• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:32

Қоныстой көбейген кезең

8 рет
көрсетілді

Биыл Қызылордада әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысының қарқыны артты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қармақшы, Сырдария аудандарында үй кезегін күткен жандар баспанаға қол жеткізді. Облыс орталығындағы 84 пәтерлік 6 үйден 504 адамға кілт табысталды. Биыл облыс аумағында жарияланған «Руханият жылы» аясында мәдениет саласы мамандарына тағы 40 пәтер берілді. Жақында ғана «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасының қатысушылары пәтерлі болды. «Сыр жастары» – жылына 100 жас отбасыны баспанамен қамту үшін қолға алынған өңірлік тың жоба.

Жастарға баспана табыстау рәсі­мінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа қоныс иелеріне тілегін білдіріп, өңірдегі ауқымды жобаларды атап өтті.

Кейінгі толқын өкілдеріне қам­қорлық Мемлекет басшысының назарында тұрған мәселе екені белгілі. Осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласы тұрғындарымен кездесуде Президент қала жастары үшін баспананың ең өзекті мәселе екеніне тоқталып: «Еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі» деген еді. «Жастардың тұрғын үйге мұқтаждығы мәселесін шешу үшін 2022 жылдың желтоқсан айын­да өткен облыстық жастар форумында алғаш рет «Сыр жас­тары» бағдарламасын несиелен­діру жолымен жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Оған облыстық бюджеттен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кредит беруге 1,2 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаны бірлесе жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» 500 млн теңге қаржы бөлді. Мамыр айында 60 жас отбасы баспаналы болса, бүгін, міне, 40 пәтердің кілтін табыстаймыз. Бұл қоныстой – басталған жұмыс­­тың жалғасы. Бағдарламаға келесі жылға да облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Шаңырақтары­ңыз балалармен базарлы, құтты қонақтарымен ажарлы болсын!» деді облыс басшысы.

Салтанатты іс-шарада ел аға­лары бата беріп, жаңа пәтерден баспана бұйырған көпбейінді қалалық аурухананың жас маманы Салтанат Сейіткамал көпшілік атынан көрсетілген қолдауға алғысын жеткізді. Пәтер кілтін алған отбасылар қатарында ұстаздар, медицина мамандары мен бюджеттік мекемелер қызметкерлері бар.

Биыл облыс бюджеті 750 млрд теңгеге жетіп, тұрғын үй құры­лысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге бөлінген. Былтырдан бері қалада жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтере бастады.

Мемлекет басшысының қол­дауымен ұлттық жобалар аясында кейінгі екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілген. Жыл басынан бері 2 мың­ға жуық отбасы қонысто­йын тойлап, тұрғын үй құрылы­сы көлемі 126 пайызға өсті.

 

Қызылорда