Жақында Павлодар қаласында тағы бір қазақ мектебі ашылады. «Достық» шағын ауданында тұрғызылып жатқан 1200 орындық жаңа білім ұясы ана тілінде оқытады деп шешілді.
Бүгінде облыс орталығындағы 43 мектептің 10-ны ғана қазақ мектебі. Көптеген шағын аудандағы мектептерде орын жетіспеушілігі сақталып отыр.
«Біз жергілікті тұрғындардың тілектерін ескере отырып, «Достық» шағын ауданында салынып жатқан жаңа жайлы мектепте оқыту қазақ тілінде жүргізілетінін хабарлаймыз. Қазіргі таңда қарқынды түрде дамып жатқан «Достық» шағын ауданында мектеп жасындағы 747 бала тұрады. Олардың 80 пайыздан астамы мемлекеттік тілде білім алады, бірақ көрші №21 орта мектепте және Ж.Тәшенов, Б.Момышұлы мектептерінде, Ә.Бөкейхан лицейінде, сондай-ақ шағын ауданнан тыс өзге жерлерде оқуға мәжбүр. Жаңа «жайлы мектеп» бұл балаларға өз үйлеріне жақын жерде білім алуға мүмкіндік беріп, болашақта «Достықтың» жас тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасайды», деп хабарлады қалалық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин.
Желтоқсан айының соңына дейін бұл аумақта қосымша 96 пәтер пайдалануға беріледі. Ал келесі жылы 240 пәтерден тұратын тағы үш тұрғын үй салынады деп күтілуде. Яғни аумақта балалардың саны бұдан да еселене түсетіні анық. Жаңа мектеп есебінен көршілес қазақ сыныптары бар мектептердің жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Мәселен, «Дачный» шағын ауданындағы 1200 орынға арналған №21 мектепте қазір 2134 оқушы білім алып жүр. «Достықтың» балалары қатынап оқитын Кенжекөл орта мектебінде 1020 орынның орнына шамамен 1500 оқушы білім алады, олардың 917-сі қазақ тілінде оқиды.
Білім саласындағы сарапшылардың болжамына сүйенсек, өңір мен облыс орталығында қазақ тілінде оқытуға сұраныс тұрақты түрде арта бермек. Кейінгі бес жылда екі жаңа мектеп пен үш қосымша ғимарат салынғанымен, жаңа білім нысандары бұл тапшылықты толық жоя алмаған. Олардың ішінде бір мектепте (Ә.Бөкейхан атындағы) ғана білім мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қаладағы 43 мектептің 10-ы ғана қазақ тілінде оқытатынын жоғарыда айттық. 2018 жылдан бері Павлодардағы 15 орыс тілді мектепте алғаш рет қазақ сыныптары ашылды, бірақ бұл мәселені шешуге жеткіліксіз болды. Сондықтан ашылғалы отырған жайлы мектеп тек тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, жас ұрпаққа мемлекеттік тілде білім алуды қолжетімді етуде маңызды қадам болғалы тұр.
Атап өтерлігі, былтыр облыс бойынша мектеп табалдырығын аттаған 23,5 мың оқушының 43 пайызы қазақ сыныбын таңдаған. Ал биыл 11 мыңға жуық баланың 45 пайызының таңдауы қазақ мектептеріне түсіп отыр. Бұл сәл де болса алға жылжудың бар екенін көрсетеді.
Өңірдің білім саласындағы статистикалық деректеріне сөз салып көрейік. 2024–2025 оқу жылында Павлодар облысында 360 жалпы білім мектебі жұмыс істесе, оның ішінде 137-сі – қазақ тілінде оқытатын мектеп (мектептердің саны, ара салмағы бойынша 2022 жылғы статистика өзгермеген). Оларда жалпы саны 118 мыңға жуық оқушы оқыса, 50 мыңнан астамы немесе 43 пайызы ғана қазақ тілінде білім алады. Негізінен өңірде аралас мектептерге қатысты мәселе баршылық. Себебі 100 пайыз қазақ тілінде білім беретін мектептерде жаңа оқу жылында 33 мың оқушы білім алса, аралас мектептердегі қазақ сыныптарында оқитын оқушылар саны – небәрі 17,5 мың бала. Ал аралас мектептерде орысша білім алатындар саны – 60 мың оқушы. Яғни аралас мектептердегі әр үш сыныптың екеуі – орысша. Бұл жерде таза орысша оқытатын мектептерді санатқа қосқан жоқпыз. Сондықтан қазақ мектептерінің санын көбейту – өте құптарлық қадам. Ал жалпы облыстағы мектептерде 6 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Жеті мектепте оқушылар үш ауысымда білім алып жатыр.
ПАВЛОДАР