• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Ел құтқарушыларының қауіп-қатер шегіндегі оқиғалары

36 рет
көрсетілді

Құтқарушылар басқаларды аман алып қалу үшін өз өмірлерін қатерге тігіп, күн сайын ерлік жасайды. Бұл мақалада бізді рухтандырып, жүрекке мақтаныш сезімін ұялатқан отандық құтқарушылардың нағыз ерліктері туралы баяндайтын боламыз.

Құтқарушыларымызды төтенше жағдайларға қарсы күрестің алдыңғы шебінде тұрған нағыз қаһармандар десек те артық етпес. Себебі өрт, су тасқыны, қар көшкіні немесе апат болсын, бұл мамандар кез келген уақытта көмектесуге дайын тұрады. Олардың жұмысы тек физикалық еңбек ғана емес, сонымен бірге үлкен психологиялық жауапкершілік. Себебі олар ең қиын жағдайларда адам өмірін сақтап қалуда кәсібилік пен табандылық танытады.

Абай облысындағы өрт

Астана қаласы ТЖД №24 МӨСБ бөлімше командирі Елдар Қанафиянов күрделі өрттерді сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қатысқан. Солардың бірі - 2022 жылы Қостанай облысында орман өртін және 2023 жылы Абай облысында өрттерді сөндіруге барған елордалық өрт сөндірушілер құрамында болған. Ал биыл елордалық құтқарушылар құрамында алдымен Қостанай облысында су тасқынына қарсы және тасқынның салдарымен күресу, үй аулаларынан су сору және өткізу жұмыстарын жүргізді. Қостанай облысындағы жұмыстарды сәтті аяқтап, Батыс Қазақстан облысындағы су тақынына қарсы жұмыстарды жүргізуге қатысқан.

Елдар Қанафиянов «Рухтастар» жастар сыйлығының «Қайсар жыл адамы» номинациясы бойынша лауреат атанды.

Ақмола облысындағы су тасқыны

Тараз қаласындағы №20 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Байдәулет Дүйсенов 2024 жылы Ақмола облысында су тасқыны кезінде құтқару операциясына қатысқан. Оның командасы адам өмірін сақтап қалуға және авариялық-құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін жоғары кәсібилік пен командалық жұмысты көрсетті.

Дүйсенов Байдәулет Арыстанбайұлы өзін жоғары кәсіби білікті құтқарушы ретінде көрсете білді. 2024 жылы облыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі және табиғи апаттар кезіндегі ерлігі үшін «Әулиеата үздігі-2024» жастар сыйлығының лауреаты атанды.

Су тасқыны зардабын жою

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімінің взвод командирі Мират Бекетов түрлі құтқару жұмыстарында ерекше көзге түсті. Су тасқынының зардаптарын жоюға және су қоймаларындағы адамдарды құтқаруға атсалысып, жоғары кәсіби шеберлік пен жанқиярлық танытқан.

Ол су тасқынының зардаптарын жоюға қатысқаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Түтінге оранған пәтерден сәбиді құтқарып қалды

2024 жылдың желтоқсанында өрт сөндіру бөлімінің командирі Азамат Құрманиязов Атырау қаласында өртенген пәтерден 2023 жылы туған сәбиді құтқарып қалды. Пәтер есігі сыртынан құлыптаулы болған. Құтқарушы қою түтін мен қауіпке қарамастан ғимаратқа тез кіріп, баланы сыртқа алып шыққан. Сәбиге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, аман қалды. Бұл оқиға Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің тиімділігі мен іскерлігінің жарқын мысалы болды.

Тұрғын үйдегі өрттен жеті адамды құтқарды

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Нұрдәулет Есдәулетов адам өмірін сақтап қалуда талай рет батылдық пен кәсіби шеберлік көрсетті.

2024 жылдың 1 сәуірінде Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйде өрт болды. Оқиға орнына жеткен Нұрдәулет үш аяқты баспалдақ орнатып, батылдық танытып, баланы төртінші қабаттағы терезеден аман алып қалды. Сол күні барлығы жеті адам құтқарылған.

Бірінші оқиғадан бірнеше күн өткен соң Нұрдәулет Қарасай батыр көшесіндегі үйдегі өртті сөндіруге қатысқан. Екінші қабаттағы пәтерден қою қара түтін шығып жатқан. Өрт сөндіруші жабылған темір есікті ашып, қою түтін мен жоғары температураға қарамастан үй-жайды аралап шығып, еденде жатқан екі қарт адамды тауып алып, оларды бірінен соң бірі өртеніп жатқан пәтерден алып шыққан.

«Ақсай» базарындағы ірі өрт

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Ертай Райымбеков бірқатар авариялық-құтқару жұмыстарында ерекше ерлік пен кәсібилік көрсетті.

2023 жылдың 20 қаңтарында Тараздағы «Ақсай» базарында ірі өрт болды. Ертай Райымбеков газ-түтіннен қорғау қызметін басқарып, басын қатерге тігіп, өртеніп жатқан ғимаратқа кіріп кеткен. Операция барысында өрт құрсауында қалған екі әйел мен бір мүгедекті өзі құтқарған. Оның шешуші әрекеттері одан да ауыр зардаптардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтап қалды.

Ертай Райымбеков ерлігі үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің №18 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Жеңіс Болатов бірқатар құтқару жұмыстарында өзін көрсете білді.

 Ақтоғай ауданындағы іздестіру-құтқару операциясы

Қарағанды ​​облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №18 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігінің жүргізуші-қызметкері Жеңіс Болатов пен Нұрхат Нүсіпов 2024 жылдың 8 ақпанында әріптестерімен бірге Ақтоғай өңірінде іздеу-құтқару жұмыстарына қатысты. Жедел топ 7 ақпанда белгісіз бағытқа кетіп қалған және Айыртас ауылынан 6 шақырым батысқа қарай орналасқан әйел мен баланы тауып алып, құтқарды.

Жеңіс Болатов су тасқынының зардаптарын жоюға және адамдарды құтқаруға белсене қатысқаны үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Нұрхат Нүсіпов қыста авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Усть-Таловкадағы өрт

Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха қаласының №28 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Думан Кенжебеков адамдарды құтқаруда ерекше ерлік пен кәсібилік көрсетті.

2024 жылдың 1 қазанында Усть-Таловка ауылында көпқабатты үйдің үшінші қабатында өрт болды. Думан Кенжебеков күзетшімен бірге оқиға орнына дер кезінде жетіп, 10 адамды, оның ішінде 6 баланы эвакуациялаған. Оның шешуші әрекеттерінің арқасында адам шығыны мен ауыр зардаптардың алдын алды.

Ерлігі мен адалдығы үшін Думан Кенжебеков Шығыс Қазақстан облысында «Жыл қаһарманы» атағына ие болды. Сыйлықты оған облыс әкімі Ермек Көшербаев тапсырып, оның азаматтардың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті.

Авариялық-құтқару жұмыстары

Мұнайлы ауданының №5 ӨСБ бастығының орынбасары азаматтық қорғау капитаны Мүслім Құдайберген авариялық-құтқару жұмыстарына қатысқан кезде батылдық пен кәсібилік танытқаны үшін «Үздік төтенше жағдай қызметі» номинациясына ие болды.

Жалпы, құтқарушылар - біздің заманымыздың нағыз қаһармандары, олардың қайсарлығы, кәсібилігі мен адалдығы мыңдаған адамның өмірін сақтап, қайғылы оқиғалардың алдын алды. Олардың батылдығы жай ғана мінездік қасиет емес, ең қиын жағдайда әрекет етуге дайын болуды талап ететін кәсіптің негізі.