Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) сауда желілері мен ірі сауда орындарының азық-түлік сатуға байланысты көрсететін қызметін талдаудың нәтижесін жариялады. Сауда желілерінің өндірушіге міндеттейтін қосымша қызметтерден түскен пайдасы жалпы табысының 70%-ына дейін жетеді. Ал сауда үстемесінен алынатын пайда тек 30%-дан сәл ғана асады.
«Жоқ қызмет» қайдан шыққан?
Отандық өндірушілер тек сауда желілерінде ғана кездесетін қызмет түрін «жоқ қызмет» деп атайды. Өйткені мұндай қызмет басқа сауда форматтарында, мәселен, үй жанындағы шағын дүкенде, базарда, жанармай бекетінде, кафе мен қонақүйде кездеспейді. Неліктен олар «жоқ қызмет» деп аталады? Себебі сауда желілері бұл қызметті көрсетпесе де, өндірушіден ақша алады. «Жоқ қызметтің» ауыртпалығы, яғни көпшіліктің сынына ұшыраған ретробонустар, тауарларды сөреге орналастыру, жарнама көрсету, акция өткізу, сауда желісіне кіруге төленетін бонус және басқа да қызмет өндірушінің мойнына жүктеледі. Сонымен қатар монополияға қарсы орган сауда желілерінің жылына үш рет – тоқсан, жарты жыл және жыл қорытындысында қандай да бір ақпараттық қызметке өндірушілерден сыйақы алатынын анықтады. Азық-түлік секторындағы салалық қауымдастықтар бұл жағдайды бұрыннан айтып, дабыл қағып келеді. Бірақ монополист сауда желілерінің отандық өндірушілер үшін осындай қиын және тәуелді шарттар жасағанын ешкім күткен жоқ еді.
БҚДА жариялаған талдау нәтижелері сауда желілерінің елдегі басым сауда формасы ретінде өз жағдайын пайдаланып, өндірушілерге өнімін сату үшін тиімсіз шарттарды қалай мәжбүрлейтінін көрсетті. Агенттік есебіне сәйкес, отандық азық-түлік ритейлі кез келген заңбұзушылыққа және теріс пайдалануға еркін қол жеткізіп отыр. Ал сауда желілерінің мүддесі отандық өндіруші мен тұтынушының құқығынан ғана емес, тіпті ұлттық экономиканың мүддесінен де жоғары қойылады.
Есеп еліміздің барлық өңірінің 125-тен астам ірі ішкі сауда субъектілерінде 2021–2022 жылдар кезеңіндегі азық-түлік ритейлінің жұмысын қамтыды. Онда ұзақ уақыттан бері ритейл нарығында сауда желілері мен өнім жеткізушілер арасындағы қарым-қатынастарда проблемалар бар екені көрсетілген. Бұл мәселе сауда желілерінің өндіруші мен жеткізушінің құқығын шектейтін шарттарды таңуымен байланысты.
Ірі сауда желілері «жоқ қызмет» арқылы шамамен 70% кіріс, ал сауда үстемесінен тек 30%-дан астамын табатыны анықталды. Нарық қатысушыларының айтуынша, бұл жерде экономика туралы емес, өндірушіден қаражатты мәжбүрлеп алуға бағытталған астыртын үстемдік туралы сөз болып отыр. Жылдар бойы жалғасып келе жатқан әділетсіз алымның нәтижесінде отандық өнім өндірісі қысқарып кетті, өйткені өндіруші өз өнімін әділ бағамен сата алмайтын жағдайға жетті.
«Жоқ қызметке» артық шығындалған соң өндіруші өнімін қымбаттатуға мәжбүр болады да, импортпен салыстырғанда бәсекеге қабілетін төмендетеді. Түптеп келгенде біз отандық өнімді төрге оздырудың орнына, оның жолын қолдан қиындатып, бөгеп тұрған боламыз.
Көрші елдер өндірушісін қалай қолдайды?
Біздің елге қарағанда Ресей өз фермерлерін қолдауға 5 есе көп қаражат бөлетінін, ал салалық одақтардың мәліметі бойынша Беларусьте бұл көрсеткіш тіпті 8-9 есе көп екенін айта кету керек. Бұған қоса, Беларусь мемлекеттік деңгейде отандық азық-түлік сауда сөрелерінде 70-80% орынды алуы тиіс деген талапты бекіткен. Ресейде сауда желілері өз табысын ретробонустар немесе басқа да ойдан шығарылған «қызмет» арқылы емес, әдеттегідей, сауда үстемелері есебінен табады.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Отандық салалық одақтардың айтуынша, сауда желілері бизнестің негізгі экономикалық қағидаларын жиі бұзады. Ритейл өз табысын тауарды сатудан алынған сауда үстемесі арқылы табуы тиіс. Ол әлемдік тәжірибеде осылай жасалады. Алайда, отандық монополиске сауда желілері үшін сауда үстемесі арқылы табыс табу жеткіліксіз сияқты. Оларға заң жүрмейтіндіктен, араны шамадан тыс ашылып кеткен. Енді олар өндірушіні не болса, соған төлеуге мәжбүрлеп, қинай бастады. Ал төлеуден бас тартқан немесе төлеуге шамасы келмейтін өндірушіге «талап ұнамаса, біздің сауда желімізден кетесің» деп доқ көрсетеді.
Агенттік мәліметі бойынша, елдегі ең ірі Magnum сауда желісі 34 түрлі қызмет көрсетеді. Одан кейінгі орында Metro – 16, SMALL – 11 қызмет көрсетеді. Нәтижесінде, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы азық-түлік тауарларының қосымша қызмет көрсету табысының үлесі Magnum желісінде 62%-ды құраған, ал тауарларды бөлшек сатудан түскен табыс – 38%. Ең жақын бәсекелестерінің бұл көрсеткіші – сәйкесінше 65% және 35%.
«Нәтижесінде жеткізуші тауар құнына оның алға жылжуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметтің пайыздық сыйақысын қосуға мәжбүр. Бұл азық-түлік тауарларының бағасына әсер етеді. Сонымен қатар, сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) арналған сауда үстемесінің заңмен белгіленген 15% мөлшерін асырып отыр, бұл да тауардың түпкілікті құнына әсер етеді», дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өкілдері.
Кейбір заң нормасын жетілдіру керек
Отандық өндірушілерге сауда желілерінің талабы қатаң болғанына қарамастан, олар тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) қатысты сауда үстемесінің мөлшерін бұзып қана қоймай, сатылған тауар үшін төлемдерін де кешіктіреді. Бұл ретте, елімізде тауарға уақытылы төлемегені үшін жауапкершілік нормалары жоқ. Ал әлемдік тәжірибеде мұндай кідірістерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
«Қазақстан сүт одағының» директоры Владимир Кожевниковтың айтуынша, жеткізілген және сатылған өнім үшін төлем бір-екі ай, кейде тіпті бірнеше айға кешіктірілуі мүмкін. Ең сорақысы, бір сауда желісі жеткізушіге сатылған тауарға төлемді бір жылға жуық уақыт бойы жасамай, шамамен бір миллиард теңге қарыз болған.
«Сауда желілерінің бізге мүлдем қолайсыз талаптар қоятыны туралы мәселені көптен бері көтеріп келеміз. Сондықтан БҚДА-ның талдау есебінің жариялануын қолдаймыз. Есепте сауда желілері қалыпты экономикалық модельге қайшы, сауда үстемесі арқылы емес, отандық өндірушіге қажетсіз қызметті таңу арқылы пайда табатыны ашық жазылған. Бұл жағдайды тез арада өзгерту керек. Өйткені мәселе отандық азық-түлік өндірісінің болашағы мен оның импортқа толық жол беру-бермейтініне байланысты», дейді В.Кожевников.
Ал «Қазақстан құс өсірушілер одағының» президенті Руслан Шәріповтің пікірінше, бұл мәселе тек азық-түлік өндірісіне ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де тікелей байланысты. Айтуынша, сатушы мен өндіруші арасындағы қарым-қатынас ешқашан «жабайы» нарықтың немесе сауда желісінің өз күшіне сеніп, үстемдік етіп отырған ережесімен реттелмеуге тиіс.
«БҚДА талдау есебіндегі деректер жағамызды ұстатты. Сауда желілері бізді қыспаққа алғаны туралы бұрыннан айтып жүр едік. Бірақ агенттік анықтаған деректер мәселенің қаншалықты терең екенін көрсетті. Есепте бұл нарықты қатаң реттеу керек екені және сауда желілерінің отандық өндірушіге заңсыз талап қойып, артық төлем жасауды мәжбүрлеуге құқығы жоқ екені анық жазылған. Елдегі азық-түлік өндірісі сауда желілерінің қысымымен толық тұншыққан. Қазір жауапты заңнамалық шешім қабылдап, сауда орнының теріс әрекетіне тосқауыл қойып, отандық өндірушіге өз елінде басымдық жасау маңызды», деді Р.Шәріпов.
Нарықты ілгерілетсе игі
Қазір отандық өнім өндірушілер, сауда желілерімен қарым-қатынасты реттеуге бағытталған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сенім артып отыр.
«Елімізде қалыпты нарықтық экономика жұмыс істеуі керек және ол адал жұмыс істеуге тиіс. Сауда қызметінің барлық қатысушылары тең құқылы болып, заңдарды сақтауы қажет. Егер қазіргі заңдар бұл үдерістерді толық реттемейтін болса, онда оларды жетілдіретін уақыт келді. Сондықтан заңнаманы өзгерту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыс өте өзекті. Аталған заң жобасы арқылы елдегі осындай нарыққа қайшы әрекеттерге тосқауыл қоюға дайынбыз», деді Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.
БҚДА есебінде агенттік өз құзыреті шеңберінде ірі сауда желілеріне бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу белгілері бойынша 4 хабарлама жолдағаны айтылған. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-дық сауда үстемесін сақтамау және әлеуметтік өнімдерге 5%-дан жоғары сауда сыйақысын қосу бойынша 27 фактіні тіркеп, бұл деректерді Сауда және индустрия министрлігінің уәкілетті органына жіберген.
Агенттік ұсынған сараптамалық шолу бұл мәселені шұғыл әрі қатаң түрде шешу қажет екенін айқын көрсетеді. Қазіргідей күрделі экономикалық жағдайда мемлекет сауда желілерінің отандық өндірушіні «қыспаққа алуына» көз жұма қарамай, бұл мәселені құқықтық тұрғыда шешеді деген сенім бар.