Соғыстың басталғаны туралы суық хабар Қарсақбайға сол күні, 1941 жылы 22 маусымда жетті. Соғыстың болатынын және оның жақын уақытта басталатынын ел-жұрт сезіп жүрсе де, соғыс басталып қалды деген хабар халықты қатты үрейлендірді. Сол күннен бастап барлық өмір, тұрмыс, тіршілік соғыс мұқтажына қарай икемделді.
Қасым Мырзатов әскер қатарына алғашқылардың бірі болып шақырылып, 1941 жылдың шілде айында соғысқа аттанды да, елге 1946 жылдың жаз ортасында оралды. Әскери шені капитан, қызметі батальон командирі болып келеді. Соғыста төрт рет жарақаттанған.
Қасым 1909 жылы осы күнгі Ұлытау ауданына қарасты аумақтағы Балажезді өзенінің бойындағы Аралкөң деген жерде өмірге келді. Бұл жер Баян, Қосым аталарының атамекен қыстағы болатын. Қасымның әкесі Байсалбайдың екі ұлы болған. Оның үлкені – Мырзат, кішісі – Қоңыр.
Қоңыр 1910 жылы сырқаттанып қайтыс болғанда, оның перзенті Қасым бір жасқа толар-толмас сәби екен. Осы себептен Қасымды әкесінің ағасы Мырзат өзінің қамқорлығына алып өз балалары Жақан, Даяр, Шажаймен бірге тәрбиелейді. Қасым фамилиясының Мырзатов болып кетуі содан.
Қасым мен ағаларының еңбек жолы Қарсақбайдан бастау алады. Қарсақбай өңірінде мыс қорының барын анықтаған ағылшындар осы жерде өнеркәсіптік кешен сала бастайды. Бұл үшін Жезқазғанды, Қарсақбайды, Байқоңырды жалғастыратын ұзындығы 120 шақырым тар табанды теміржол салады.
Қасым мен ағалары Жақан, Даяр, Шажай жұмысты осы тар табанды теміржолда бастайды. Қасым паровозға от жағушы, кейінірек паровоз машинисінің көмекшісі, машинист болып 1937 жылға дейін істейді, Стахановшы атанды. Өз бетінше оқып, білімін толықтырады. 1937 жылы Қарағанды облыстық комсомол комитетінің пленумында ол облыстық комитеттің жұмысшы-жастар бөлімінің меңгерушісі болып сайланды.
Бұл саяси репрессияның қаһарына мініп тұрған жылдары болатын. Соның салдарынан облыстың басшы партия, комсомол қызметкерлері дүркін-дүркін өзгеріп, біразы «халық жауы» болып айдалып кетіп жатады. Қасым 1939 жылы Қарсақбай зауытының кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне келеді. Ол тұс Қарсақбай мыс қорыту зауытының күшейген кезі екен. Зауытта мықты ұжым қалыптасып, республиканың алғашқы қазақ жұмысшылары көзге түсе бастайды.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, көптеген азаматтар әскер қатарына шақырылды. Қасым офицерлік қысқаша курсты бітіріп, соғысқа лейтенант шенінде, взвод командирі болып кіріседі. Одан кейін рота командирі, ақырында батальон командирі болады. Алда айтқанымыздай капитан атағымен соғысты аяқтаған Қасым майдандағы ерлігі үшін ордендермен, медальдармен марапатталды. Оның ішінде Қызыл Жұлдыз, Отан соғысы және Жауынгерлік Қызыл Ту ордендері бар.
Соғыс жылдары Қасымның отбасы – әйелі Зәкен, балалары Сейітбек пен Марат ел-жұртпен бірге ауыр тұрмысты бастан кешеді. Қасым соғыстың басынан аяғына дейін болады. Елге аман оралған Қасым алғашында Қарсақбай теміржолының қозғалыс бөлімінің бастығы болып жұмысқа кіріседі. Кейін сол Қарсақбай теміржолының басқарушысы болады. Бұл жылдары осы теміржолға соғыстан оралған біраз азаматтар келіп орналасады. Олардың қатарында Жәнгер Жанасов, хатшысы Таңатар Мықтыбаев, Мұқай Зұлқашев, Нұрғазы Таңқыбаев, Құдабай Дүйімқұлов, тағы басқалар бар.
1957 жылы жауынгер Қасым Қарсақбай мыс зауыты директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол өзіне жүктеген жұмысты үлкен абыроймен атқарады. Оның беделі өте жоғары болады. Ел-жұрттың құрметіне бөленді. Әсіресе, Қарсақбай зауытына жақын жерде орналасқан Балажезді ұжымшары зауыттың тікелей қамқорлығында болған еді.
Қасым ел ішінде тек қызметімен ғана емес, өзінің азаматтық, адамгершілік қарым-қатынасы, бауырмалдығымен де сыйлы болды. Оның көптеген құрдастары, замандастарымен, тетелес аға-інілері азаматтың ел ішіндегі орнын да, қадірін де әлі күнге айтып жүр. Сол замандастарының арасынан Жаныбайұлы Сүйінғазыны, Қожабайұлы Абдрахманды, Сомжүрекұлы Бапанды, Жылқайдаров Асанды, Құрымбаев Айтжанды, Таңқауов Жұмағалиды, соғыста опат болған достары Дүйсенбайұлы Қойшыбайды, Байдешов Жақанды атай кетсек, артық болмас деймін.
Қасым соғыстан қайтып келгеннен кейін Қойшыбай деген ұлы өмірге келді. Бұл Зәкен екеуінің, жақындарының үлкен қуанышы еді. Перзенттің азан шақырып қойылған, құжаттағы аты Сейітқасым. Қойшыбай деп атанып кетуі Қасымның өз құрдасы, соғыста опат болған досы Дүйсенбай ұлы Қойшыбайды есте сақтауға арналған.
Қасым алпысқа таянған кезде денсаулығы сыр бере бастады. Бұл соғыс күндерінің, бірнеше рет алған жарақаттардың салдары еді. Сөйтіп, 1969 жылдың тамыз айында қайтыс болды. Бүкіл Қарсақбай, Жезқазған төңірегі болып Қасымды құрметпен соңғы сапарға шығарып салды. Өзі кеткенімен, оның аты, сіңірген еңбегі ел-жұрттың есінде. Қасымның артында қалған ұрпағы ұлағатты болып өсті. Балалары Марат, Қойшыбай, немерелері Серік, Қарлығаш, Сәуле, Берік, Айбар, шөберелері әкесін, атасын, бабасын үлгі тұтып, соның өмір жолын жалғастырып келеді. Бұл соғыста да, еңбекте де алдыңғы шептен көрінген асыл азаматтың абыройын асырып, беделін биіктен көрсетіп келеді.
Жаһанша ЖАНАСҰЛЫ,
соғыс және еңбек ардагері.
Суреттерде: Қ.Мырзатов; Қ.Мырзатов анасы Кенішпен.