• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Желтоқсан, 2024

Замана заңғары

142 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпара­т министрлігінің қолдауымен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музы­ка­лық драма театрында Қазақстанның халық жазушысы, Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына арналған «Кемел тұлға келбеті» атты конференция өтті. Алқалы жиын аясын­да көрнекті қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған фото және кітап көрмесі ұйымдастырылып, екі жаңа кітап таныстырылды.

«Әбіш Кекілбаев әлемі» атты көрмеге қа­ламгердің қолжазбалары, публицистика­лық мақалалары, кітаптары, зиялылардың жазу­шы туралы айтқан естеліктері, ой-тол­ғаулары, мақалалар, халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарынан 150-ге жуық еңбек, сондай-ақ жазушының түрік, шетел тілдеріне аударылған жинақтары, шығармашылық жолын бейнелейтін 20-дан астам фотосурет қойылды.

«Мазмұндама» баспасынан жарық көрген «Дәурен кешкен» кітабына бұрын-соңды жарияланбаған және баспасөзде жарық көргенімен ешбір жинағына енбеген өлеңдер мен балладалары еніп отыр. Шығармалары жазушының жеке мұрағатында сақталған. Маңғыстаулық әбіштанушылар құрастырып шыққан бұл еңбекті ақынның үшінші жыр жинағы деуге болады. Ал түрік тілінде жарық көрген «KUY» кітабын аударған – Ашур Өздемир.

Тұсаукесер рәсіміне қаламгердің туыс­тары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ­зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференция барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.

«Әбіш Кекілбаевтың өнегелі өмірі тек жазушылықпен шектелмейді. Ол – мем­ле­­кет­шіл қайраткер, ел болашағына адал қыз­­мет еткен саясаткер, парасаттылық пен жауапкершіліктің символы. Тәуелсіз Қазақ­станның негізін қалаушылардың қата­­рында тұрып, ол өз бойындағы асқақ рух пен терең білімді ел игілігі үшін сарп етті. Әбіш Кекіл­баев бізге болмысы биік тұлғаның қандай болуы керектігін көрсетті. Оның қалдырған өнегесі – мәңгілік. Ендігі міндет – осы мұраны сақтап, дамыту, Әбіш әлемін жаңа заманмен үйлестіру», делінген құттықтау хатта.

Заңғар тұлғаның қай қырын алып қарасақ та, шеберліктің шыңын көреміз. Классик жазушы, мемлекетшіл азаматтығынан бөлек үлкен жүрегінен төгіліп жатқан мейірім мен кең пейілінде шек жоқ. Конференцияның тізгі­нін ұстаған қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов абыз адамның қазаққа берген өлшеусіз еңбегіне тоқталды.

«Кейде қиялға ерік берсек,  Әбіш есімді данышпанды қазақ халқы осындай да ұл таба алатынын айдай әлемге айшықтай дәлелдеу үшін туғандай  көрінеді. Халқымыз Әбіштей перзентін бір адамның бойына кісіліктің де, кішіліктің де, даналықтың да, даралықтың да, саралықтың да, шешендіктің де, көсемдіктің де қатарынан біте алатынын, бір адамның әрі жазушы, әрі ақын, әрі драматург, әрі аудармашы, әрі философ, әрі тарихшы, әрі әдебиеттанушы, әрі өнертанушы, әрі әлеуметтанушы, әрі пуб­лицист, әрі саясаттанушы, әрі саясаткер, әрі мемлекеттік қайраткер бола алатынын дәлелдеу үшін, солардың бәрінде де бір адамның кемелдікке жете алатынын көрсету үшін дүниеге әкелгендей әсер қалдырады. Сол үшін де Әбіштей перзентті туған айналайын халқыма тағзым етеміз», деді Сауытбек Абдрахманов.

Сондай-ақ ол Әбіш әлемінің ендігі ғұмыры қалай жалғасатынын атап өтті.

«Сынақ дегеннің өзі екі жақты. Қоғам адамды сынаққа салады. Бұл – қалыпты жай. Қоғамды сынаққа салатын адамдар да болады. Кекілбаев сондай адам. Қаламгер жазарын жазып, айтарын айтып кетті. Соңына байтақ мұра қалдырды. Сол мұра қалай игеріледі? Бұл оңай сұрақ емес. Бұл оңай сынақ емес. Енді біз Әбіш сынағына жа­уап беруге дайындалуға тиіспіз. Ол сынақ – Әбіштей абызды ардақтай алу, Әбіштей ойшылды тани алу, Әбіштей суреткерді зерттей алу, Әбіштей адамды үлгі тұта алу, Әбіштей ұлт мақтанышын әлемдік ауқымда насихаттай алу. Кекілбаев кемеңгерлігін дүниелік деңгейге көтеріп шығу. Осы арқылы жаһан алдында  жұртымыздың жалын күдірейту, халқымыздың рухын асқақтату. Сөйтіп ұлт ретінде өсу», дейді модератор.

Сөз кезегін алған Халық жазушысы Төлен Әбдік көрнекті қаламгердің әдебиет әле­міндегі тамырын тереңнен тартқан таным, телегей-теңіз білім, бай мұрасы туралы баян­дады.

«Әбішпен студент кезден дос болдық. Сол уақыттың өзінде оның әдебиетші секілді аты шықты. Әбіштің «Бір шөкім бұлт» деген алғашқы жинағын мен бір үлкен құбы­лыс деп айта алмаймын. Өйткені ол кезде әлі дайындық үстінде болатын. Әбіш үлкен эпикалық кең тынысты қаламгер еді. Үлкен идеяларды басында пісіріп жүрген. Сон­дық­тан оған көсіліп шығатын кеңістік қажет болды. Бұндай кеңістікте туған шығар­­малары қазақ әдебиетіне ғана емес, әлемдік әдебиетке де қосылған классикалық туындылар дейміз. 1969 жылы «Жалын» журналында жүрген кезімде Әбекеңнің «Шыңырауын» алғаш рет оқыдым. Сонда шын мәнінде әлемдік деңгейдегі туындының өмірге келгеніне көзім жетті. Тақырып мүлдем тың, бас кейіпкердің бойындағы бар­лық образға сіңірілген философиялық ойлар, ұлт­тық көріністер таңғалдырады», деді Төлен Әбдік.

Жиын барысында әбіштануды екі тілде насихаттап жүрген белгілі жазушы-драматург Ермек Аманшаев, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Түркиядан арнайы онлайн қосылған аудармашы Ашур Өздемир, басқа да қоғам қайраткерлері мен әдебиетшілер баяндама оқып, абыз Әбіш туралы тереңнен толғады.

Айта кетейік, мерейтойлық конференция заңғар жазушының әдебиет әлеміндегі алар ор­нын, білімдарлығы мен азаматтық болмысын­ айшықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

«Дәурен кешкен» жыр жинағының құрас­тырушысы Әділет Қабылов жаңа кітап­тың дайындалу барысын баяндады.

«Біз Ғылым және жоғары білім министр­лігінің гранттық қаржыландыру жобасы аясында өлеңдерін жинастырып, жаңа кітап қылып ұсынып отырмыз. Бұл жұмыстарға жазушының немересі, көркем мұраларының жанашыры Абыл Кекілбаев бауырымыз көп көмектесті», дейді ол.

Конференция соңында көпшілікке Н.Жан­төрин атындағы Маңғыстау облыстық музы­ка­лық театры Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» әңгі­ме­сінің желісімен қойылған спектакльді ұсынды.

Айта кетсек, биыл еліміздің әр түкпірінде заңғар жазушының мерейтойына арналған кешенді іс-шаралар өткізіліп жатыр. Кейінгі төрт айдың өзінде әдеби кештер, кеңейтілген кітап көрмесі, әдеби сағаттар, басқа да 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылған.