Әңгіме Румидің нақу ілімінің (грамматика) білгірі турасындағы мәснәуиінен өрбіп отыр. Әлқисса, онда мынадай оқиға өріледі.
Орта ғасырдың басында, бүгінгі тілмен айтсақ, грамматика ілімі ғылымда жаңашылдықтың жаршысы іспетті сезілді. Оны меңгеріп сауатты жаза білетіндер, қалам ұстай алатын жан баласы сирек еді. Сонымен мәснәуиде келтірілгендей, кемеде нақу ілімі кемеңгері мұрнын шүйіріп, айналаға қомсына қарайды. Жанындағы жолаушыдан «Сен нақу ілімін меңгердің бе?» деп сұрайды. Білмеймін деп бас шайқаған жолаушыға «Ой, бейшара-ай, онда ғұмырың бос өткен екен, жарық жалғанда сенделіп бекерге жүріпсің», деп қаралай бастайды. Байыпты жолаушы үндемей ғана кісілік танытады. Бір мезетте дауыл тұрып, жасын ұрып, табиғаттың тосын мінезі алып кемені шайқай бастайды. Сонда әлгі жолаушы нақу ілімі кемеңгерінен «Сіз жүзу білесіз бе?» деп сұрайды. Ол жүзе білмейтінін айтып, төмен қарайды. Сонда жолаушы «Онда өмірің босқа өткен екен. Қазір кеме теңіз түбіне батады. Суға батып көз жұматын болдың», дейді.
Мәснәуиде келген нақу ілімі – дүние білімінің, тән білімінің баламасы. Ал жүзу болса, анық ғылым, жан ілімі ретінде бейнеленеді. Соңғы ғасырлар дүние ғылымының шарықтау шегіне бет алғандықтан, жан ғылымы бүркемеленгені шындық. Шәкәрім сынаған пәншілдік осы еді.
Ғылым деп боқты жегізді,
Денесіз зат жоқ дегізді.
Пайдасыз пәнмен перделеп,
Тапқызбай қойды негізді.
Шәкәрім пәншілдік
деп ғылымда затшыл (материяшыл) болуды айтады. Кеңес заманындағы философиялық түсінікке салсақ – материализм. Ал мұндай пәншілдік тамыр жайған ортада жан, мейірім, ізгілік, адамгершілік, дәстүр туралы әңгіме шоғы сейіледі. Дүние ғылымының шыңына жетсе де, кеудесіндегі бос қуыстан азап шеккен бүгінгі қоғам адамдарының басты дерті де осы – пәншілдік, заманға күйлеп түп негізді таба алмау. Шын ғылымның жоқтығы.
Руми нақу ілімі кемеңгерлерінің тәкаппар портреті арқылы заманаға үн қатады. Солайша «бәрін білме, өзіңді біл» дейді жол тосқандарға.