Осыдан үш жыл бұрын «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық байқауда жеңімпаз атанып, Ақордада Мемлекет басшысының қолынан 3 миллион теңге грант алған Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылындағы Әсет Бейсеуов атындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Бақытәлі Даулетиярұлының есімі өңір ұстаздарының арасында топ жарып тұрғаны хақ. Содан бергі тынымсыз ізденіс пен еселі еңбектің нәтижесінде, Бақытәлі Даулетиярұлы «Қазақстан мұғалімі-2024» байқауында да ұлттық сыйлықтың жеңімпазы атанып, еліміз бойынша үздік деп танылған 10 ұстаздың қатарына қосылып отыр. Жеңімпазға 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Сондай-ақ ол алда болатын «Әлем ұстаздары» байқауына қатысуға жолдама алғанын айрықша атаймыз.
Республика бойынша үздік мұғалімдердің ондығына іліккен Бақытәлі Дәулетиярұлы 2014 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің физика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін үздік аяқтаған. Содан соң Сүлеймен Демирел атындағы университетте жоғары білімін жалғастырып, физика және педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленген. Білімнің тереңіне бойлаған ұстаз еңбек жолын Қарғалы ауылында Әсет Бейсеуов атындағы орта мектепте физика пәні мұғалімі болып бастаған. Көп ұзамай педагогикалық шеберлігі мен кәсіби жетістіктерінің нәтижесінде, «педагог-сарапшы» біліктілік санатына ие болған.
Еңбек жолын бастаған білім шаңырағында роботтехникалық құрал-жабдықтың жоқтығы алаңдатқан жаңашыл ұстаз Бақытәлі Даулетиярұлы 3 млн теңге көлеміндегі жүлдені жеңіп алғаннан кейін, «Өнертапқыштар әлемі» атты кабинет ашып, оны заманауи жабдықтармен толықтыруға кіріседі. Кабинетке физика, инженерия, роботтехника құралдары мен 3D-принтерлері орнатылады. Сөйтіп, жаңа мүмкіндіктер күрделі жобаларды жүзеге асыруға жол ашып, мектеп оқушыларының физика пәніне қызығушылығын арттырады.
«Сабақ беру барысында мені бірнеше маңызды сұрақ мазалайтын еді. Айталық, қазіргі кезде барлық бала компьютерлік ойындарға қызығады. Бірақ сол технологияның негізін жасайтын физика ғылымына қызығушылық танытпайды. Сондай-ақ фильмдерде бейнеленген роботтарды барлығымыз білеміз, алайда олардың қалай шындыққа айналып жатқанын түсінуге тырыспаймыз. Тағы бір мәселе, балаларымыздың ән мен биге деген құлшыныстары жоғары болғанымен, білім мен ғылымға қызығушылықтары төмен екендігі мені терең ойландырды. Сол себепті, мен сабақ барысында теорияны тәжірибемен байланыстыру арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру жолдарын іздедім», дейді білікті ұстаз Бақытәлі Дәулетиярұлы.
Қажетті құрал-жабдықтардың жоқтығына қарамастан, бұзылған техникалық құрылғыларды жинап, солардың бөлшектерін қолдану арқылы ерекше жобаларды жүзеге асырғандарын алға тартты.
«Автоматты қоқыс жинағыш, роботкүнбағыс, автоматты қоқыс қабылдағыш, ақылды түнгі шамдар құрастырылды. Бұл жобаларды жасау барысында оқушылар физика заңдылықтарын терең меңгеріп, электр тогы, механика, жарық заңдары сияқты тақырыптарды практикалық түрде зерттеді», дейді ол.
Оқушылар физика заңдылықтарын өз қолдарымен тәжірибе жасап зерттегенде ғана олардың қызығушылығы еселеп артқанын байқайды. Осы әдіс арқылы физика оқушылар үшін түсінікті әрі қызықты пәнге айналады. Жас ұрпақ алдындағы өзінің жауапкершілігін жете сезінген ұстаз шығармашылық топ құрып, шәкірттерімен бірге көптеген жобаны сәтті жүзеге асыруға кіріскен. Білім беруде жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, оқушылардың қызығушылығын арттыру және өмірге қажетті дағдыларды дамыту қажеттігін зерделеген Бақытәлі, бұл мақсатта STEAM әдістемесін, роботтехника мен физиканы интеграциялауды тәжірибесінде кеңінен қолданады. Нәтижесінде, оқушыларымен бірлесе «Биомеханикалық протез» жобасын жүзеге асырады. Жобаның сәтті шығуына «Қазақстан мұғалімі» байқауы аясында мектепке сыйға берілген 3D принтерінің пайдасы тигенін мақтан етеді.
«Оқушылардың көмегімен жасалған алғашқы протезді мектебіміздің оқушысы Мирасқа арнап жасадық. Спорт пен білімді қатар алып жүрген талантты бала төрт саусағынан айырылған. Сол кемістіктің орнын толтырып, армандарын кедергісіз жүзеге асыруына үлесімізді қостық. Сонымен бірге мектебіміздің мұғалімі Ғалияның қолына, Ұзынағаш ауылының тұрғыны Дәулет есімді азаматтың аяғына арнап протез жасап, өмір сүру сапасын жақсартуға септігімізді тигіздік», деген физика пәнінің мұғалімі Бақытәлі Даулетиярұлы сөзін сабақтай түсті.
«Біздің команда жасаған протез Дәулетке қайтадан өз аяғымен жүруге мүмкіндік берді. Оның алғаш рет еркін қозғалып, өмірге қайта оралғанын көру біз үшін теңдессіз қуаныш болды. Бұл жоба біздің ғылым мен технологияны адам өмірін жақсарту жолында қолдану миссиямызды тағы бір мәрте дәлелдеді. Оқушыларымыздың басқа да маңызды жобалары бар. Мысалы, көзі көрмейтін жандарға арналған кедергіні алдын ала ескертетін көзілдірік, ұйықтап кету қаупі бар жүргізушілерді дыбыстық сигналмен оятатын құрылғы, бөтелкелерді қайта өңдейтін механизм, авиа жеткізуші дрон сынды жобаларды атар едім. Біз жасаған жобалар – тек ғылыми жетістік емес. Олар – әр жүректі тебірентетін, ауыр тағдырларды жеңілдетуге арналған нақты қадамдар. Оқушыларымыздың адамгершілік қасиеттері, қоғамға пайда тигізуге деген ынтасы – бұл жобалардың басты жетістігі. Осындай жаңашылдықтардың арқасында оқушыларымыз облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, жетістіктерге жетуде. Сонымен қатар бұл жобалар олардың жоғары оқу орындарына түсуіне үлкен көмек көрсетіп отыр», дейді ұстаз.
Үнемі ізденісте жүретін Бақытәлі Даулетиярұлының білім саласында қол жеткізген кәсіби жетістіктері мен марапаттары аз емес. Ұстаздық қызметін бастаған 2018 жылы «Педагогикалық дебют» атты аудандық байқауда 1-орын алып, аудан әкімінің Алғыс хат, Құрмет грамотасымен марапатталуы жас маманға жігер берген. Ал Президенттің қолынан грант иеленуі, тіптен қанаттандыра түскен. Сол 2021 жылы «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» және «ЖМБ пәндерін ағылшын тілінде оқытатын педагогтерге арналған шебер сынып алаңы» атты екі бірдей облыстық байқауда 1-орынды жеңіп алуы осы ойымыздың дәлелі болса керек.
Келесі жылында Өзбекстанда өткен «Education and science» халықаралық жастар форумында, кейінгі екі жыл қатарынан «Ауыл мектептерінің білім сапасы: қазіргі жағдайы, мәселелері, шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда іс-тәжірибесімен бөлісті. Одан кейін «Ғылымның өзекті мәселелері» атты халықаралық конференцияға қатысып, тәжірибесін толықтырған Бақытәлі былтыр облыс әкімі тағайындаған «Заңғар» жастар сыйлығының «Үздік жас ұстаз» аталымының жеңімпазы атанды.
«Ұстаздан – шәкірт озар» демекші, оқушыларының ғылымға деген қызығушылығы артып, теорияны практикамен байланыстыруға ерекше мән беруде. Соның нәтижесінде, шәкірттері түрлі дәрежедегі олимпиада, ғылыми жобаларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Атап айтсақ, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық олимпиадасының 2021 жылғы облыстық байқауынан Алмас Өкей 2-орын алса, аталған байқаудан 2022 жылы Әлихан Ұзақбай 3-орын иегері атанып, мектеп ұжымының мерейін тасытқан. Өткен жылы техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың облыстық жарысының «Әуе модельдеуінен» Мейірғали Байрамғалидың 1-орынды жеңіп алуы да зор жетістік саналады. «Хабарландыру және «Shoqan Ecology» жас ғалымдардың халықаралық ғылыми жарысына қатысқан Ернұр Тұрғанбай 2-орынды иеленіп, 150 мың теңге сыйақы ұтқан. Биыл «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты инновациялық идеялардың облыстық байқауының түрлі аталымы бойынша үш оқушысы 1-орындардың жеңімпазы атанды. Атап айтқанда байқаудың «Өндіріс саласындағы техникалық құрастыру» аталымы бойынша Ернұр Тұрғанбай, «Авиация саласындағы модельдер» аталымы бойынша Серіжан Нұрғазин, «Жылу энергетикасы, электр энергетикасы, баламалы энергетика саласы» аталымынан Бақытжан Борашбаев үздік деп танылып, І дәрежелі дипломдармен марапатталды.
«Мен үшін ең үлкен марапат – сабақ соңында оқушыларымның шынайы ризашылықпен «Рахмет, ағай!» дейтін жүрекжарды сөздері. Балалардың бұл алғысы менің жұмысымның басты нәтижесі әрі оң бағасы деп білемін», дейді жаңашыл ұстаз.
«Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деген тәмсіл бар. Қоғам игілігі үшін білімді, рухани бай, жаңашыл ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат еткен Бақытәлі Дәулетиярұлы 30-дан жаңа асқан. Отбасын құрап, үш баланың әкесі атанған. Жұмыстан тыс уақытта спортпен шұғылданып, ММА жекпе-жегімен айналысқанды ұнататын ұстаздың алдағы арманы – еліміздің дарынды жастарының қатарын көбейту, ғылымға еңбек сіңіру.
Алматы облысы