• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тұлға 10 Желтоқсан, 2024

Серікбол Қондыбай – күнтекті қаһарман

138 рет
көрсетілді

Заңғар замандасымыз Серікбол Қондыбай – түркі ғылыми мифологиясының іргетасын қалаған феномен. Жас кезінен Серікбол геоморфология, өлкетану, туризм, ландшафт эстетикасымен айналыса жүрiп, бiлiмнің сан-алуан күрделi салалары: тарих, фольклор, тарихи география, лингвистика, архео­логия, этнография, мифология тоғыстарындағы күллі адамзатқа ортақ мәдени-танымдық мәселелерге әмбебап зерттеушi, тың талдаулар жасау­шы ғалым деңгейiне жеттi.

Мифологияны қалыптау

Серікбол өз түсінігінде миф – «нақ­ты бір тарихи уақытта, нақты бір гео­графиялық кеңістікте, нақты бір саяси, әлеуметтік, мәдени, шаруашылық жағдайында тірлік етіп жатқан адамзат қоғамының өзі өмір сүріп отырған орта және оның қалай пайда болғандығы, сол адамға ықпал ететін сыртқы-ішкі күштер, адам және оның қалай пайда болғандығы, өз қоғамының ғаламдағы орны, дәрежесі туралы түсініктерінің жиынтығы... Демек, қазақ мифологиясы да жұрт ойлағандай, қарапайым дүние емес, мол ақпаратты бойына жасырып тұрған жұмбақ ғалам, асыл мұра, көне өркениет куәгері».

Қазақтың сөздік қорында, фольклорында, әдет-ғұрпында, мінез-құлқында, сенім-нанымында, материалдық мұра­сында сақталып қалған мифтік мотив­тердің реалдық болмыс-бітімін танып, дұрыс жорудың өзіндік кілтін ұсынып, қазақтағы мифологияның болмысын тек реконструкциялау жолымен ғана тануға болатынына бағыт сілтейді, жаңа идеалдардың бастау нүктелерін анық­тауға үлес қосады.

Бұның не керегі бар деген сұрақ тууы мүмкін. Мифті көп адам ертегі, өтірік, қияли әңгіме деп түсінеді. Әрі кетсе, фольклортанудың бір саласы. Бұл – XVIII-XIX ғасырдағы пікір. XX-XXI ғасырдағы гуманитарлық ғылымда мифке көзқарас қатты өзгерді, ұлттың санасын, түпсанасын да миф арқылы зерттеуге болатыны анықталды. Серікбол айтқандай, «Мифология, миф – ойдан шығарылған қиял емес, ол – өткен заманның адамының шындығын бойына сақтап қалған ата-баба сарқыты. Ол – өткенді саналы түрде бұрмалаудың, жалғандықтың ескерткіші емес, бірнеше мәрте бүктетіліп, оралып, ақиқаты мен қатесі қатар өрілген, еріксіз шатасудың тозаңының арасында байқалмай қалған ақиқаттың өрім қамшысы».

Фридрих Ницше мифті кез келген дені сау мәдениеттің көкжиегін қоршап тұратын, сол мәдениетті, сол халықтың санасын қорғап тұратын шекара деп білген. Бізге сол шекара әсіресе қазіргі жаһандану дәуірінде қаншалықты керек екені сөзсіз түсінікті.

Серікбол үш сатылы жүйе жобалаған. Бірінше кезекте мифологияның зерттелуі қажет деп, екінші кезекте орыс-советтік ғылымдарының әлсіз көшірмесі ретінде қалыптасқан бүкіл гуманитарлық теориялық ғылымдар (филология, тарих, психология, философия, мәдениеттану, т.б.) ұлттық тамырдан нәр алып, өзінің табиғи негізін табу керек деп, үшінші кезекте, сол ғылымдардың жемісін пайдаланып, әртүрлі өнер, әдебиет, басқа қоғам өмірінің салалары даму керек деп тапқан. Батыстың бүкіл өнері мен әдебиеті, керек десеңіз, мемлекеттік және құқықтық жүйелері әлі күнге дейін Тәурат, басқаша айтқанда, семит халықтарының мифологиясының және көне Грекия мен Рим мифологиясының негізінде дамып жатыр.

Серікбол өзін қалжыңдап, қазақ ми­­фологиясын зерттеуге қажет болған нәр­­селерді (мысалдар, тақырыптар, идея­­­лар) есепке алып, басын бір кітапқа қо­­­сып, түгендеумен айналысатын зав­хоз­­­бын дейтін. Әрине, оның еңбегі жай жи­­нақ­таушы, жүйелеуші деңгейінен өл­шеу­­сіз биік. Дұрыс жүйеге түсіру үшін тео­­­риялық негіз керек: Д.Менделеевтің хи­мия­лық элементтердің периодтық жү­­­йесін жасауға деген талпынысы химия ғы­лымының мүлдем жаңа бағы­тын аш­ты, көптеген белгісіз болып келген эле­менттерді ашуға жағдай жасады. Бас­ты нәр­се – Менделеев өзі жасаған жү­йе­ге дұ­рыс негіз, классификацияның прин­ци­пін тапты. Серікбол да сол сияқты ми­фоло­гия ғылымын эмпирикалық, маз­мұн­дау қалыптан теориялық, эврис­тикалық маңызы бар ғылымға айналдырды.

Оқырманға түсінікті болу үшін, мы­сал келтірейін... Серікбол ашқан көп­­­­­теген жаңалықтың бірі – қазақ хал­қы­­ның аңыздық атасы Алаша ханға қа­тыс­ты. Алаша хан қазақтың алғашқы ханы ғана емес, оның есімі осы этностың екін­­ші есіміне (патроним) айналды. Кең таралған аңыздарға ден қойсақ, Алаша ханның, біздің ұлтымыздың аты алапес аурумен байланысты екен. Біртүрлі жа­ғымсыз жағдай. Серікбол болса, Алаша хан­ның бастапқы бейнесі күнтектілік­пен байланысты екенін, ол – бұл дүниеге үйлесімдік пен тәртіп орнататын кү­н­текті қаһарман (солярный герой), қо­ғам құратын санаткер (культурный герой) екенін ғылыми түрде бұлжымастай етіп дәлелдеді. Оның алашұбарлығы, кей­бір басқа фольклорлық кейіпкерлердің түктілігі сияқты – сол күннен тараған қаһарманның белгісі. Кейінгі фольклорда алғашқы сипаты ұмытылып, қара­байырланып (демифологизация) алапес­пен түсіндіріле бастаған.

Бұл жерде Мағжанның сөзі еске ­амалсыз түседі:

Ерте күнде отты Күннен Гун туған,

Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам...

Мен – Күн ұлы, көзімде күн нұры бар...

Иә, ақын мифологиядан хабары бол­маса да, сол бір ақиқатты түйсікпен сезген. К.Г.Юнг бұны «ұжымдық бей­сананың архетипі» деп атаған. Архетип дегеніміз – көнеден келе жатқан, халық­тың түпсанасында мыңдаған жылдар сақталып, анда-санда жаңғырып отыратын бейнелер, құрылымдар. Олардың жаңғырғаны сол халыққа құт та болуы мүмкін, халықтың жаңадан түлеуіне әкелуі мүмкін, сананың індетіне де айналуы мүмкін. Жалпы, Серікболдың бір мақсаты – қазақтың санасын жаңғыртатын рухани тетіктерді табу болды. Бір ғасыр бұрын алашшыл ақындар «Оян, қазақ!» деп тебіренсе, Серікбол мифті «дұрыс талдау арқасында бүгінгі, пенде қазақтың қанында, тәнінде, түйсігінде орын алып, бірақ әрекет жасауға дәрменсіз болып отырған «басқа (мәңгі) қазақ» – «ішкі қазақтың» немесе «арғықазақтың» танымы мен сенімін оята аламыз...» деп сенген. Сол үшін 2004 жылы шыққан «Арғықазақ мифологиясы» атты соңғы төрттомдықты «Уа, Тәңірiм! Қазақтың табысынан бұрын намысын қайтарып бере көр! Тәңірiм, Қазақты және Қазақстанды жарылқа!» деп бастайды.

Сол кітабының кіріспе сөзінде былай жазады: «Мифке оралу» – сиқырлы, қасиетті және таңғажайып ел – Жарқын Қазақ еліне – «Мәңгі елге» қайтып оралу дегенді білдіреді. Киелі Қазақтың Мәңгі елі – реалды географияда емес, біздің санамыз бен түйсігімізде, яғни әрбір қазақтың ішінде орналасқан, әбден тұмшаланып, шаң басып, танылмай жатқан «ішкі елімізде». Міне, мифология – осындай киелі кеңістікті қайтадан танып білуге жол ашып беретін кілттердің ішіндегі негізгісі... Әрине, мен айтқан қисындар – бүкіл қоғамның дертін жазатын емдеу тәсілі емес, «емін таптым» десем, Құдайдың алдында да, адамның алдында да күпірлік болар еді. Бірақ... ұлтымызға тән парықсыздықты бәсеңдетуге болады ғой деп ойлаймын, үміттенемін».

 

Жастарға үлгі боларлық тұлға

Тіл туралы көп айтылып та, жазы­лып та жүр. Серікбол бұл тарапта да біре­­гей ой айтқан. Біріншіден, ол қазақ тілі, қазақ сөзі мыңдаған жылдың ақпа­ратын сақтағанын көрсетеді. Ғалым үшін біздің тіліміз – мифологияны қалыпқа келтіретін бірден-бір құрал. Қарапа­йым болып көрінетін сөздің тылсымын ашқанда адам амалсыз таңғалады екен. Мысалы, Батыс ғылымы көп жазған, көп­теген көне құдайлардың есімдеріне және мифологиялық ұғымдарға (атақты Вальгалла, Елисей жазирасы, Элизиум сияқты) негіз болған «индоеуропа­лық» көне түбір «ел», «вал» кәдімгідей түріктің «өлу» деген сөзінен шыққан екен. Зерттеуші бір таңбадан бүкіл сөзімізді, ал біздің сөздерден басқа, адамзат тарихында «жетекші рөлге» ие халықтардың ең керемет деген сөздерін шығарады. Және біздің бабаларымыз сөздерді жаратқанда олардан әлдеқайда көп біліп, сөзге әлдеқайда көп мағынаны еңгізгенін дәлелдейді.

27 жасында мүгедек болған Серік­бол қалған ғұмырын қазақ рухын оятамын деп тоғыз жылда 15 том еңбек жазып шыққан. Жай ғана еңбек емес, әр бетінде ғылыми жаңалық ашып, еуро­поцентристік қасаң теориялардың ірге­тасын бұзған зерттеулер. 2004 жылы Серікбол қайтыс болғанда, оның ғылы­ми ерлігінің қайнар көзі жайында тарихшы ағамыз Қойшығара Салғараұлы: «Бұл құдыреттің аты маһаббат. Туған халқына, туған еліне деген ұлы маһаб­бат» деп айтқан еді.

Содан бері аттай жиырма жыл өтті. Осы жиырма жылда Серікболдың мұра­сына арналған талай республикалық, халықаралык ғылыми конференция өткен. Алғашқы конференциялар­дың бірінде зерттеуші, жазушы Талас­бек Әсемқұлов: «Мен үшін Серік­бол Қондыбайдың шығармашылығы таңға­жайып феномен. Бұл – халықтың, ұрпақтың көкірегіне үміт егетін бірегей құбылыс. Серікбол жаңа ғылымның емес, бір кездегі қазақтың өз топырағында пайда болған, тамыр салған, заманына лайық үлкен дәрежеге жеткен, одан кейінгі заманда да жаңа құралдармен қаруланып, әлемдік ғылымның көшбасшысы болуға ла­йық, алайда, кейінгі мыңжылдық қан­­ды тарихтың кесірі мен қысасынан та­мыры семіп суалған отандық ғылым-білім­ді, толықтай ұлттық мүддеге бағын­ды­рылған қазақ ғылымының, қазақ білі­мі­нің ескі жүлгесін тауып, соған жан біті­руші адам, тағы да қайталап айтайын, ары­да­ғы ұлы бабалары Фараби­лер мен Жау­һа­рилердің, Бирунилердің, күні кеше ғана өмір сүрген Шоқан ата­ларының, Ахмет пен Әлихан, Әлкей аталарының заң­ды және адал мұрагері», деп айтқан еді.

Марқұм болған Серікболға Халық қаһарманы атағын беріп, оның жар­қын бейнесін қазіргі жастарға үлгі ретінде насихаттасақ деген ой да жиырма жылдан бері айтылып жатыр. Өйткені ол нағыз қазіргі заманның қаһарманы, жастарға нағыз үлгі болатын тұлға – елін шексіз сүйген, табанды да озық ой еңбегінің қаһарманы. Астана қаласының көшелерінің біріне тұтас түркі әлемінің биік рухын танытатын тұлға ретінде Серікбол атын беру жайында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып кеткен еді. 2023 жыл­дың 3 тамыз күнгі отырысында Астана­ның ономастикалық комиссия соған сәйкес шешім қабылдаған еді. Сол шешім осы жылы іске асса, нұр үстіне нұр болар еді дегім келеді.

С.Қондыбайдың 15 томдық мұра­сынан кейбір үзінділер келтірсек.

 

«Абырой заңы»

«Абырой» дегенiмiз – кез келген қа ­зақ тарапынан орындалуға тиiс жү­рiп-тұру ережесi (кодексi), қазақтың «серi­лiк кодексi» немесе «бусидосы», орын­далуға тиiс өсиеттер (заповедь) жиынтығы. «Абыройлы адам» дегенiмiз – «о баста бе­кiтiлген жүрiп-тұру, өмiр сүру үлгiсiне сай тiрлiк етiп жатқан адам» дегендi бiлдiредi.

Бүгiнгi қазақ қоғамындағы келең­сiз­дiктердiң бiр ұштығы осы «абырой (кодекс, заповедь) мәселесiне» келiп тiреледi. Бiрiншiден, қазақ қоғамы, баласынан кәрiсiне, сауаттысынан ғұла­масына, қойшысынан басшысына дейiн «абыройлы болып өмiр сүру» қажет­тiлiгiн бiлмейдi. Әбден ұмытып кеткен. Екiншiден, ұмыт болған «абырой» де­ген­нiң қандай шарттардан, талаптардан тұратындығын анықтау, нақтылау жа­ғын қолға да алмай отыр. Мiне, сондық­тан да, ел билiгiнiң (шаруашылығы­ның, қор­ғанысының, әкiмшiлiгiнiң, идео­ло­гиясының) тұтқасын ұстаған үлкен­дi-кiшiлi дәрежелi атқамiнердiң, ғылым тұтқасын ұстаған ғалымның, руханият­тың тұтқасын ұстаған зиялының iстеп отырғандары – көп жағдайда «абыройсыз iс» болып есептеледi.

Тарихи категория болғандықтан да, абыройдың заманына қарай өзгерiс­сiз болып қала алмайтындығын айтып өттiк. Уақыт жаңа талаптарды басқа дәстүр­лерден де қабылдай алады. Тек бұл жерде, бөгде дәстүрлердiң үлгiсiн толық­тай көшiрiп алуға болады деген ой туын­дамауға тиiс, өйткенi, мұндай әрекеттер­дiң барлығы да түптiң түбiнде қоғамға апат әкеледi. Дәстүр ол өзiнiң «эталон­дық» функциясын жоғалтпауға тиiс, мың жерден «өркениеттi», «либералды», «демократияшыл» болса да, бөгденiң (батыстың, орыстың, т.б.) эталонын (абырой үлгiсiн) сол күйiнде көшiрiп алу, қайталаудың арты – жақсылықпен бiтпейдi, өйткенi, бөгденiң «абыройы» – бөгденiң мифiнен, дiни сенiмiнен, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрiнен бастау алып шыққан. Сондықтан да, өз абыройымызды түгендей алмай отырып, өз абыройымыздың шарт-талаптарын анықтап алмай тұрып, өзгенiң моделiн үлгi ету арқылы iс тындырам, ұшпаққа шығам деу – жай бос қиял ғана емес, барып тұрған зиянкестiк болып табылады.

Абырой заңының жалпы қисын­дамасы осындай. Ал оның iлкi этало­ны, iлкi үлгiсi қандай болған? Мiне, бү­гiн­гi қазақты да ең алдымен осы мәсе­­ле толғандыруға тиiс. Бұл – жеке қазақ­қа да, ел билеушi, мемлекеттiң бас­қару тетiктерiн қолына ұстап отырған бас­­қарушы қазаққа да қатысты. Яғни қатардағы азаматтан бастап Елбасыға дейiнгi қазақтың әр қызметiндегi, манса­бындағы өзiндiк iлгi эталоны – «Абырой заңы» болуға тиiс. Әр адам осындай өз қызметiне сай ата-бабалардан берi келе жатқан iлкi үлгiге (жүрiп-тұру ко­дексiне) арқа сүйегенде ғана бiрдеңе тын­дыра алады. Өз дәстүрiн (сөздiң қазiргi түсiнiлiп жүрген мағынасында емес) сый­ламайтын, өз көрсеткiштерiн (тiлiн, дiлiн) менсiнбейтiн, не болмаса, «тiптi, ол жақсы кiсi болғанның өзiнде де», олар­дың ешқайсысынан хабары жоқ адамның ­ел басқарып, халықтың көсегесiн көгертедi деудiң өзi қиял болып көрiнер едi.

Бiз бүгiнгi ел тетiгiн басқарып, ел тұт­қасын иеленiп отырған кiсiлерден осындай үлгiнi талап ете аламыз ба? Абырой заңы түгiлi, өзiнiң ана тiлiнен мақұрым қалған, тiл бiлгеннiң өзiнде де «абырой» дегеннiң не екендiгiнен хабарсыз, соның салдарынан басқаның әдет-ғұрпына, басқаның жүрiп-тұру кодексiне (оның өзiнде де тек қара­қан басының қамы үшiн ғана шалағай түрде) ден қойып жүрген «жаңа қазақ атқамiнерлерiнен» бiрдеңе күту, бiрде­ңе дәметудiң өзi жөнсiз болар едi. Бiз осындай iлкi үлгiнi – «Абырой заңын» реконструкциялаудың, оны жаңа за­ман­ға сай бейiмдеудiң қажеттiлiгiн еске саламыз. Тек осыған құлақ асар адамдар­дың шығуынан, осыған сүйенген жаңа басқарушылар ұрпағының келуiнен үмiттенемiз. Өйткенi үмiтсiз тек шайтан ғана.

 

«Қазақ даласы және герман тәңірлері»

Қазақ тілінің жекелеген сөздерін саралай келе маған тап болған, мені таңдандырған ой «осы қазағымның тілі өңін айналдырған тазша-бала сияқ­ты екен» дегенге сай еді... Қазақ тілі – ауыл­дың аңқылдақ шалының тіліндей тым қарапайым, тым қарабайыр, тым созылыңқы сияқты. Бірақ бұл сырттай қарағандағысы ғана. Қазақтың кез келген қара сөзінің қабығын қырсаң, оның астында жылтыраған алтын тұрғанын көріп таңғаласың... Қазақ тілі – екінді тіл, яғни туынды тіл. Ол көне жұм­бақ тілдің қарабайыр, күнделікті тілге айналған түрі. Қазақ тілі – арғы дүние тілі. Біз оны қарапайым сөздердің ежелгі мағынасын анықтау арқылы көрсеттік те. Ал дәстүрлі ежелгі таным заңдылығы бойынша бір нәрсе бір дүние­ден екінші дүниеге өткенде, өзінің болмысын түбегейлі түрде қарама-қарсы сипатқа өзгертеді. Әлгі Алпамыс батыр о дүниеде қалай тазша балаға айналып кетсе, қазақ тілі арғы дүниеден мына жалған дүниеге келгенде өңін айналдырып, қарабайыр тіл болып көрі­неді. Ақиқатында ол – асыл да жұмбақ тіл...

Қазақ тілі – екі дүниенің арасындағы жол. Оның бірінші – кірер есігі – тым тар, тым аласа, кіргеннен кейін жүрер жолы да тар дәліз сияқты... Бірақ тар үңгір жол қадам басқан сайын кеңейе, биіктей береді. Шығатын тесік – Үлкен Қақпа. Яғни тіл білу үшін де, қазақ болу үшін де тар тесікке тоңқаңдап кіресің, оның есесіне шыққанда еңсеңді биік ұстап, тік шығасың. Бұл – қайта жаралу, инициациялық (жетпектік) сынақ... Қазақ тілді ортада өскен, қазақша сауат ашып, білім алған, қазақша сөйлейтін пенденің қазақтығының да оңып тұрғандығы шамалы. Қазақ болу – тек қазақша сөйлеу емес, адам жанының ерекше көңіл күйіне түсу...

 

 «Жауынгерлік рух кітабы»

Алатайлы Аңшыбай – қазақ эпика­лық дәстүріндегі барлық батырлардың ішіндегі ең ежелгісі болып табылады. Ол – бірінші сері. Яғни Аңшы­бай – XIV ғасырдағы есен-қазақтардың жауынгерлік пірі болған сыңайлы. Міне, осы пірдің қазақ жауынгеріне қалдырған өсиет-кодексі:

Парпария қарағым,

Қайырлы болсын талабың!

Ел қорғаны болам деген,

Тілегіңді қабыл аламын

Аңысын аңда әр істің,

Айыра біл асықпай

Тоғыз жолдың торабын.

Орнын тауып, жұмсай біл,

Бойыңа біткен күш-қайрат,

Ақыл-ой мен сананың.

Тайғақ кешу, тар жолда

Аруағы жар болсын,

Бұрынғы өткен бабаның

Дүниенің сыры көп.

Әккі жаудың қыры көп

Жан-жағыңды шолып қарағын,

Өз бойыңа сай болсын

Сауыт-сайман жарағың

Тұлпар болсын мінгенің,

Сұңқар болсын ілгенің,

Сұлу болсын сүйгенің,

Асыл болсын кигенің,

Жауыңды жеңіп, ел алсаң,

Қатын-балаға тимегін.

Жазықсыз жанды жылатпа,

Тарихи тамды құлатпа.

Қайратыңа мастанып,

Кем адамды кемітіп,

Қағып-соғып құлатпа.

Қартты көрсең, қайырылып,

Барың болса, беріп кет.

Үй-үйден қайыр сұратпа...

Таңдап ал, балам, досыңды.

Сайлап ал қонар қосыңды.

Әрқашан да ұмытпа.

Есіңе алып жүргейсің

өсиет деп менің осымды.

Тағы да айтар сырым бар.

Бар ынтаңмен ұғып ал,

– арбаушы,

Ойыңды одан аулақ сал.

Есіңнен еш те шықпасын

үйдегі бала, сүйген жар.

Кетсең егер сүрініп,

ғазиз басың болар дал.

Дұшпандарың табалап

Теріс қарап достарың ,

Төгілер, балам, ұят-ар.

Бұл – қазақ жауынгерлерінің рыцар­лық кодексі, қазақ жауынгерінің жолы – яғни «бусидосы». Осы кодекс бүгінгі қазақтың да, қазақ жауынгерінің де өмір салтына айналса, оң болар еді.

 

Зира НАУРЫЗБАЙ,

философия ғылымдарының кандидаты