Ұлт өнерінің алтын ұясы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының құрылғанына биыл 60 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай «Almaty Theatre» сахнасында мектептің рухани әлеуетін, дарынды балалардың шеберлігін көрсеткен концерт ұйымдастырылып, салтанатты жиынға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, белгілі өнер қайраткерлері мен мәдениет саласының майталмандары, дарынды балалар мектебінің әр жылғы түлектері қатысты.
Ұлттың біртуар перзенті Ахмет Жұбанов еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүріп, қарапайым қазақ отбасыларында өнерге құштар, бірақ үйренуге мүмкіндігі жоқ жас таланттарды жиі кездестіреді. Дәл осы сәтте өнер жанашырына музыкалық мектеп ашу туралы ой келеді. Алматы қаласында республикалық қазақ музыкалық мектеп-интернатын ашу туралы Министрлер Кеңесінің 1964 жылғы №495 бұйрығы шығып, мектеп өз жұмысын бастайды. Осы жылы маусым айында мектеп директоры қызметіне Түркістан Мақсұтұлы Өзбеков тағайындалады.
Ұлы мақсат жолындағы алғашқы қадамдар, үлкен жетістіктерге жол ашқан ұлағатты ұстаздар музыкалық мектептің өз дәстүрін қалыптастырды. Мектеп есігін ашқаннан бастап жұмысқа кіріскен ұстаздар ауыл балаларына музыка аспаптарының қыр-сырын үйретіп, игі істер мен идеялардың, жаңа бастамалардың негізін салды. Қазіргі таңда сол аға буын өкілдерінің ерен еңбегі мен маңдай тері ақталды.
Қазақ өнерінің іргелі ордасы саналатын тағылымы мол тарихи білім ордасының мерейтойымен құттықтап келген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған жылы лебізін жеткізді. «Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған қазақ музыкалық мектеп-интернатының құрылғанына 60 жыл толуымен құттықтаймын. Халқымыздың ұлы перзенті А.Жұбановтың бастамасымен ашылған білім ордасы бүгінде дарынды балаларды тәрбиелеудің өзіндік дәстүрін қалыптастырған іргелі оқу орнына айналды. Киелі шаңырақтың ұлағатты ұстаздары ұлт руханиятын өркендетуде өлшеусіз үлес қосып келеді. Мектеп ұжымы талантты жастарды өнерге баулып, ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытуға зор еңбек сіңірді. Интернат түлектері Қазақстанда ғана емес, шетелдерде, әйгілі сахналарда өнер көрсетіп, төл мәдениетімізді дәріптеуге белсенді атсалысып жүр. Түрлі байқауда топ жарып, халқымыздың мерейін асырған шәкірттеріңізді бүкіл еліміз мақтан тұтады. Сіздерге қазақтың музыка өнерін дамыту жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін», деген Президент құттықтау хатында.
Мемлекет басшысының құттықтауына сабақтастыра министрлік тарапынан жасалып жатқан нақты қолдау мен қамқорлықты атап өткен Аида Балаева өз ойын былай жалғады: «Ахмет Жұбанов атындағы мектеп – ұлт өнерінің ұстаханасы. 60 жыл бойы білім ордасы ұлттық және әлемдік музыка өнерінің майталмандарын тәрбиелеп, ұлтымыздың рухани мұрасын байытып келеді. Мектеп түлектері еліміздің абыройын халықаралық деңгейде асқақтатып, өнер саласында биік белестерді бағындырып жүр. Бұл – А.Жұбановтың қазақ балаларын әлем сахналарында көрсем деген ұлы арманын, бізге артқан асқақ аманатының орындалғанының бір көрінісі деп білемін. Осындай нәтижеге жетуде ең алдымен ұстаздардың еңбегін ерекше атап өткім келеді», деп шәкірттеріне өнер әлемінде өзіндік жол табуына зор үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздарды Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Марапатталғандар қатарында Гүлжан Сенбиева, Бағдат Жүнісов, Гауһар Бейсембаева, Гүлжамилә Мұхаметжанова, Гүльнарям Рысдәулетова, Ирина Бардашова, Майра Мендіғалиева, Әсел Ташимова, Мәдина Шегірова, Жәния Акбарова, Дәурен Сембаев, Гүлназ Булаева, Динара Асқарова, Айжан Оспанова секілді музыкалық мектептің фортепиано, ішекті аспаптар, үрмелі аспаптар, халық аспаптары, музыка теориясынан білім беретін ұстаздар бар.
Министр кейінгі жылдары педагогтердің қажырлы еңбегінің арқасында 200-ден аса оқушының республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты мен дипломанттары атанғанын атап өтті. Мерейтойға орай мектептің бірқатар педагогі мемлекеттік наградалармен марапатталғанын, сондай-ақ биыл министрліктің қолдауымен мектептің материалдық-техникалық базасының жаңартылғанын да қуанышпен хабарлады. Аида Ғалымқызы алдағы уақытта да мектептің өркендеуіне мемлекет тарапынан қолдаудың жалғаса беретініне сендірді.
Концерттік бағдарламада мектептің халық аспаптар оркестрі, үрмелі және ұрмалы аспаптар оркестрі, камералық оркестр, қобызшылар ансамблі орындаған К.Әзірбаевтың «Көкшолақ», Құрманғазының «Сарыарқа», А.Жұбановтың «Тәжік биі», Н.Тілендиевтің «Махамбет», А.Бестібаевтың «Азия дауысы», Дәулеткерейдің «Көрұғлы», А.Жұбановтың «Қарлығаш» шығармалары өнерсүйер қауымды сүйсінтті.
АЛМАТЫ