• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Театр Кеше

«Гауһартас» спектаклінің мерейлі қойылымы

51 рет
көрсетілді

Астанадағы Музыкалық жас көрермендер театрында жазушы, драматург Дулат Исабековтің шығармасының желісімен әзірленген «Гауһартас» музыкалық драмасы 250-рет сахналанды. Қойылымды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор арнайы барып, тамашалады.

Палата спикері спектакль мен жазушының жалпы шы­ғармашылығы отбасын сақтау, барды бағалау сияқты адамгершілік құндылықтарды дәріптейтінін атап өтті. Тәлімі мен тағылымы ешқашан ескір­мейтін, сол арқы­лы әлі талай буынға өнеге бере­тін мұндай туындылар ұлттық әдебиеттің және мәдениеттің құнды қазынасы екені анық.

Айта кетейік, «Гауһартас» музыкалық драмасы – «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» аталымы бойынша «Үздік спектакль» атанған алғашқы қойылым. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Музыкалық жас көрермендер театрының директоры, білікті ұстаз Асхат Маемиров.

Дулат Исабековтің «Гауһар­тас» повесі 1967 жылы жазыл­ған. Шығар­мада отбасылық құнды­лық­тың маңызы және әйел­ді құрметтеу сияқты қазіргі кезде де өте өзекті саналатын тақырып қозғалады.

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Гауһартас» музыкалық драмасын сахналаған бір жыл он айдың ішінде халықтың көзайымына айналып, көрермен назарына 250 мәрте ұсынылып, Қазақстан мен Еуразияның театр кеңістігінде рекордтық көрсеткішке қол жет­кізді. Спектакльдің әр қойы­лымы аншлагпен өтіп, бүгінгі таңға дейін 100 мыңнан аса көрермен тамашалады.

Қойылым елордамыздан бөлек Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шым­кент, Түркістан, Өскемен, Семей, Жаңа­өзен қалаларын­да, сонымен қатар Баян­ауыл, Ойыл, Сырым, Қара­төбе аудан­дарында көрсетіл­ген еді. Бұ­ған қоса Астана қала­сының Мәскеу­дегі мәдениет күндері аясында Мәскеу мемлекеттік «Драма өнерінің мектебі» театрында көрсетілді.