• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Желтоқсан, 2024

Ұлтын ұлықтаған ұлағат

130 рет
көрсетілді

Қарымды қаламгер, баспасөздің баһадүр ардагері Сүлеймен Мәмет есімі құлағы түрік, көкірегі ояу қазаққа жақсы таныс. Көркем проза мен эсселік көсемсөз оның қос қанаты десек болады. Осы сөзіміздің дәлеліндей, жақында жарық көрген «Жалқы жан» атты жаңа кітабына хикаяттары мен әңгімелері және танымдық-портреттік тұрғыдағы эсселері топтастырылған екен. Осынау шынайылыққа толы шығармалардың иіріміне батқан сайын қанаттас қаламдастың ұлт, ел мен жер деп соққан жүрек лүпілін аңдамай тұра алмадық.

Ең әуелі қадап айтарымыз, Сүлей­мен Мәметтің жазушы ретінде сөз өнерін қапысыз мең­гергендігі, осы орайдағы көздеген нысанадан мүлт кетпес сөзмергендігі мен көзмергендігі. Бір қанаты журналистика бола тұра, автордың көркем прозасынан публицистиканың ұшқынын да байқамайсыз. Осы суреткерлік қыры жалпы кітапты, ондағы көркем хикаяттар мен әңгімелерді барынша тартымды һәм оқылымды ете түскен. Бұл шығармаларда айшықтала баяндалған сонау жылдардағы, қиын-қыстау кездердегі аналар мен әжелер, түптеп келгенде, қа­зақ әйелі шеккен тағдыр тауқыметі, алуан түрлі кейіпкерлердің болмыс-бітімімен, қилы-қилы бейнесімен тұздықталған одан бергі өтпелі кезеңнің көрініс-кейіптері, адам тағдыры, қара қазандай қайнаған тіршілік ортасы жан толқытады, оқырманды әсте бейжай қалдырмайды.

Кітапты ашып тұрған «Жалқы» хикая­тының философиясы – жалғыздық. Сәнді­баланы жастайынан өмірбақиға созылар жалғыздық тақсіретіне душар еткен нен­дей жағдай? Сорын қайнатқан кім? Қырық жыл бойы қырсықтан арылмайтын­дай бұл бейбақ әйел кімге не жазды? Жалғыз ұлынан айрылған жалғыздығына жан-жүрегі қайтіп шыдас берді? Иә, хикаятта жан толғантар сұрақ көп. Жауабы да осы психологиялық інжу-маржан иірімі мол хикаяттың ішінде. Сәндібаланың балалық шағы күллі елді жайлаған, әке-шешесі мен бауырларын жалмаған аштық деген алапатпен тұспа-тұс келді. Бала күнінен-ақ заманынан жоқшылықты да, жаман адамдардан жәбір-жапаны да көп көрді. Енді ес жиып, етегін жаба берген кезде қыр­ғын соғыс басталып, майданға аттан­ған ер азаматы сол кеткеннен мол кетті. Өксумен өмір өтті. Кәрілік жетті. Бұл енді, қысқа фабула, мазмұны ғана. Хи­ каятта қазақ ауылының қоңторғай тірлігі, салт-дәстүрі, қуанышты мезеттері, үміт-армандары, әрқилы тағдырлар, дала табиғатының тосын мінездері қосыла өріліп, кеңінен қамтыла суреттеледі. Өткен өмірдің көркем шежірелі, мұңды сүгіреті. Шығарманың мәйекке малынған тіл шұрайы да, мүдірмес те кідірмес мәнер-машығы да соған сай.

Жоғалған кішкентай ұл Досжан, анасы Сәндібала біраз жасқа жетіп, ұлының өлгеніне сенбей, шерлене күтумен жүріп қайтыс болғаннан кейін қырғыз ағайындардың арасынан табылады. Рух өлмейді, сүйек үзілмейді, өмір жалғасады.

Астарына үңіле алсақ, осыдан кейінгі «Ей, шал!» хикаятының атауында да көп мән жатыр. Күні кеше кеңес өкіметі құлағанда халықтың сұраусыз байлығын иемденіп, кенеттен көктен түсе қалған иен дәулетке мастанып, кеуделеріне нан піскен, жауырындарына жал біткен көрдемшелер адамдық қасиеттен де әп-сәтте жұрдай болып қалады екен. Жасы үлкенді сыйлауды ұмытқан, ақсақалды ақсақал деп білмейді. Дөрекі, дөкірлігі, тасыраңдаған тасырлығы шектен шығады, ақыры, шекесіне тиіп тынады. Өмір ондай жетесізді орнына қояды.

Бұдан кейінгі «Торқа топырақ» хикаяты нарық заманының нәубеттеріне басқа қырынан келеді. Әй дер әже, қой дер қожа жоқ жаңа дәуір бастала сала жекешеленіп кеткен бір мекеменің бастық атаулыға жағынып-жалпаю жанына жат бір бөлім басшысы жұмыстан қуылғанымен қоймай, күштінің диірмен тартқан дүмімен соттала жаздап, ақыры, базардағы арба сүйреушілік те бұйырмай, отбасы-бала-шағасының нәпақасын көр қазушы болып табады. Бұған дейін неше түрлі машақаттан өтеді. Бәрі ақиқат жайлар, өмірдің ащы шындығы. Әйткенмен, көрген-түйгені мен тоқығаны мол жазу­шы­ның таңғалдыратын түйінді шешімі хикаяттың соңына сақталыпты. Көр қазу­шылық кәсібінің үшінші жылында кейіпкер тосын сұмдыққа тап келеді. Ба­сында байқамапты, айналасындағы адам­дарға, әңгіме-дүкенге көз салып, құлағын түрсе, өзін жұмыстан қуған бұрынғы өркөкірек бастығын өз қолымен жерлеп жатыр екен. Ернін қыршып алып, есін әрең жиды. Тілі байланып қалғандай. Осы су­реттеуінде Сүлеймен Мәмет хакім Абайдың:

«Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ», деген мәңгі өлмес тағылымын еске салып тұрғандай.

Жазушы жанына жақын тақырыптар арқауын үзбей, шағын әңгімелерінде де үйлесімді жалғасын тауыпты. Қазақ қайда барады? Ауыл мен қала қазағы арасындағы алшақтап бара жатқан айырмашылық. Туыстық қатынастар, бұрынғы сыйлас­тық пен бауырластық неге суиды? Жарға жы­ғар жиркенішті менмендік. Тіптен туған әке­сінің өзі баласының үйінен жылу таппайтын, немерелерін еміреніп еркелете алмайтын қатыбастық қайдан шыққан? «Қош, қарағым...», «Жер бесік», «Жұртта қалған тарғыл қаншық» әңгімелерінде бүгінгі өміріміздің, заманымыздың, қо­ғамымыздың қаны сорғалай ушыққан осындай зарлық жайлары аса шынайы бейнеленген. Қаламгер шеберлігі бұл ретте де тайпалған жүйрік жорғасынан жаңылмайды. Әр әңгімеде өз деңгейіндегі типтік, жиынтық бейнелер жасайды. Құд­ды сол ортаға түсіп, кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге мұңайғандай күй кешесің.

Айтқанымыздай, кітаптың екінші бөлімі – эсселер. Иә, қазіргі қазақ журналистикасы мен көсемсөзінде Сүлеймен Мәметтің орны ерек, жосыны бөлек. Ең бастысы, бұл азаматта ұлтын сүйетін үлкен жүрек бар. Сол себептен де, Ахмет Байтұрсынұлы ұлағатымен, ең әуелі ұлтқа керектің ізіне түсіп, қазаққа пайдалыны қарпитынын, әр мақаласын ізерлі ізденіспен толғайтынын бұрыннан білетін едік. Қолымыздағы кітапқа кірген эсселерінде ұлтымыздың жақсылары мен жайсаңдары, олардың өнегеге толы өмір жолы, елі үшін атқарған жансебіл қызметтері, әсіресе, жастарымызға, ке­йін­гі ұрпаққа үлгі етіп тартылады.

Осы орайда «Ұлт қызметшілері» деген ортақ тақырыппен ұсынылған салқар топ­тамадағы қазақтың үш бәйтерегі: қазақ көркемөнерін көгерткен Темірбек Жүргенов, мансапқа емес, ұлт мақсатына қыз­мет еткен Ілияс Омаров, намыс ұлы, өрен жүйрік Өзбекәлі Жәнібеков туралы тол­ғамды эсселерді кім-кімнің де ерекше ықы­ласпен ынтызарлана оқитыны сөзсіз. Автор үш дәуірдегі үш алыптың тілі­міз бен діліміз, ұлттық өнеріміз жолын­да қандай қайыспас қайраткерлікпен жан­кешті күрес жүргізгенін алдымызға нақ­ты деректермен жайып салады. Бұл тұс­тар­да Сүлейменнің қаламы айрықша әңгі­ме­шіл. Әдемі әсермен, елшіл сезіммен оқыр­ман­ның айызын қандырып, жан-жүректегі отан­­шылдық отты жандырып отырады. Ақын­­жандылықпен шырайланған бұл эссе­лер­ді оқыған алғыр жастарымыздың бо­йы­­на осынау алып аталарына ұқсағысы ке­ле­­тін құл­шыныс, құштарлық туатынына, ­туып та жатқанына еш күмәніміз жоқ. Тағы­лым, сабақ, ғибрат. Бұл шы­ғар­­малар­дың ­­атап айтар құндылығы да осында.

Келесі триптихте қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев пен ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов өмірінің бірқатар шұғылалы сәттері атақты күрескер дә­рігер Сайым Балуанұлы Балмұқанов ғұ­мырнамасымен жарастыра өріліп бе­рілген. Бұрын білмеген қаншама тосын жайттарға, ғажап сырларға қанығамыз. Айталық, «басқыншы жаһандану» деген жаңа сөз тіркесін қолданады. Ал Ақтөбе жер аты ежелгі Ер Мамайдың қызының бейіті бор тастан көтерілген кезде шыққан екен. Мұндай іліми ақпарат беріп отыруды Сүлеймен Мәмет мәнерінің өзіндік ерекшелігі, дара қолтаңбасы деп біліңіз. Ұлы Абайдың шөбересі Ишағы апа Жағыпарқызының сырлы сұхбатынан да ұлыларымызға қатысты көп тарихтың беті ашылады. Одан әрі автордың өзі тікелей араласып, жақсы інісі бола білген ақын-жазушы, әдебиетшілер Бердібек Соқпақбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Шона Смаханұлы, Сағат Әшімбаев, ғұлама ғалым Өмірзақ Сұлтанғазин, қайталанбас қолөнерші ұста Дәркембай Шоқпарұлы, қазақ баспасөзінің серек тұлғасы Ұзақ Бағаев пен оның ақын ұлы Ерлан Бағаев сынды дегдарлардың суреттеме портреттері көкірек көзімізді кеңірек ашып, жан дүниемізді байыта түсері хақ.

Иә, «Жалқы жан» кітабының да әдебиетіміз бен мәдениетімізде өзіндік дара соқпағы бар деп кәміл сеніммен айта алсақ керек.

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

 

АЛМАТЫ