, Алтынкөл стансасына, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ға баратын автокөліктер қатынайды.
Қорғас қақпасына баратын жолдың даңғыл болғаны еліміз үшін ерекше маңызды. Себебі екі ел арасында сауда-саттық жасайтын ағайын демалыс сайын Қытай шекарасын күзетеді. Сондықтан автомобиль жолы қай кезде де елдің инфрақұрылымының маңызды бөлігі. Мұндай негізгі артериялар жергілікті тұрғындардың ғана емес, көптеген туристің де кедергісіз қозғалысына ықпал етіп, сонымен қатар экономиканың дамуына, басқа аймақтармен байланысты нығайтуға оң әсерін тигізеді. Бұл ретте шекаралас Панфилов ауданы да осы игі үрдістен тыс қалған жоқ.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ұзындығы 32 км болатын «Жаркент – Қорғас» жолы учаскесі Панфилов ауданының Қырыққұдық, Ақкент, Ават, Атамекен ауылдары арқылы өтеді. Бұл жол өткен ғасырдың 60–70-жылдарында салынғандықтан, кейінгі жылдары көлік жүргізушілер мен жергілікті тұрғындарға біршама жайсыздық туғызған еді. Бұл ретте тұрғындар жөндеу жұмыстарының басталғанын қуана құп алып, құрылысшыларға барынша қолдау көрсетті. Құрылыс жұмыстары осы жылдың шілде айында басталып, белгіленген мердігер ұйымның жол жөндеушілері Жетісу облысы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының тапсырысымен жұмыстарды бес айдың ішінде аяқтады.
«Өңірдің инфрақұрылымын дамыту, жолдардың сапасын көтеру мақсатында биыл Қорғас ауылынан Жаркент қаласына апаратын ескі жолға орташа жөндеу жүргіздік. Жоба аясында жаңа екіқабатты асфальт төсеу есебінен жол төсемінің сапасы жақсарды. Жол бойындағы елді мекендерде тротуар төселді, жарықтандыру, жаңа жол белгілері мен ақпараттық панельдер орнатылды, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін белгілер қойылды», дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев.
Жолдың ашылу рәсіміне қатысқан ауыл тұрғындары алғысын білдірді. Үлкеншыған ауылдық округі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Тойлыбай Домбағұлов «Жаркент – Қорғас» жолының ұзына бойына тротуарлар, жаяу жүргіншілер өткелдері, жарықтандыру жасалғаны ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай туғызғанын атап өтті. Оның айтуынша, жол сапасын күн сайын көлігімен әрлі-берлі сапарлайтын Жаркент жүргізушілері де оң бағалап отыр.
Жалпы, облыс аумағында республикалық маңызы бар автожолдарды қайта жаңғыртуға бағытталған ірі жобалар іске асырылып жатыр. Республикалық маңызы бар «Үшарал – Достық» жолы пайдалануға берілді. Жуырда «Талдықорған – Үшарал» автожолын қайта жаңарту аяқталады, ондағы жұмыстар 98%-ға орындалды, нысанды толық аяқтау 2024 жылдың соңына жоспарланған. Сондай-ақ республикалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал», «Айдарлы – Көктал» автожолдарында жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуға 24,9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 29 жоба іске асырылады, оның аясында 193,4 км жол жөнделеді. Осылайша, 2024 жылдың соңына қарай жақсы, қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесін 94%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Жетісу облысы