• RUB:
    5.05
  • USD:
    527.23
  • EUR:
    544.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Желтоқсан, 2024

Мемлекет басшысына сенім жоғары

39 рет
көрсетілді

Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары әлеуметтік, ішкі саяси, экономикалық және халықаралық салалардағы жылдың негізгі оқиғаларына талдамалық шолу жасады. Олардың айтуынша, ел тұрғындарының Президентке деген сенімі күшейген.

ҚЗСИ зерттеуіне сүйенсек, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевқа халықтың 80,5 пайызы сенім білдірген. Кейінгі жылдары бұл көрсет­кіш әлеуметтік-экономика­лық қиындыққа қарамастан тұрақты түрде жоғары болып отыр. «Бұл аза­маттардың көшбасшыны және оның шешімдерін қолдауға дайын екенін көрсетеді», дейді институт сарапшылары.

Қараша айында жүргізілген сауал­намаға сәйкес қатысушылардың 77,7 пайызы ел басшылығының сая­си бағытын қолдаған. Сондай-ақ респон­денттердің 46 пайызы азаматтарды біріктіретін құндылық ретінде елдің төлқұжаты мен азаматтығын атаған.

– Сауалнама деректері көрсеткен­дей, халықтың басым көпшілігі Қазақ­станды ұлттың азаматтылығы, яғни тұлғаның нақты мемлекетпен берік құқықтық байланысы басым біртұтас ұлт ретінде қарастырады. Осылайша, ұлттық бірегейлік Қазақстанның мәдени әртүрлілігінің біріктіруші факторы бола отырып, мемлекеттегі сенім мен ынтымақтастықтың өсуіне ықпал етеді, – дейді Президент жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әйгерім Әбдірашитова.

Сондай-ақ әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсеткендей, тұрғындар биылғы жылдың жайлы болғанын айтқан. Халықтың төрттен бір бөлігі (25,1 пайыз) жыл «өте табысты болды», ал тең жартысы (52,3 пайыз) «жалпы жақсы болды» деп жауап берген. «Халықтың 77,4 пайызы келер жылдан көп жақсылық күтеді, жауаптарының көбі оптимистік көзқарасты көрсетіп отыр», деді ҚСЗИ бас ғылыми қызмет­кері Айгүл Забирова.

Ал ішкі саяси саладағы ең маңызды 3 оқиғаның қатарына респонденттер әйелдердің құқықтары мен балалар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заңды қабылдау аясында бірыңғай заңды онлайн петиция инс­титутын енгізуді, тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды, сондай-ақ 6 қазанда өткен АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдумды атап көрсеткен.

– Референдум – елде кейінгі бес жылда болған елеулі өзгерістің бір айғағы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымының айқын көрінісі. Бүкілхалықтық дауыс беру энер­гетикалық кешеннің даму бағытын, атом энергетикасының болашағын және оның еліміздің энергетикалық тәуелсіздігіне ықпалын айқындады, – деді ҚЗСИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Елнар Берікбаев.

Еліміздің экономикалық саладағы жетістіктері туралы айта келе, ҚСЗИ сарапшылары Мемлекет басшысы жаңа экономикалық бағыт ұсын­ғанын атап өтті. Осы ретте сарапшылар экономикадағы 3 басты же­тістік ретінде Шағын және орта кә­сіпкерлікті қолдау мен дамытудың кешенді бағдарламасын қабылдау, Мемлекеттік сатып алудың жаңа ереже­лерін бекіту арқылы бизнеске жаңа «экономикалық лифттерді» құру, сондай-ақ «Экономиканы ырықтан­дыру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығына қол қоюды көрсетті.

– Елдің инфрақұрылымын дамыту жоспарында 204 жоба бар. Энергетика саласында – 46, көлік саласында – 59, сумен жабдықтау және канализация бо­йынша – 89, цифрлық инфрақұрылым бойынша 10 жоба қабылданды. Оларды жүзеге асыру кезінде халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара байланыс маңызды. Осы орайда Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразиялық даму банкі, т.б. ұйымдармен ынтымақтас­тық жүргізіліп жатыр, – деді ҚСЗИ директорының орынбасары Нұрлан Сақуов.

Институт сарапшылары Қазақ­станның халықаралық саладағы бас­ты жетістігі ретінде халықаралық сарапшылар қауымдастығы алдында еліміздің «орта держава» ретінде мақұлдануын атап өтті. Бұл еліміздің жаһандық үдерістердегі рөлінің артқанын және түрлі көпжақты форматтарда шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндіктерінің кеңейгенін көрсетеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының негізгі серіктес елдерге, оның ішінде Қатар, Франция, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қытай және Әзербайжанға жасаған сапарларын ерекше атап өту қажет.

– Бұл сапарлар стратегиялық серік­тестікті нығайтуға ықпал етіп, елдің көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясатқа бейілділігін танытты және ел экономикасын қайта жандандырудың басым бағыттарының бірі шикізаттық емес және өңдеуші салаларды дамытуға мүмкіндік берді, – деді сарапшы Санат Көшкімбаев.