Ертіс-Баян өңірінде мал соятын және өлекселерді көметін орындарға қатысты мәселе туындап отыр. Кейбір ауыл тұрғындарына жалғыз қойын сойса да, 50-60 шақырым жерге сандалуға тура келеді. Ал мал қорымдарының жоқтығынан кейбір ауданда бруцеллез ауруы өршіп кеткен.
Қасапхана мәселесі, әсіресе, соғым кезінде қиынға айналып тұр. Қара күз бен желтоқсан айының басында ауыл-аймақтарда жұрт жаппай күздік пен қысқы соғымдарын жығады. Мұның сыртында қаладағы туыстарына жіберу, бала-шағаның нәпақасы үшін малды етке тапсыру бар. Мал сою алаңдарын құру жобасы жүзеге аса бастағалы теріскейдің халқы ақ-адал малының тірідей есебінен ұтылып отыр. Себебі етке өткізейін десе, жақын жерде қасапхана жоқ. Амалсыздан ветеринар іздеп, қасапханаға дейін №1 формадағы анықтама (ілеспе құжат) алуың керек. Одан соң әлгі анықтамамен мал сою пунктін іздеп сабыласың. Күзгі уақытта ол жерде кезек қалыптасып қалуы да ғажап емес.
«Түлігіміз талай жылғы еңбегімізді ақтамады, пайдасын көре алмай отырмыз. Тіпті қаладағы туысқандарымызға ет жіберуден қалдық. Апарар болсақ, аңдып жүрген жол полициясы айыппұл арқалатып жібереді», деп қынжылады ауыл жұрты.
Түсініктірек болуы үшін атап өтейік, Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі «Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» № 7-1/370 бұйрығында былай деп көрсетілген: «Сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) жануарларды сойған кезде ветеринарлық дәрігер союға түскен ауыл шаруашылығы жануарларына (немесе жеке жануарға) ілеспе ветеринарлық құжаттың (ветеринарлық анықтама немесе ветеринарлық сертификат) болуын және ауыл шаруашылығы жануарларын (немесе жеке жануарды) ілеспе ветеринарлық құжатқа сәйкестігін тексереді. Ветеринарлық қағидаларға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын сою алдында ветеринарлық қарап-тексеруді, ұшалар мен ішкі ағзаларды союдан кейін қарап-тексеруді, ұшаларды таңбалауды жүргізеді».
Осы бір құжат машақатынан қашқан теріскейдің адамдары күзде малдарын тірідей сатып жіберуге әрекеттенеді. Себебі түлікті тасып, қайта-қайта анықтама алып жүгірмейсің. Алайда тірідей тапсыру – етін бөлшектеп өткізу емес. Бағасы арзан әрі ол көз шамасымен өлшенетін берекесіз сауда. Мал өсірумен ғана күнелткен момын фермерлер амалсыздан алыпсатарлардың жеміне айналады.
– Өзім мал бордақылаумен, ет бизнесімен айналысамын. Дей тұрғанмен, мені ең әуелі ауыл жұртының жағдайы ойлантады. Туған ауылыма жиі ат ізін салып, мал етін шаһарға жеткізе алмай отырған азаматтарға көмектесемін. Ауылдардың көбінде арнайы мал сою алаңының жоқтығы қосымша шығынға ұшыратып отыр. Бір барғанда шағын жүк көлігімен аудан орталығына 4-5 ірі қара апарып сою қажет болады. Оны жеткізуге шамамен 50 мың теңге шығындаламын. Сондықтан пайдасынан гөрі, шығыны басым болып тұр. Жергілікті аудан әкімдігі, жауапты мекемелер бұл мәселеге бас ауыртпайтындай көрінеді. Қаншама халық тұратын Аққулы ауданының өз басында, Қорт, Майқарағай ауылдарында, берісі Шарбақты ауданының Шалдай, Галкин, Баймолдин елді мекендерінде әлгіндей алаңдар жоқтың қасы. Халық жалғыз қойын сою үшін 50-60 шақырым жерге тасымайтыны анық. Сөйтіп елде құжатсыз ет тапсыру басталады. Мұның соңы «бармақ басты, көз қысты» әрекетке ұласады. Арасында ауру мал кетіп қалса, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Павлодар облысы бойынша елді мекендердің шамамен 60-70 пайызында мал сою алаңдары жоқ екенін сенімді түрде айта аламын. Мемлекет мал сою алаңдарын құруда кәсіпкерлерді ынталандыра алмай отырған тәрізді. Себебі нұсқаулыққа оның сойылатын малды жеткізетін көлігі, түліктен алдын ала сынама алатын ветеринар (ветеринардың еңбегін мемлекет төлейді) болуы керек. Жергілікті ветеринар маман алаңды бақылап, анықтамамен қамтамасыз етуі тиіс. Кейбір жерлерде ол мамандардың өзі жеткіліксіз. Негізі мал сою кәсібі табыссыз емес, ебін тапса мол пайда келтіруге болады. Тек жүйесі жолға қойылмаған. Есесіне ауылдағылар зиян шегіп отыр, – дейді кәсіпкер Мұрат Иманғазинов.
Қасапханасы бар ауылдарда мал союдың бағасы әртүрлі. Мал сою алаңын жалдағаны үшін тұрғын түліктің тұрқына байланысты (қой, қара мал, жылқы) 1,5 мың теңгеден 8 мың теңгеге дейін төлейді. Мұның сыртында терісін сыпырып, етін бөлшектеп беретін қасапшының еңбегі бар. Сайып келгенде ірі малға орташа есеппен 15-20 мың теңге шығынданады.
Шарбақты ауданы Шегірен ауылында мал соятын алаң ұстап отырған Нұржан Азаматовтың айтуынша, тұрғындар көбіне өз қасапшысымен келеді екен. Алаң иесі сиыр сойылса – 3 мың, жылқыға – 4 мың, қойға 1,5 мың теңге алады. Кәсіпкер санитарлық, ветеринарлық мекемелер тарапынан тексерістің көп бола қоймайтынын жеткізді. Ал тұрғындар түлігін көбіне тірідей салмақта сатып жібергенді құп көретінін жасырмады.
Өңірдің оңтүстік қиырында орналасқан Баянауыл ауданының халқы да осындай мәселеге кезігіп отыр. Жұмат Шанин ауылының тұрғыны, мал өсірумен айналысатын Нұрдәулет Айтбаев жұртта мал баршылық, алайда союға келгенде қиналып қаламыз деп ағынан жарылды. «Мал соятын алаңға бөлінген жер бар, бірақ бұл бизнесті алғысы келетін адам жоқ. Естуімізше ондай нысандарға тексеріс көп болады екен. Сыртқа ет жібергіміз келсе, аудан орталығынан немесе Торайғыр ауылынан анықтама алғызамыз. Жергілікті ветеринар сойылатын малдың ауру емес екеніне көз жеткізіп, штамп қойып береді. Ал сенбі-жексенбі күндері туысқандарымыз соғым әкететін болса, шаруашылық атынан түсініктеме жазып жібере береміз», дейді ол.
Жалпы, Павлодар облысының аумағында мал союды жүзеге асыратын 62 нысан бар. Оның 8-і ет және құс етін өңдейтін кәсіпорындарға тиесілі болса, сою бекеттерінің саны – 5, сою алаңдары саны небәрі 49 бірлік. Өңірде 350-ден аса ауыл, 120-ға жуық ауылдық округ бар екенін ескерсек, сою алаңдары олардың жартысын да қамти алмай отырғанын түсінуге болады.
– Ауылдық округтердің санына шақсақ, сою алаңдары Ертіс, Май аудандарында, Павлодар қаласында, сондай-ақ Тереңкөл және Аққулы аудандарында аз. Жалпы мал етін дайындау (сою) нысандары бойынша нормалар жоқ. Әрі бұл нысандарды бюджеттен қаржыландыру көзделмеген. Өйткені қызметтің бұл түрі ветеринар саласындағы кәсіпкерлік қызметке жатады әрі оны осы саладағы заңнамаға сәйкес жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыруына құқылы. Былтыр мал сою нысандарында 25 908 ірі қара, 8 132 ұсақ мал, 6 141 жылқы, 172 538 құс, 154 007 шошқа сойылған. Үй жануарларын сою туралы деректер ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қорының ақпаратық жүйесінде тіркеледі, сонымен қатар ай сайын Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне жіберіледі, – дейді облыстық Ветеринар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылтас Тілеубаев.
Өңірде мал қорымдарының жетіспеушілігі де бүгінде үлкен мәселеге айналған. Тұрғындар мұның зардабы сау адамға, төрт түлікке тиеді дейді. Көп жерде мертіккен немесе аурудан көтерем болып өлген малды ой жерлерге лақтыра салады. Күн жылыда ол бұзылып, түрлі аурудың тарауына себеп болады. Бұл проблема әсіресе, Баянауыл ауданында өзекті. Ауылдардың басым бөлігінде мал қорымы жоқ.
– Кейінгі жылдары Баянауыл жерін бруцеллез ауруы меңдеп тұр. Талай жыл баққан ақ-адал малымыз бір-ақ күнде бруцеллез болып шыға келеді. Әдетте етке тапсырғанда 400-500 мың теңге шығаратын қара мал бруцеллезге ұрынса, шұжық өндіретін кәсіпорынға небәрі 60-70 мың теңгеге өткізесің. Сұмдық емес пе? Былтыр бір ғана менің қожалығымнан 8 бас қара мал бруцеллез болып шықты. Жеке аулалардан бестен, оннан шығып жатады. Осының бәрін есептеп көрсек, қыруар шығын. Бруцеллезге қарсы салатын вакцинаға да сенім жоқ, көбіне малдың бойындағы індетті жасырып көрсетеді. Мынау бізбен шекаралас Қарағанды облысындағы бір ірі мал шаруашылығы үш жыл вакцинаны салып келіп, төртінші жылы салмай қойғанда сиырлардың 80 пайызынан бруцеллез анықталған. Яғни осы уақыт ішінде жануарлар бір-біріне жұқтыра берген ғой. Ауылымызда арнайы мал қорымы жоқ. Мал шығынсыз болмайды, мертігіп жататыны көп. Біздің ауылдың өзінен жылына кемі 60-70 мал ысырап болады. Іргемізде, небәрі 500 метр жерде Тақыркөл деп аталатын көл бар. Соның жағасына апарып лақтыра береміз. Ол жер жазда ыбырсып, бақа-шаянның ордасына айналады. Айналасына мал жайылады. Ал сүйек-саяғын қаңғыбас иттер ауылға сүйреп алып келеді. Сиыр күйсегенде сүйек жалайтыны бар. Айналып келгенде түлігімізді ауру қылатын аурудан, көтерем болып өлген малдан бөлінетін түрлі бактериялар, жұқпалы індеттер. Бұл мәселені айтып бармаған жеріміз жоқ. Инсинераторлар (өлекселерді жағатын пештер) әкеліп, жағып жібереміз деген. Өкінішке қарай, ондай мүмкіндікті көрмедік. Аудан әкімдігі де, облыстық ветеринар, ауыл шаруашылығы басқармалары да шеше алмай отыр, – деп мұңын шақты Нұрдәулет Айтбаев.
Статистикалық деректерге сүйенсек, облыста жануарлар өлекселерін жоятын 239 мал қорымы бар, оның 33-і типтік, 206-сы қарапайым шұңқыр. Сонымен қатар барлық ауданда инсинераторлар бар. 22 инсинератордың екеуі ғана жылжымалы.
Асылтас Тілеубаев Ертіс-Баян өңірінде мал қорымдарын салу мәселесі өзекті екенін мойындайды. Жалпы өңір бойынша жаңадан 100-ге жуық мал қорымы қажет.
– Негізі мал қорымдары әрі кетсе 50 жылға жарамды. Ал өлекселерді жағып жіберетін инсинераторлардың шығыны шашетектен, газ, жанар-жағармайды көп тұтынады. Қарапайым есепке жүгінсек, бір инсинератордың құны 20 млн теңге тұрады. Оған қоса, құрылғыны үнемі баптап тұру керек. Бір өлексені жағып жіберуге кемі 100 литр жанар-жағармай жұмсалады. Ал әдеттегі мал қорымын салуға шамамен 30 млн теңге қажет болады. Үнемділік тұрғысынан мал қорымы тиімді болса, экологиялық жағынан жағу аппараттары оңтайлы. Мал қорымдарының екі түрі бар. Біріншісі, типтік және екінші түрі – қарапайым. Алғашқы түрі ветеринарлық-санитарлық ережелерге сай салынса, екінші түрін қарапайым бетонды шұңқыр деп атауға болады. Типтік қорымға жерасты сулары кірмейді. Облыс аумағындағы осы тектес нысандардың көбі 2015 жылы салынған, – дейді ол.
Мал қорымының жетіспеушілігінен өңірдегі эпизоотиялық ахуалдың оңып тұрмағанын байқауға болар. Ресми деректерде 2023 жылдың басынан осы уақытқа дейін 5 902 бас ірі және ұсақ малдан бруцеллез ауруы анықталғаны айтылады. Мәселен, былтыр 604 376 бас ірі қара және 683 588 бас мүйізді ұсақ мал бруцеллез ауруына тексеріліп, жалпы саны 2 863 ірі қарадан және 245 ұсақ малдан індет табылған. Ал биыл жыл басынан 2007 ірі қара мен 126 ұсақ мал бруцеллезді жұқтырған. Өңірдегі барлық ірі қараның 0,4 пайызынан бруцеллез анықталып отыр. Бруцеллез бойынша өңірдегі ахуалды әрі қарай зерделей түссек, аурудың анықталу жағдайы Баянауыл ауданында жиі тіркелгенін көруге болады. Мұнда былтыр – 1535, биыл жыл басынан 1108 ірі қара бруцеллезге шалдыққан. Одан кейін Железин, Ертіс, Тереңкөл, Аққулы аудандары тұр. Өкінішке қарай, өзге аудандардағы барлық ауру малдың санынан Баянауылда тіркелген деректер саны асып түседі.
Өкінішке қарай, Баянауыл ауданынан мұндай күрделі ахуалдың не себепті қалыптасып отырғанын түсіндіріп бере алатын басшы таба алмадық. Жергілікті ветеринар бөлімінің басшысы Наурызбай Дәулетов журналистер десе, ат-тонын ала қашатын жанға ұқсайды.
Аймақтағы мал сою алаңдары мен мал қорымдарының күйі оңбай тұрғаны ветеринар мамандардың жетіспеушілігіне де қатысты болуы мүмкін деп ойлаймыз. Облыстық ветеринарлық стансасының штаттық кестесіне сәйкес, ауылдық округтердің ветеринарлық бекеттерінде 530 маман қызмет атқарып жүрген болса, тағы 536 ветеринар маман қажеттілігі туындап отыр.
Павлодар облысы