• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 18 Желтоқсан, 2024

Шикізаттық емес сектордың үлесі артты

32 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2024 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Отырыста елдегі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарларды сақтау мәселесі де талқыланды.

Өткен 11 айда елімізде ІЖӨ өсімі 4,4% құраған. Экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші шикізаттық емес сектор болды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ауыл шаруашылығында – 13,4%, құрылыста – 10,3%, сауда-саттықта – 8,2%, көлік пен қоймалауда – 8,1%, өңдеу өнеркәсібінде – 5,3% өсім балғанын баяндады. Сондай-ақ ақпарат және байланыс, электр энергетикасы салаларындағы оң серпін атап өтілді.

Премьер-министр экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар біршама нәтиже бергеніне назар аударды. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құры­лыс пен көлік саласындағы өсім жылдық жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті.

Өңірлердегі жағдай бойынша негізгі макро­экономикалық көрсеткіштер көшбас­шылары Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалалары өсуді қамтама­сыз етті. Ең төмен көрсеткіштер Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облыстарында тіркелді.

Аталған өңір әкімдеріне қалыптас­қан жағдайды өзгерту үшін тиісті іс-шаралар қа­былдау тапсырылды. Сонымен қатар өңір­лердің әлеуметтік-экономи­ка­­­лық дамуын жандандыруға тың тәсіл­дер қажет. Бағд­ар­ламалық құжаттардың орындалу бары­сын жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ету ма­ңызды. Тиісті тапсырма Премьер-министр­дің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Үкімет басшысы экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында белсенді шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.

«Бізде инвестициялық дамудың айқын бағыты бар. Бірақ инвестиция тарту – міндеттің жартысы ғана. Маңызды міндет – жобаларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді шешу мен олардың табысты іске асырылуын қамтамасыз ету. Сыртқы істер және Ұлттық экономика министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысын күшейтуді тапсырамын. Инвесторлардың проблемаларын бірден реттеп, шешімін табу керек. Сондай-ақ әкімдіктерге аймақтық инвестициялық штабтарда түйткілді мәселелерді жүйелі түрде қарауды тапсырамын», деді О.Бектенов.

Инвестиция мен қосымша құны жоғары өндірістерді тартуға дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Әкімдіктер тарапынан қажетті қаржыландыруға жеткілікті көңіл бөлінбейді, осыған байланысты өңірлер бюджетті қалыптастыру кезінде өнеркәсіптік алаңдардың инфра­құрылымын салуға қаражат бөлінуін ескеруі тапсырылды.

Электр энергиясы, жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозуын төмендету бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Салалық министрліктер мен өңірлер «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. Ұлттық экономика министрлігі мен салалық мемлекеттік органдарға экономикалық және әлеуметтік жағынан тепе-теңдікті сақтай отырып, коммуналдық қызмет тарифтері мен бағаларының негізсіз өсуін бақылауға алу міндеті қойылды. Инфляцияға реттеліп көрсетілетін қызмет тарифтері мен баға­лары­нан болатын әсердің ең төмен үлес салмағын Экономикалық саясат жөніндегі кеңес белгілеген деңгейде сақтау жүктелді.

Энергетика министрлігіне табиғи газ бен мұнай өндіру көлемін арттыру бойынша шараларды күшейту бойынша тапсырма берілді. Премьер-министр 2025 жылы мұнай өндіруді жоспарланған көлемде қамтамасыз ету қажет екенін баса айтты.

Қараша айында жылдық инфляция 8,4%-ға дейін бәсеңдеді. Бұл – әлеуметтік маңызды мәселе, сондықтан, оны қатаң бақылауда ұстау қажет. Бұл жұмыста тұрақтандыру қорларын, форвардтық шарттарды, субсидиялау сияқты қолда бар тетіктерді белсенді пайдалану керек. Сонымен қатар импортқа тәуелді өнімдер өндірісін кеңейту қажет.

Үкімет басшысы экономика өсімінің оң қарқынын сақтап қалу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты министрлер мен әкімдерге бөлінген қаражаттың толық әрі уақтылы игерілуін ерекше бақылауға алу, Қаржы министрлігіне бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуына бақылауды күшейту тапсырылды.

Үкімет отырысында еліміздегі сирек кез­десетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарларды сақтау мәселесі де күн тәртібіне шықты. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыс пен «Қызыл кітапқа» енген жануарларды қорғау мақсатында бағдарламалық құжаттардың дайындалуы туралы баяндады. 

Бүгінде «Қызыл кітапқа» енген жануар­лардың 220-дан астам түрі бар. Экология және табиғи ресурстар ми­нистрі 2005–2023 жылдар аралығында ат­қарыл­ған жұмыстардың арқасында тоғай бұғыларының саны 350-ден 1 147 бас­қа дейін, құландар 1 112-ден 4 493-ке дейін, арқарлар 8 835-тен 20 316-ға дейін, қара­құйрықтар саны 12,5 мыңнан 15,4 мың­ға дейін өскенін айтты. Қазіргі таңда министрлік омыртқасыздардың 21 түрін алып тастау жөнінде ұсыныс енгізді.

Премьер-министр сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген фаунаны сақтау бағытында нәтижелі жұ­мыс істеуге экожүйелер мен жануарлар түрлеріне мониторинг жүргізуді, қор­ғау мен бағалауды көздейтін кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті. Бұл мәселеде қажетті ғылыми зерт­теу­лер жүргізу, халық­ара­лық озық тәжіри­бе, жаңа технология­лар мен ақпараттық жүйелер­ді енгізу де маңызды. Қазіргі уақытта пилоттық режімде жұмыс істеп тұрған «Tabigat» табиғи ресурстар картасын негізге алу ұсынылады. Платформа қоршаған ортаның қазіргі жай-күйі, орман және су ресурстары, жануарлар дүниесі мен балық шаруашылығы туралы қажетті ақпаратты қамтиды. Премьер-министр аталған платформаны 2025 жыл­дың басынан іске қосуды тапсырды.

«Шетелдік ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысының популяция­сын қайта жаңғырту бағытында бірегей жо­ба­лар іске асырыла бастады. Жан­уар­лар дүниесінің сирек кездесетін түр­лерін және жалпы алғанда еліміздің био­алуан­дылығын сақтау жөніндегі ма­ңыз­ды жобаларды жалғастуры қажет», деді ол.

Қазіргі уақытта Экология министрлігі әзірлеп жатқан Биоалуандылықты сақтау тұжы­рымдамасы сирек кездесетін және жо­йы­лып кету қаупі төнген жануарлар­дың түр­лерін сақтау жұмысында негізгі құ­жат­қа айналуға тиіс. Олжас Бектенов ми­нистр­лік басшылығына және бас­қа да мүд­делі мемлекеттік органдарға ғылыми қоғам­дас­тықпен бірлесіп, Тұжырым­дама­да көз­делген барлық іс-шараны егжей-тег­жей­лі пыс­ықтауды және құжатты 2025 жыл­ғы та­мызда Үкімет қарауына енгізуді жүктеді.

Жануарлар дүниесін қорғау туралы заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға аңшылық алқаптардың резервтік қорында мамандандырылған ұйымдар құру жұмысын 2025 жылдың қаңтар айының соңына дейін аяқтау керек. Бүгінде еліміздің 9 облысында 15 млн га жер қорғалмаған күйінде қалып отыр.

Сонымен қатар ителгіні жойылып кетуден қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Құстың бұл түрі Халықара­лық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне енгізілген. Тиісті ведомстволар бірлесіп, ителгі санын анықтап, оны қайта жерсіндірудің тиімділігін бағалау шарасын қолға алуы қажет.

Үкімет басшысы қоршаған ортаны қорғау қызметін күшейтуге назар аударды.

«Қазақстанда табиғатты қорғау қызме­тін жандандыру қажет. Флора мен фаунаға құрметпен қарауға, экологиялық проб­лема­ларды ортақ күш-жігермен шешу­ге, сол арқылы еліміздің бірегей табиға­тын сақ­тауға тәрбиелеу ләзім», деді Премьер-министр.