Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Назарбаев Университеті» ААҚ инновациялар жөніндегі вице-президенті Қанат Байғариннің қатысуымен: «Назарбаев Университетіндегі ғылыми және инновациялық жобалар» тақырыбында брифинг болып өтті. Аталмыш брифингте отандық өнімдерді қолдау, дамыту және жаңа жобаларды жүзеге асыру туралы әңгіме кеңінен өрбіді.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан 5 жыл бұрын Президенттің тапсырмасымен «Astana Business Campus» ғылыми паркінің жобасы жолға қойылып, өз жұмысын бастаған болатын. Осыған орай, Қанат Әбдуәлиұлы жоба қарсаңында жасалынып жатқан жұмыстармен таныстырып шықты.
«Қазіргі таңда бізде, яғни Назарбаев Университетінде 200-ге тарта ғылыми жоба бар. Олардың арасынан коммерциялық жобаларды іріктей отырып 30-35 ғылыми жұмысты ғана таңдап алдық. Оны жан-жақты сараптамадан өткізіп, қалған 17 жоба тағы да таразыланып, тек 7-і талапқа сай деп танылды», – деді вице-президент.
Сондай-ақ, «Astana Business Campus» ғылыми паркінде алдағы уақытта 8 мыңға тарта мамандар қызмет ететіндігі белгілі болды. Олардың негізгі бөлігі Назарбаев Университетін бітіруші түлектерінің еншісіне тимек. Мұнан бөлек, халықаралық «Болашақ» және жуырда қолға алынған «Талап» бағдарламаларымен оқуын тәмамдаған мамандар ғана жұмысқа ықылас таныта алады.
Сағым МАТҚАЛИ.