• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Желтоқсан, 2024

Ұлт руханиятының алтын діңгегі

193 рет
көрсетілді

Алматыда Жазушылар одағының 90 жылдығы құрметіне өткен салтанатты жиында еліміздің әдебиет саласындағы елеулі жетістіктері мен болашақ бағыттары талқыланды.

Мерейтойлық іс-шараға Мемлекет­тік хатшы Ерлан Қарин мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, таяу және алыс шетелдер – Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Швеция, Ресей Федерациясы (Татарстан, Башқұртстан, Саха, Чуваш) келген жазушылар қатысты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин оқып берді. «Жазушы­лар одағы –  руханиятымыздың алтын дің­гегі. Ақын-жазушыларымыз ұлтты ұйыс­тыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүр. Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасып келеді. Әдебиет – ойы­мыздың тереңдігі мен рухымыздың ас­қақ­тығын айқындайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту –  қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқару керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды дәріптеп жүрген барлық қаламгерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге бақ-береке, толайым табыс тілеймін. Халқымыздың рухын көтеріп, танымын ұлғайтатын туындыларыңыз көп болсын!»  делінген Президент құттықтауында.

Салтанатты жиынға арнайы келген Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев Прези­дент Садыр Жапаровтың құттықтауын жеткізді. Негізгі баяндама жасаған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов кейінгі үш жылда әдебиет пен мәдениетке үлкен көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. «Қазақстан халқы үшін 1934 жыл – нысаналы жыл. Қызылордадан астанамыз Алматыға көшіп келген бас-аяғы үш-төрт жылдың ішінде жас өкіметіміз мәдениетіміз бен өркениетіміздің өсіп-өнуінде таңғаларлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Жаңа құрылған Қазақстан Жазушылар одағы Мәскеумен бай­ланысқа шығып, әдебиетті дамыту жолында күрделі жұмыстарды  бастап кетті», деді Мереке Құлкенов.

М. Құлкенов айтып өткендей, кейбір тарихшыларымыз Қазақстан Жазушылар одағының тарихын 1926 жылдан бастағысы келеді. Рас, 1926 жылы 4 қазанда сол кездегі астанамыз Қызылордада құрылған ҚазАПП-ның платформасы жазылды. Бұл қазақша айтқанда, «Қазақстандық пролетариат – қара шаруа жазушылардың одағы» еді. Жаңа құрылған қоғамдық ұйымның мүшелері өздерін большевикпіз деп есептеп, ұлтшылдармен ымырасыз күреске шықты.

«Сол  кезде алашшыл, ұлтшыл атанған Міржақып Дула­тұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Қошке Кемеңгерұлы сияқты талантты жазушылар «жиналыстағы сөздерінде, баспада жарияланған мақалаларын­да: «Қазақта «қанаушы», «қаналушы» таптар болған да емес, болмақ та емес, ендеше, қазақта таптық әдебиет болмады, болмайды да. Олай болса, қазақ жазушылары тапқа бөлінуді қойып, таптық емес, жалпы қазақтық әдебиетті өркендетуі керек. Енді бір жанымыз удай ашитын жағдай – 1934 жылы құрылған Жазушылар одағына біздің ұлы жазушыларымыз Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Ахмет Байтұрсынұлы, Қошке Кемеңгерұлының мүше бола алмағандығы», дейді М.Құлкенов.

Ілияс Жансүгіров одақтың негізін қалады, оның қалыптасуына орасан зор еңбек сіңірді. Сәбит Мұқанов та осы үрдісті жалғап, Абай, Махам­бет, Жамбыл секілді ұлыларымызды бүкіл­одақтық оқырманға танытуға жағдай жасады. Үкімет басшылығында болған Әди Шәріпов ұйымның материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салды. Жазушылар ішінде жалғыз ғана Социалистік Еңбек Ері атағын алған Ғабит Мүсірепов өз беделі арқы­лы одақтың беделін арттыра білді. Жұбан Молдағалиев, Әнуар Әлім­жанов, Олжас Сүлейменов, Қал­дарбек Найманбаевтан бастап, Нұрлан Оразалинге дейін әр басшы одақтың дамуына барын салып қызмет етті. Әсіресе кейінгі үш жылда Жазушылар одағына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігімен стра­тегиялық әріптестік бойынша үш жоба қолға алынып,  36 жаңа кітап жарық көрген. 

ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев қазақ әдебиеті­нің жарық жұлдызы Мағжан Жұма­баев түріктердің басына күн туғанда «Алыстағы бауырыма» деп жыр жаз­ғанын еске түсірді. ТҮРКСОЙ ха­лық­аралық ұйымы үшін Қазақстан Жа­зушылар одағының 90 жылдық мерейтойы – тек бір ұлттың  емес, әлем әдебиетіне құрмет көрсету, ортақ мәдениетімізді дәріптеу мүмкіндігі. Бұл мереке – қазақ халқының мәдениеті мен тілінің, әдебиетінің әлемге ортақ байлығын атап өтуіміздің бір көрінісі», дейді Сұлтан Раев. 

Жазушылар одағы Мәдениет және ақпарат министрлігімен стратегиялық әріп­тестік аясында биыл үш ауқымды жоба жүзеге асырыл­ған. Олардың біріншісі «Қазақстан жа­зушысының әдеби панорамасы» деп аталады. Осы жоба аясында 20 жас жазушы еліміз­дің түкпір-түкпіріне ұзақ­мерзімді шығар­машылық іссапарлар­ға аттанды. Оның қорытындысында 20 жаңа кітап жазылды. Екінші жоба – қазақстандық жазушылар ТМД мұ­рағаттарында жұмыс істей отырып, маңызды тарихи оқиғаларға арналған 16 кітап шығарды. Үшінші жоба «Жас жазушылар мектебі» деп аталды: 10 күн бойы жас жазушылар Алматыда (Жазушылар одағында) қалам шебер­лерінің дәрістерін тыңдады.

Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық тарихы туралы Дулат Исабеков баяндама жасады. Шетелден келген жазушыларға әдеби және қоғамдық маңызы зор сыйлықтар табыс­тал­ды. Атап айтқанда, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен ТҮРКСОЙ ха­лық­аралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан қаламгерлері марапатталды.

 

АЛМАТЫ