• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» Бүгін, 08:12

Ауыл тазалығы ауладан басталады

19 рет
көрсетілді

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан облысында 800-ден астам сенбілік ұйымдастырылды. Өз ауласынан бастап ауылының, қаласының таза болуын қалайтын көпшілік қауым белсенділік танытып, ортақ іске бір кісідей атсалысты.

Экологиялық акция шеңберінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдегі ауыл­дардың тіршілі­гін жақсартып, тұрғындардың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды ынталан­дыру мақсатында «Үлгілі ауыл» бай­қауы өткізілді. Байқау қорытын­дысы бо­йын­ша Қазығұрт ауданы Шарбұ­лақ ауылы бас жүлдені жеңіп алды. Жүл­делі І орын­ды Шардара ауданы Көксу ауылы ие­­ленсе, ІІ орын Сарыағаш ауданы Мәдениет ауылына, ІІІ орын Созақ ауданы Жар­тытөбе ауылына бұйырды. Байқау ере­жесіне сәйкес бас жүлде иегеріне, Шар­бұлақ ауылына қажетті әлеуметтік нысан анықталып, 2025 жылға аталған нысан­ның құрылысына облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Екі кезең­де өт­кі­зіл­­ген байқаудың аудандық кезеңіне 16 аудан, қаладан жалпы 75 ауыл қатыс­қан. Нә­ти­жесінде, облыстық кезеңге 16 ауыл жол­дама алып, бақ сынады.

Акция барысында білім беру, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері де белсенділік танытты. Облыстағы 2 500-ден астам білім беру ұйымдарында экологиялық мә­дениетті қалыптастыра оты­рып, отансүйгіштікке, табиғатты қор­ғауға, халықты қоршаған ортаны лас­тамауға үйрету мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелейтін 2000-ға жуық ашық сабақ, 650 кездесу, 960 дөңгелек үстел өткізілді. Медициналық ны­сандардың аумағында 11 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 62 мыңдай ағаш түптері әктелді. Сондай-ақ туристік нысандар аумағында санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әзірленген жол картасына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Отырар қалашығы, «Шаға» туристік-рекрациялық орталығы, «Ақмешіт» жерасты үңгірі, «Домалақ ана» кесенесі мен бұлағы, Бибі Мәриям, Шахан ата, Үкаша ата, Гаухар ана кесенелері, Арыс музей ғимараты, Шаммат Ишан музейі, Ерубаев музейі сынды киелі, тарихи орындарда тазалау жұмыстары жүргізілді. Волонтерлік ұйымдардың бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер қауымдастығы құрылып, «Бұл сенің өңірің» акциясы негізінде тимбилдинг өтті. Жастар «Taza Alem» ұлттық жобасы бойын­ша «Қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың борышы» тақырыбы аясында өзен, көл маңдарын тазалады. Ерікті жастар арасында «Эко волонтер» атты киелі өлкелер мен өзен, тауларда қоқыс іздеу сайысы өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық 11 этно мәдени бірлестіктер мүшелері де аумақтық сенбіліктерге белсене қатысты. Этностар көп орналасқан Сайрам, Сауран, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Төлеби аудандарында Ассамблея жастары «Бірлігіміз жарасқан» тақырыбындағы плогинг сайыстары арқылы айналаны тазарту акцияларын өткізді. Сайрам ауданында «Қоқыстан құнды заттар жасау идея­лары» жүзеге асырылып келеді. Бұл орайда «Generation» қоғамдық бірлестігі аудандағы білім беру ұйымдарымен бірлесе өткізген экологиялық акциялар кезінде 15 тоннаға жуық қайталама шикізат сатып алынып, қайта өңдеуге жіберілді. Табиғи жолмен энергия көзін ашып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту жөнінде де бірқатар іс-шара атқарылды. Мысалы, «Өгем», «ЭКО-Ата­мекен» қоғамдық бірлестіктері Сайрам-Өгем, Қаратау қорықтарында табиғатты қорғау мақсатында бірнеше экоакция өткізіп, жергілікті тұрғындар мен туристердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосты.

«Amanat» партиясының «Таза Қазақстан» акциясы шеңберіндегі «Таза бейсенбі» апталығында саяси ұйымның облыстағы мүшелері белсенділік танытты. Маусым айынан бері тұрақты негізде ұйымдастырылған апталық облыстың барлық ауданында өтіп, өзен, көлдер жағалауларынан, тау бөктерінен, тарихи, киелі орындардан, көпшіліктің демалыс орындары болып белгіленген аймақтардан 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Күзгі мезгілде қарқынды жүрген тал егу жұмыстарына партия өкілдері елеулі үлес қосты. Апталықтың маңызын арттыру мақсатында экологиялық тазалық жұмыстарын көпшілік қадір тұтатын, киелі жер деп байыптап, қасиетті орынға балайтын аумақтарда өткізу дәстүрге айналды.

Жетісай қаласында ұйымдастырылған жалпыхалықтық сенбілікте респуб­ликалық, облыстық маңызы бар автожолдар мен ішкі көшелердің бойы, сонымен қатар, арық-атыздар қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сенбілікке 13 техника мен мыңнан астам адам жұмылдырылып, 10 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жалпы экологиялық акция басталғаннан бері облыстағы сенбіліктер мен тазалық жұмыстарына 1500-ден астам техника жұмылдырылып, миллионға жуық ағаш отырғызылды, 3 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акция­сы аясында сәуір айынан бастап жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 2 880 қоқыс үйіндісі анықталып, толық ретке келтірілді. Қыс мезгілінде респуб­ликалық, облыстық маңызы бар жолдар мен аяқжолдарды қардан тазарту жұмыстарының орындалу барысы қатаң бақылауға алынған.

 

Түркістан облысы