Ақтау тұрғыны Алмаз Бекжанов Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы апатынан зардап шеккендер үшін қан тапсыру кезегінде тізіліп тұрған қала тұрғындарының видеосын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін таңертең (26 желтоқсан) ерте, жұмысқа дейін қан тапсыруға бардым. Бірақ орталыққа келгенде, қазірдің өзінде 40 адам тұрғанын көрдім және бұл кезек үнемі өсіп отырды. Ақырында мен кеңсеге таңғы сағат 10-да келдім», дейді қала тұрғыны Алмаз Бекжанов.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 11:30-да Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) ұшқан Әзербайжан әуе жолдарының ұшағы Ақтаудан үш шақырым жерде апатқа ұшырады. Жолаушылар ұшағы қалың тұман салдарынан Грозныйға қона алмай, әуелі Махачкалаға, кейін Ақтауға бағыт алған еді.