Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында болды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Өскеменде бірінші вице-премьер орталық мемлекеттік органдар басшыларының, ұлттық компаниялар мен бизнес-қауымдастықтар өкілдерінің қатысуымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі жөнінде кеңес өткізді.
Өз сөзінде Б.Сағынтаев отандық өндірушіні қолдау дағдарысқа қарсы саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Үкімет елдегі 80-нен астам ірі кәсіпорындардың проблемалық мәселелерін қарады, жергілікті мазмұнды арттыру жолымен оларды қолдау іс-шараларының жоспары қабылданды. Ол үшін мемлекеттік тапсырыстарды басымдықты орналастыру, сондай-ақ, ірі ұлттық компаниялардың, қазақстандық өндірушілерге тапсырыс беруі жоспарланып отыр, деді Б.Сағынтаев.
Өз кезегінде, кәсіпорындар өз өнімдерімен біздің ішкі сұранысымызды қанағаттандырып, сонымен бірге, тұрғындар үшін жұмыс орындарын сақтауы тиіс, деп атап өтті бірінші вице-премьер.
Кеңес қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен ұлттық компаниялар және жергілікті тауар өндірушілер арасында жергілікті мазмұнды арттыру бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Олардың қатарында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Еуразиялық топ» ЖШС, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазцинк» ЖШС және басқалар бар. Қол қойылған меморандумдардың жалпы сомасы 74 млрд. теңгеден асып түсті.
Сол сияқты, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен жүйе құраушы кәсіпорындар жұмыс орындарын сақтау және өндірістік үдерістерді тұрақтандыру бойынша меморандумдарды бекітті. Оған қол қойғандар ішінде «Востокцветмет» ЖШС, «Қазцинк» ЖШС, «УКТМК» АҚ, «Азия Авто» АҚ және басқалар бар.
Б.Сағынтаевтың қатысуымен осы күннің екінші жартысында Павлодарда өткен кеңес шеңберінде де дәл осындай меморандумдар бекітілді.
Жергілікті мазмұнды дамыту бойынша меморандумдарға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Еуразиялық топ» ЖШС, «КЕГОК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және басқалар қол қойды. Келісілген соманың жалпы көлемі 128 млрд. теңгеден асады.
Жұмыс орындарын сақтау және өндірістік үдерістерді тұрақтандыру жөніндегі меморандумға «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «Богатырь Көмір» ЖШС және өңірдегі басқа да ірі кәсіпорындар қол қойды.