• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 09:25

Есімі ұмытылмайды

21 рет
көрсетілді

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Гүлзада Қалелованы еске алуға арналған іс-шаралар тізбегі оның туған жері Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында өтті.

Бұрын көпшілікке аты-жөні беймәлім болып келген Гүл­зада Қалелова 2024 жылы 26 ақпанда Алматы қалалық про­ку­­ра­турасының шешімімен саяси қу­ғын-сүргін құрбаны деп танылып, «Қазақстан Республикасының 1993 жыл­дың 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңы негізінде толық ақталған еді. 18 жасқа толмаған бойжеткен­­нің тағдыры туралы «Оралына оралма­ған қыз» атты мақаламызда толық айтқанбыз.

Биылғы Тәуелсіздік күні қар­са­ңында батыр қыздың туған жері Ақ­жайық ауданында «Ел барда ерлік ұмы­тылмайды» атты тақырыппен бір­­неше іс-шара өтті. Әуелі Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, «Батыс Желтоқсан» қо­ғам­дық бірлестігінің жетекшісі Күн­зила Мақсұтова, Гүлзада Нәби­қы­зы­ның туған інісі Мереке Нәби­ұлы, өлкетанушы, тарихшы, арда­гер ұс­таз Алдаберген Сәрсеков, жел­тоқ­сан­шылар, зиялы қауым өкілдері, Гүл­­зада Нәбиқызының тума-туыс­тары, сыныптастары, ауылдастары Қабыл ауылына жиналып, қаһарман қыздың қабіріне зиярат етті. Содан кейін осы ауылдағы тұрған үйінің қа­бырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Тақтада «Бұл үйде 1969–1987 жылдары Желтоқсан оқиғасына қатысушы қаһарман қыз, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қалелова Гүлзада Нәбиқызы тұрды» деп жазылған.

«Гүлзада да, біз – екі інісі де дәл осы үйде дүниеге келдік. Мына жерде кішкентай сарайымыз болып еді. Гүлзаданың сүйегі соңғы сапарға осы жерден шықты», деп еске алады інісі Мереке Қалелов. Ол осы жиынға қатысу үшін Көкшетау облысынан арнайы келген екен.

– Бүгін – біздің Ақжайық ауданы үшін ерекше күн. Себебі Тәуелсіздік мерекесі жақындап келеді. Бұл сөзді айтқан кезде осы ұғымның артында қанша еңбек, қанша тер, қанша қан жатқанын ұмытпауымыз керек. 1986 жылы 16 желтоқсанда алаңға шық­қан жастарымыздың көкейінде бір ғана тілек – қазақ елінің басшысы қазақ болсын деген талап болды. Бұл талай жыл тоталитарлық режімде өмір сүрген халықтың жанайқайы еді. Осындай жалындаған жастардың қа­тарында біздің ауылдасымыз, қай­сар қызымыз, күні бүгін батырымыз Гүлзада Нәбиқызының болғаны – біз үшін мақтаныш. Бүгін жерлес­те­рі, сыныптастары, желтоқсаншылар – барлығы Гүлзаданың тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатуды ұй­ғар­­­ған екен. Біз қош алдық. Осы еге­мендіктің ақ таңын жақындатқан әр­бір азаматтың есімін біз мәңгі есте сақтауға тиістіміз. Осындай шағын ауылдан ер­жү­рек батыр қыз шыққанына біз тәуба дейміз. Мұның барлығы әкенің қа­нымен, ананың сүтімен берілетін туған елге деген сүйіспеншіліктен туған іс әрекет деп түсінеміз, – деді ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы.

– Осыдан 26 жыл бұрын ойда-жоқта менің қолыма Гүлзаданың қылмыстық ісі тап болмаса, бүгін осындай жиын болмас па еді? Облыстық қауіпсіз­дік комитетінде 30-жылдардағы «халық жауларының» құжаттарын қа­рауға барып, 1986 жылы Желтоқ­сан көтерілісіне қатысқан Қалелова Гүлзада Нәбиқызының хаттамасы қо­лыма тиді. Ол хаттамада «Алаңға неге шықтың?», «Жаныңда тағы кім­дер болды?», «Сен кеңес өкіметіне қарсысың ба?» деген сұрақтар болды. Мен сол жолы хаттаманы оқығаным болмаса, көшірмесін ала алмадым. Есік алдында отырған сақшы «бұл құжаттарды болмайды» деп алып қалды. Бірақ қыздың аты-жөні мен мекенжайын есіме сақтап алып, кейін Қабыл ауылына Гүлзаданың ата-анасын іздеп барып таныстым. Егер сол қағазға тап болмасам, Гүл­зада әлі күнге дейін бұрынғы жаманатымен – «маскүнем», «нашақор», «жеңіл жүріске салынған» деген жаламен жүрер ме еді? Гүлзаданың осы жаманаттан құтылуына себепші болғаныма қуаныштымын. Келе жат­қан Тәуелсіздік мерекесі құтты бол­сын! Енді ондай зұлмат күндер қай­таланбасын! – деді ардагер ұстаз Алдаберген Сәрсек.

Бұдан кейін қаһарман қызды еске алуға арналған шаралар шоғыры Ілбішін ауылындағы Қарша орта мек­тебінде жалғасты. Жиылған қо­нақ­тар мектеп мұражайындағы жәді­­герлермен, Гүлзада Қалеловаға ар­нал­ған бұрышпен танысты. «Желтоқсан жебесі» атты кездесу кешінде арда­гер ұстаз Алдаберген Сәрсек пен «Батыс Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі­нің жетекшісі Күнзила Мақсұтова әсерлі естеліктер айтты.

Бұдан кейін «Ел барда ерлік ұмы­тылмайды» атты іс-шаралар аудан орталығында жал­ғас­ты. Жел­тоқ­саншылар, зиялы қауым өкілдері сол күндері алаңда азап шеккен қа­зақ жастарына араша түскен ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерт­кі­шіне гүл шоғын қойды. Аудан­дық мәдени-демалыс орталығында өткен әдеби-сазды кеште жергілікті өнерпаз жастар сахналық көрініс көрсетіп, Желтоқсан қаһармандарының ерлік ісін паш етті. Осы кеште өлкетану­шы Алдаберген Сәрсектің «Ананың амана­ты» атты кітабының тұсауы кесіл­­ді. Автор «Жазықсыз жала жабыл­­ған қызымды жаманаттан құтқаршы! «Мас­күнем» дейді. «Нашақор» дейді. «Жеңіл жүріске салынған» дейді. Олай болуы мүмкін емес!» деп зар еңіре­ген Гүлзаданың анасы Қалампырдың аманаты орындалғанын айтты. Иә, қа­һарман қыз ақталды. Осы жиында туған ауылындағы мектепке Гүлзада Нәбиқызының есімін беру жөнін­де ұсыныс айтылды. Болашақта ол да жүзеге асар. Қаһарман қыздың есімі енді еліне таныла берері анық.

 

Батыс Қазақстан облысы