Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдің жалпы стратегиялық дамуының негізгі бағыттары, қоғамдық-саяси ахуалы туралы баяндап, жылды қорытындылады.
Биыл көктемдегі су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі – Ақтөбе облысы. Өңір басшысының айтуынша, табиғат апатының салдарынан үй-күйсіз қалған тұрғындардың барлығы бүгінде баспанамен қамтылған. Су тасқынынан бір ғана Ырғыз ауданында Нұра, Жайсаңбай, Белшер, Құйылыс, Мамыр ауылдарында 170-ке жуық тұрғын үй зардап шеккен. Нұра ауылы тұрғындарының өтінішімен жаңа үйлер ауылдан он екі шақырым қашықта орналасқан Сарыоба жерінде салынған. Жалпы, облыста тасқын су 4 мыңнан астам үйге залал келтіріп, әлеуметтік нысандарды да шайып кеткен. Техникалық тексеру қорытындыларында 1 013 үй апатты деп танылған. Ірі бизнес өкілдерінің қаражаты есебінен жалпы сомасы 25 млрд теңгеге 500 үй салынып, 513 дайын үй сатып алынған. Сондай-ақ 3 мың тұрғын үйді жөндеуге, қалпына келтіруге 9,8 млрд теңге өтемақы берілген.
– Бұл қиын кезеңді Үкімет пен халықтың бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана еңсердік. Тұрғын үйлерден бөлек, мемлекет тарапынан бүгінгі таңда 13 білім беру, 2 спорт, 1 денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге, құрылысын жүргізуге, сондай-ақ 47 шақырым автожолды, 23 көпірді, 22 гидротехникалық құрылысты қалпына келтіруге толық қаржы бөлінді, – деді облыс басшысы.
Сонымен бірге су тасқыны салдарынан зардап шеккен 63 шағын және орта бизнес өкіліне, қираған 80 мал кешені мен малшы үйлеріне, 493 шаруашылыққа қарасты 11 мыңнан астам мал басына өтемақы төлеуге толық көмек көрсетілді.
Биыл өңірде 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін өңірде тағы 2 мектептің құрылысы аяқталмақ.
– Алдағы жылдары 11,4 мың оқушыға арналған 14 жайлы мектеп құрылысын аяқтап, іске қосамыз. Бұған қоса шалғай ауылдарда жергілікті бюджет, басқа қаржы көздерінен 4,6 мың орындық 15 мектеп салынады, – деді А.Шахаров.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 29 жоба қолға алынған. Бүгінде 12 нысан пайдалануға берілді. Өңір басшысы жыл соңына дейін тағы 6 нысан іске қосылатынын айтты.
Бұдан басқа, жеке инвестициялар есебінен Батыс Қазақстан өңірлерін толығымен қамтитын ірі жоба – ядролық медицина орталығы бар «Orhun Med Limited» клиникасының құрылысы басталды. Нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі.
А.Шахаровтың айтуынша, өңірде жақын арада инвестиция көлемі 21,4 млрд теңгені құрайтын рельс дәнекерлеу зауыты («ПЗТM LTD» ЖШС), инвестиция көлемі 99,6 млрд теңге болатын битум зауыты («Батыс Битум» ЖШС), 70 млрд теңге сомасында қаржыландырылатын цемент зауыты («Aqtobe Cem» ЖШС), басқа да маңызды жобалар іске асырылады. Бұл жобалар жүзеге асса, өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімі артады, сондай-ақ облыстың өнеркәсіптік әлеуеті дамып, экономикалық негізі нығаяды.
Қазір Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға инвесторлар тарту, жалпы ауданы 858 гектар арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Хромтау моноқаласында құны 400 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асатын индустриалды аймақ құру жұмысы басталды.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 15,5 млрд теңге бөлінген. Көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, осы жылдың 11 айында 333 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2900-ден астам жоба мақұлданып, 2706 жобаға 15 млрд теңге несие берілген.
Ақтөбе облысының 2025 жылға арналған жоспарына тоқталған әкім келер жылы өңірдің экономикалық өсімі кемінде 103% деңгейінде болады деп мәлімдеді.
– Бұл ретте өнеркәсіп саласында 2 трлн теңге өнім өндіреміз. Сондай-ақ облысқа 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартып, 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Өңірдің транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» республикалық автожолы құрылысының 110 шақырымы аяқталады. Нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 80% болады. Аталған көрсеткішке жету мақсатында алдағы жылы 46 жобаны іске асыру көзделіп отыр, – деді А.Шахаров.
Сондай-ақ республикалық «Ақтөбе – Қарабұтақ –Ұлғайсын» автожолының 6 учаскесін қайта жаңарту жоспарланған. Облыс әкімінің айтуынша, келер жылы 5,5 мыңнан астам халқы бар 11 ауылға ауызсу жүргізіледі. Сөйтіп өңірде таза ауызсумен жабдықтау мәселесі толықтай шешіледі. Сондай-ақ 9,8 мың халық қоныстанған 24 ауыл газбен қамтылмақ.
– Бұдан өзге, 2025 жылы 975,0 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. «Ақтөбе жастары» бағдарламасымен 70 жас отбасы баспаналы болады. Алдағы жылы 27 ауылды интернетпен жабдықтап, қамту деңгейін 98,8%-ға дейін жеткіземіз. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдардың 340 шақырымында мобильді байланыспен қамтитын 17 мұнара орнатамыз, – деді өңір басшысы.
Қазір өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Барлық өзекті мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында. Аймақ басшысы баяндамадан соң БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.