• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

Ұлттық комиссия ұлы міндеттерді шешуге қабілетті

424 рет
көрсетілді

Тұрақтылық пен тиянақтылық  тірегіне айналар тұжырымдар Ғазазат ИМАҚОВА, саясаттанушы: – Президент жанындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның осындай рекорд­тық қысқа мерзімде құрылуы оның көкейкестілігінің шынымен де жоғары екенін көрсетеді. Бұл Мемлекет басшысының мемлекет пен қоғам қызметінің шешуші бағыттарын жаңғырту жөніндегі алға қойылған стра­тегиялық бағытты қатаң ұста­натынын тағы бір рет көрсетіп берді. Комиссия құрамына беделді және сауатты басшылар енген, олардың әрқайсысы нақты бағыттарға жауап береді. Ұлттық комиссия жанында беделді шетелдік сарапшылардан тұратын халықаралық консультативтік кеңестің жұмыс істейтіні де маңызды. Осылайша, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру алғашқы күннен бастап, жүйелі негізге қойылды. Қазақстанның бүкіл сарапшылық қауымдастығы, ғалымдар қазірдің өзінде 5 институттық, немесе бүгінде атап жүргендей, халықтық реформалардың уақыттылығы мен қажеттілігін бірауыздан қуаттауда. Бұл ұсынылған реформаларды қоғамның қолдайтынын және соған сәйкес қоғамның оларды жүзеге асыруға тікелей және белсенді қатысуға дайын екендігін білдіреді. Елбасының 5 халықтық реформасы іс жүзінде, Қазақстанның  30 көшбасшы елдің қатарына енуі бойынша нақты жүрдек магистралі болып табылады. Жақсылық СӘБИТОВ, саясаттанушы: – Ең алдымен, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның Мемлекет басшысының инаугурациясынан соң келесі күні-ақ құрылғанын атап өту қажет. Бұл Президенттің белгі­ленген 5 институттық реформаны жүзеге асыруды шұғыл түрде бастауға деген ұмтылысын білдіреді. Шынымен де, уақыт күтпейді. Ұлықтау рәсіміндегі өзінің салтанатты сөзінде Мемлекет басшысы әлемнің көптеген елдеріне тек экономикалық тұрғыда ғана емес, сонымен бірге тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағынан да теріс ықпалын тигізетін бес сыртқы сын-қатерлерді айтып өтті. Бұл сын-қатерлердің бәрі қарқынды түрде дамуда, оларға қарсы тұру үшін дәл сондай алдын алу шараларын қабылдау қажет. Құрылған Ұлттық комиссияның міндеті 5 реформаны сатылап жүзеге асыруды басқару және мемлекеттік органдардың, бизнес сектордың және азаматтық қоғамның іс-қимылдарын үйлестіру болып табылады. Яғни, Президенттің реформасын белсенді жүзеге асыруға барлық мемлекеттік, қоғамдық және бизнес құрылымдар тартылған. Егжей-тегжейлі жоспардың – мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамының әзірленетінін де атап өту қажет. Яғни, бүкіл жұмыс реформа хабарланған сәттен бастап берік іргетасқа қалануда. Гүлмира  КЕНЖЕБАЛИНА, сарапшы: – Қазақстан Президенті жа­нын­дағы Жаңғырту жөніндегі ұлт­­тық комиссияның жедел құры­луы өте маңызды деп санай­мын. Сөз жоқ, бұл, біріншіден, Мем­­лекет басшысының ұсыныл­ған институттық реформа­лар­ды жүзеге асыру барысына көз­қарасының айқындығы мен сын­дарлылығын білдіреді. Екін­шіден, оның құрылуы – ол реформаны тиімді жүргізудің кепілі. Комиссия құрамына жоғары кәсіби деңгейде мемлекеттік органдардың, бизнестің, азаматтық қоғамның іс-қимылдарын үйлестіре алатын тәжірибелі басқарушылар енген. Демек, біздің еліміздің әрбір азаматы осы реформаларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосуы үшін барлық жағдайлар жасалатын болады. Бүгінде біздің елімізде «Нұрлы Жол» бағдарламасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы жұмыс істейді. Олардың тиімді орындалуы үшін Мемлекет басшысының 5 институттық реформасы мейлінше маңызды. Комиссияның құрылуы оларды жүзеге асыруға еліміздің шұғыл түрде кірісуіне жағдай жасайтынына сенімі мол. Венера МҰСТАФИНА, сарапшы: – Сөз жоқ, Мемлекет басшысының институттық реформаларын тиімді жүзеге асыру – ол Қазақстанның болашақ әл-ауқатының маңызды құрамдас бөлігі. Олардың бірізділікпен жүргізілуіне зор маңыз бере отырып, Елбасы бүгінгі күні оларды тікелей жүзеге асыру үшін  алғашқы қадам жасады. Қазақстан Президенті жанынан құрылған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия бүкіл қажетті жұмыстарды ең жоғары деңгейде ұйымдастыруға жағдай туғызады. Оның құрамына үлкен жұмыс тәжірибелері бар жоғары білікті топ-менеджерлер енген. Халықтық реформаларды сапалы орындау біздің әрқай­сымызға, сол сияқты, қазақ­стандық қоғамның барлық сек­торларының іс-қимылдарын сауатты үйлестіруге байланыс­ты. Комиссия мүшелерінің бұл жұмысты ең жоғары деңгейде жолға қоятынына сенімдімін. Мемлекет басшысының алда тұрған жұмысқа страте­гия­лық көзқарасы онда әлем­дік тәжірибенің кеңінен қолданы­латындығынан да көрініп отыр. Комиссияның реформаны сапалы орындау үшін қажетті барлық көкейкесті мәселелер талқыланатын және шешімдер шұғыл қабылданатын құрылым болатынына сенімдімін. Зәуре АЛШЫНБАЕВА, Қазіргі заманғы даму институтының директоры: – Жаңғырту жөніндегі ұлт­тық комиссияның инаугура­циядан кейін келесі күні құры­луы Мемлекет басшысының Қазақстанның қазіргі сатыдағы тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды міндеттерді шешуге деген стратегиялық көзқарасын тағы бір рет көрсетіп берді. Ұлттық комиссия құрамына бұған дейін қабылданған бағдарламалар мен стратегияларды табысты жүзеге асыруда тәжірибелері бар басшылар енген. Реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін Ұлт жоспары – мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы әзірленетін болады. Бүгінде Мемлекет басшысы қабылдаған шаралар және Ұлттық комиссияның құрылуы біз «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттары мен міндеттеріне табысты қол жеткізу үшін жүзеге асыруымызға тиіс 5 институттық реформаны табысты жүзеге асырудың негізі болып табылады. Ләззат ТҮСІПОВА, Қазақстан саясаттанушылары конгресінің мүшесі: – Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияны лауазымға ресми ене салысымен құру арқылы Қазақстан Президенті біздің еліміздің одан әрі дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуде кезекті рет өзінің саяси көрегендігін көрсетті. Комиссия құрамына, сөз жоқ, қоғам алдына қойылған міндеттердің кешенді шешілуін және 5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Мемлекет басшысы тапсырмаларының толыққанды орындалуын қамтамасыз ететін лауазымды тұлғалар енген. Комиссияны шұғыл түрде құру оны жүзеге асырудың ырғақтылығы мен тиімділігінің кепілі болып табылады. Оның сыртында Президент сондай-ақ, ұлықтау рәсіміндегі өзінің сөзінде ауқымды 5 ішкі міндеттерді – тұрақтылықтың тірегі ретіндегі орта тап үлесін ұлғайтудың, біртұтас рынокты және барлық өңірлердің тепе-тең дамытылуының, жаңа жұмыс орындарын құрудың, тарихтың жаңа орамында ұлт бірлігін нығайтудың, сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызды басымдыққа ие екенін белгілеп берді. Осылайша, мемлекеттік органдар мен қоғамның алдына шынымен де кең ауқымды міндеттер қойылып отыр. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, сыртқы сын-қатерлерді еңсеру үшін бізге ішкі тұрғыда нығаю қажет. Топтасқан қоғам кез келген сын-қатерге қарсы тұруға қабілетті. Ал қазақстандықтардың топтасқан ұлт екенін біз 26 сәуір, дауыс беру күні өзіміздің тұрақты және табыс­ты болашағымыз үшін, Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беру үшін бүкіл елімізбен сайлау учаскелеріне келу арқылы дәлелдеп бердік. Фарида УКАСОВА, Қазақстан  саясаттанушылары конгресінің мүшесі: – Мемлекет басшысының Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияны осындай қысқа мерзімде құруы 5 институттық реформаны табысты жүзеге асырудың маңызды факторы болып табылады. Ұлттық комиссияның құра­мын бекіту арқылы Қазақстан Президенті реформалаудың әрбір бағытына нақтылы басшыларды белгіледі. Бұл елдің заңнама, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы саласындағы реформалардың жүйелі негізде, біркелкі жүзеге асырылатынын білдіреді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ұлттық комиссияның бірінші отырысында Ұлт жоспарының – мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамының ұсынылатынын атап көрсетті. Шешімдер қабылдаудағы оперативтілік және жеделдете дамуға бағыт ұстану 5 институттық реформаның табысты жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін қуатты серпін беретін болады. Сергей СЕЛИВЕРСТОВ, сарапшы: – Қазақстан Президенті жанынан реформалардың орындалуы үшін жауапты Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның қысқа мерзімде құрылуын стратегиялық сараланған саяси қадам деп санаймын. Бұл халықтық реформаларды жүзеге асыруды бастаудың бірінші қадамы. Ұлттық комиссияның алғашқы отырысы да таяудағы күндері өтеді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, алғаш­қы отырыстың өзінде-ақ мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы ұсынылатын болады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшы­лығымен Қазақстанда қазірдің өзінде көкейкесті міндеттерді тез және тиімді шешудің табысты тәжірибесі бар. Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асырдық, индустрияландырудың бірінші бесжылдығы ырғақты түрде аяқтал­ды, индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасының екінші бесжылдығы шеңберіндегі жұмыстар жоғары қарқынмен жүруде. Осы факторлардың барлығын ескере келгенде, халықтық реформаларды өмірге енгізу тиімді, сапалы және белгіленген мерзімдерде жүзеге асады деп сеніммен айтуға болады. Денис КУРГАННИКОВ, саясаттанушы: – Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің нағыз Ұлт Көшбасшысы екенін тағы да дәлелдеді. Елбасының бес институттық реформасы Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыруда басты рөл ойнайтынын мойындауымыз керек. Баршамыз Елбасының сайлауалды тұғырнамасында 5 институттық реформа ұсы­нылғанын жақсы білеміз. Сайлауда даусыз жеңіске жеткен Президент енді осы аталған реформаларды жүзеге асыруға құлшына кіріспек. Оның игіліктерін көп өтпей-ақ көретін боламыз. Жалпы, біздің Елбасы сөзінде тұратын, уәдеге берік Басшы ретінде мойындалған тұлға. Сондықтан да Президентімізге халық ыстық ілтипатпен, сеніммен қарайды. Ұлықтау салтанаты кезінде Мемлекет басшысы ел Президенті жанынан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылатынын айтқан болатын. Енді сол комиссия айтып ауыз жиғанша құрылып та үлгерді. Оның негізгі міндеті жоғарыда айтылған бес реформаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруды басқару болмақ. Сондай-ақ, осы құрылым арқылы мемлекеттік органдардың, бизнес-сектор мен азаматтық қоғамның іс-қимылы үйлесім таппақ. Мен бұл істен көреген саясаткердің әбден ойланып-толғанып барып жасаған сауатты бастамасын аңғардым.

Мақсатымыз айқын

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде: «Тағдыры тұтас, тілегі ұқсас Қазақстан халқы осы кезеңде ғасырлық мәні бар ғаламат табыстарға жетті», деп егемендік алғаннан кейінгі жылдардағы еліміздің қол жеткен жетістіктерін айшықтап атап көрсетті. Мемлекет басшысы аз ғана уақыт аралығында Алаш жұртының әлеуеті асқан, дәулеті тасқан, іргесі берік, беделі зор айдынды елге айналғандығын айта келіп, бойында күш-қуаты, өмірден тәлім етіп алған мол тәжірибесі барда әрқашанда тілегі бір елдің тірегі болып қызмет ете беруге дайын екендігін жеткізді. Елбасының негізгі мақсаты өзіне сенім артқан халқының көсегесін көгерту екендігі анық. Президенттің ұлықтау рәсіміндегі халыққа арнауы «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде сөйлеген бағдарламалық сөзімен үндесіп жатты. Аталған бағдарламада  ел болашағының жарқын болуы үшін ең әуелі экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, болашағы біртұтас ұлт құру, транспарентті және есеп беруші мемлекетті орнықтыру қажеттігін атап көрсеткен болатын. Қазақстандық сайлаушылардың айқын дауысына ие болып, қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айшықтап айтқандай, халқының көрсеткен қолдауы – Елбасына сарқылмас күш-жігер беретіндігіне және Мемлекет басшысының өзі бастамашысы болған бес халықтық реформаны жүзеге асыруда алда тұрған міндеттердің үдесінен шығатындығымызға сенімдіміз. Гүлдара НҰРЫМОВА, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты. ТАРАЗ.

Қазақстан халқы жұмылып, Елбасына көмектесуіміз керек

Қазақстан халқы үлкен-үлкен тарихи оқиғаларға куә болып жатыр. Кеше ғана Елбасы – Қазақстан Рес­публикасының Президентін сал­танатты түрде ұлықтау рәсімі өтті. Тәуелсіздіктің қиын-қыстау сәтінде тура жолды таба біліп, халықтың жағдайын жақсартты, ел экономикасын дамытып, шекарамызды шегендеді, бар ұлтты ұйыстырып, тату өмір орнатты. Міне, енді қазір Қазақстан –  әлем мойындаған іргелі ел. Ұлы ойшыл Вольтердің: «Мемлекетті құтқару үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті», деген сөзі бар. Мен Елбасымызды осындай ұлы тұлға деп есептер едім. Елбасы сайлауалды тұғыр­нама­сында жариялаған мақсаттарды орындауға кірісіп те кетті. Ендігі жерде алдағы қойған міндеттерге бүкіл Қазақстан халқы жұмылып, Елбасына көмектесуіміз керек. Әр­бір мемлекеттік қызметкер, әр­бір Қазақстан азаматы сайлаудағы белсен­ділігінің қарқынын сақтап, әрі қарай да осы қолдауды жалғас­тырып, еліміздің даму үдерістерін әрі қарай биіктерге көтеруге жұмыстануы керек. Бектас БЕКНАЗАРОВ, Сенат депутаты.

Бес міндеттің шешілуіне білімнің қосары мол

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлықтау рәсімінде еліміз үшін уақыт көлденең тартып отырған ең өзекті бес міндетті ортаға салды. Ішкі жағдайымызды нығайтсақ бүкіл дүниені ойлантып отырған сыртқы қатерлер айналып өтетінін ескертті.  Экономика дамығанда ғана  еліміз тұрғындарының  әлеуметтік тұрмысы жақсарады. Мұны Елбасы айтқандай, орта тап жасайды.  Бұл шағын және орта бизнесті дамыту керек деген сөз. Бұл үшін біліктілігі жоғары мамандар керек. Барлығын да мамандар шешеді. Ал оларды білім ошақтары ғана дайындайды. Сонымен қатар,  Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күреске басымдық бере айтты. Білім саласын дамытпай, оған озық әдіс-тәсілдерді енгізбей қоғамның бұл дертінен  құтыла алмаймыз. Қоғамды сыбайластық дерті жайлаған кезде ғылым да ақсайды. Ал ғылым дамымай инновациялық жобалар, жалпы  даму бәсеңсиді. Мамандар болмай өндіріс, ұқсату кәсіпорындары тұл дер едім.  Қазір Қостанай облысының өндіріс саласында да, ауыл шаруашылығында да  түрлі мамандарға зәрулік жоқ емес. Білікті мамандар ғана жұмыс орындарының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік жасайды. Міне, сондықтан Елбасы  бұл мәселені бұрыннан айтып келеді, бұл жолы да дер уақытында көтеріп отыр. Республиканың барлық шалғайын бірдей дамытуды қамтамасыз етіп, ішкі рынокты  күшейту де уақыт талабы. Бұл негізінен экономикаға тиісті секілді көрінеді. Алайда, мұның  білім саласына да қатысы орасан. Ауылдарға, шет аудандарға педагогика мамандары қазір өте қажет болып отыр. Жас ұрпаққа білім бермей, мамандар дайындамай өңірлер қалай дамымақ? Мұны да Мемлекет басшысы өте дұрыс тапсырып отыр. Бес тапсырманың қатарына тарихтың жаңа кезеңінде ұлтты ұйыстыра түсу, халықтың бірлігін нығайта түсу мәселесі де қосылды. Ел үшін тыныштықтың қаншалықты  маңызды екенін айналамызға қарап біліп отырмыз.  Ендігі мақсат, алға қойған осы міндеттерді жүзеге асыруға атсалысу болмақ. Қуат БАЙМЫРЗАЕВ, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, профессор. ҚОСТАНАЙ.

Қарағанды жастарының жалыны

Елбасын ұлықтау рәсімін барша қазақстандық жастардай қарағандылық замандастары да зор қуанышпен қарсы алды. Олар Астанадағы осынау салтанаттан соң іле Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті алдындағы кең « Жастар» алаңында бас қосып, өз өмірлеріндегі ұмытылмас оқиғаға байланысты флеш-моб өткізді. Мыңдаған жігіттер мен қыздар бір шаңырақтың ұландарындай қол ұстаса «Алға, Қазақстан!», «Біз Нұрсұлтан Назарбаевпен біргеміз!» деп ұрандатып, қаланы көңілді үнге жаңғырықтырды. Елбасын, отаншылдық пен бірлікті қолдауларын шырқалған ән-жырларымен білдірді. – Бүгін біз жастарымыздың қайтадан сайланған Президентке, еліне деген терең сүйіспеншіліктерін сезініп, келешектеріне сеніміне қуанып тұрмыз. Халқымыздың басым даусымен жеңіске жеткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін өз таңдауын жасаушылардың қалың бөлігі жас қауым екенін білеміз. Олардың керемет тарихи сәтке шынайы қуаныштары арқылы еліміздің ертеңі жарқындығы, аға ұрпақ үлгілі үрдісі берік қолда бола беретіндігі көңіл өсірді, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Сәлима Нұрмағамбетова. Флеш-мобқа аталған оқу орны студенттерімен бірге жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері, кәсіпорындардың жас еңбеккерлері қатысты. Айқын Несіпбай, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.

Ұлт жоспары ұлы істерге жетелейді

Елбасының бұрнағы күнгі ұлықтау рәсімі бұрынғыдан өзгеше болды. Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді айқындап, жасалатын жұмыстың жүйесін тізіп берді. Тұтас әлемнің дамуына тұсау болатын дүниелер бар. Мемлекет басшысы жаһандық деңгейдегі бес бірдей сын-қатерлерге тоқталды. Оның әрқайсысына баға беріп, қауіптің ықтималдығына назар аударды. Мәселен, экстремизм мен зорлық-зомбылықты жүйесіз пайдаланатын ойыншылардың бой көрсетуі, санкциялық, «валюталық» және сауда соғысы барлық елдердегі проблемаларды ушықтыра түскенін, климаттың өзгеру үдерістері болжап болмайтын салдарлармен өтіп, түрлі катаклизмдерге әкеп соқтырып жатқанын, жаһандық тәртіптегі дағдарыс пен әлемдік экономиканың тұрақсыздығы халықаралық үйлестіру жұмыстарына күмәнмен қарауға мәжбүрлеп жатқанын ашық айтты. Осындай қадау-қадау мәселелер біздің де даму жолымызға жаңа талаптар қойып отыр. Бұл ретте, Елбасы мемлекет алдында тұрған бес ауқымды міндетке тоқталды. «Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек. Екіншіден, біз – ұлан-ғайыр елміз. Сондықтан, бізге біртұтас ішкі нарықты дамыту және бүкіл өңірлерді теңдестіріп дамыту керек. Үшіншіден, жемқорлықпен күрес біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Төртіншіден, жаңа жұмыс орындарын құру, ол үшін индустриялық бағдарлама жүзеге асырылып, бизнес дамытылуда. Бесіншіден, тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайту», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ең бастысы, елдің әрі қарай өркендеуі үшін Ұлт жоспары жасалатын болды. Ұлт жоспары халқымызды ұлы істерге жетелейді деп сенемін. Өйткені, мынадай алмағайып заманда жоспарлы жұмыс қана бізді жетістікке жеткізе алады. Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. ҚЫЗЫЛОРДА.

Тәуелсіздігіміздің тамаша табысы

1991 жылы 10 желтоқсанда Алма­ты­дағы Респуб­лика сарайында өт­кен Қазақстан Прези­дентінің тұңғыш ант беру рәсімі есімде ұмы­тыл­мастай қалып­ты. Ол уақытта Мем­лекет басшысы сай­лау­шылардың 98,7 дауысын жинап, жалпы­халықтық қолдауға ие болған еді. Бұл жолғы инаугурация–тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бесінші ұлықтау рәсімі. Бәрінде де Нұрсұлтан Әбішұлының сыралғы серігі, үзеңгілес досы ретінде сенімді өкілі болу бақыты бұйырыпты. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында сайлаушылардың 97,75 пайыз дауысын жинап, қайта сайланған Елбасының Қазақстан халқына ант беруі – ел өміріндегі айрықша оқиға. Осы сәттен бастап ресми қызметіне кіріскен Президенттің халқыма бұрынғыдай адал қызмет етіп, елім мен ұлттық мүддемізді қорғаймын деген мәлімдемесі бәрімізге қанат бітіріп, ерекше жігер берді. Қазақстанның дамуын қамтамасыз ететін, тұрақтылығымыздың дің­гегі саналатын бес қағидатты жариялап, сырт­тан төнетін қауіп-қатер­лерге қарсы сақтық шара­ларын күшейтуді мін­деттеді. Ішкі жағ­дайы­­мыз жақсарып, халық­тың әл-ауқаты мен тұр­мыс-тіршілігі артатын болса, мемле­кеттігіміз де кемелдене түсері даусыз. Демек, алдағы жылдар Тәуелсіздігіміздің тамаша табыстарын одан әрі еселей түсіп, өзгерістер дәуіріне жол ашары анық. Геннадий ЗЕНЧЕНКО, Қазақстанның Еңбек Ері, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры. Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы.

Келешегіміздің кемелдігіндей көрінді

Мен Елбасын ұлықтау рәсіміне бірінші рет қатыстым. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  халқының алдында ант берді. Өзінің сарабдал, дана саясатымен еліміз экономикасын дамытып, әлеуметтік жағдайымызды жақсартып, Қазақстанды мойыны озық отыз елдің қатарына қосуға бастап бара жатқан Елбасымыздың халқымыз алдында берген анты мені ерекше толқытты. Елбасы халқын ұлық тұтады. Болашақ тізгіні сенімді қолда екенін сезіне түскендейміз.

Береке біткен елдің мерекесін көптеген  шетелдер өкілдері де келіп тамашалады. Өзге жұрт бұл салтанаттан біздің еліміздегі ынтымақ пен бірлікті, кеңдікті, болашаққа қарай нық басқан қадамды көріп кеткендей болды. Мұның өзі халқына ант берген Елбасымыздың шарапаты десек болмай ма?! Әлия САПАРОВА, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. ҚОСТАНАЙ.

Егемен еліміздің тұғырлы құндылығы

Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың қалауы бойынша Қазақстан Президенті болып сайланды. Ұлықтау рәсімі өте жоғары деңгейде өтті. Оған күллі отандастарымыз теледидар арқылы куә болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен делегациялар келді. Осы орайда Астананың төрінде өткен салтанатты ұлықтау рәсіміне қатысқанымды, Тәуелсіз еліміздің тарихи күніне ортақтасқанымды бақыт санаймын. Бұл – бүгінгі біздің қол жеткізген ең басты құндылықтарымыз. Ұлықтау салтанатына куә болып отырғанда, баяғыда ат жалында жүріп, осы даланы бізге аманаттап кеткен бабаларымыз есіме түсті. Барша қазақ даласы жиылып, хан көтерген ұлы тарихымыз жадыға оралды. Міне, енді жаңа тұрпатты Қазақстан мемлекетін құрған Тұңғыш Президентіміз барша қазақстандықтардың қолдауымен Отанымызға қызмет етудің жаңа белесін бастамақ. Біз, күллі қазақстандықтар Елбасының алға қойған міндеттері мен тапсырмалары еліміздің экономикасын ілгерілету, халқымыздың әл-ауқатын арттыру екенін жоғары жауапкершілікпен түсіне отырып, оған еселі еңбегімізбен үлес қоса берейік! Әсемқан ДОСҚОЖАНОВ, «СемАЗ» ЖШС бас директоры, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. СЕМЕЙ.