Еліміз Еуразия кеңістігінде басты көлік-логистикалық хабқа айналуға талпынып отыр. Оған негіз де жоқ емес. Ел аумағында 13 халықаралық дәліз жұмыс істейді (5 теміржол, 8 автомобиль жолы). Осы бағыттар арқылы былтыр 32 млн тонна транзиттік жүк тасымалданса, биылғы өсу қарқыны 6%-ды көрсетті.
Жаңа аймақтарды жалғайтын жолдар
Қазіргі мақсат – елдегі транзиттік дәліздерде 2030 жылға қарай тасымалдау көлемін 74 млн тоннаға жеткізіп, 2,3 есе арттыру. Оның қатарында Қытай бағытындағы жүк ағынының соңғы 10 жылда 3 есе ұлғайғанын айтсақ болады. Көрші елдің жалпы транзит құрылымындағы үлесі 2013 жылы 24% болса, қазір 40%-ға жетті.
Қарқынды дамып жатқан 2 өзекті транзиттік дәліз бар. Біріншісі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Оның бүгінгі өткізу қабілеті – 6 млн тонна. Тасымал көлемі соңғы 4 жылда 800 мың тоннадан 4,1 млн тоннаға көбейіп, 5 есе артқан. Жүк жеткізу мерзімі 58-60 күннен 13-15 күнге дейін қысқарды. Осы мақсатта Әзербайжан, Түркия және Грузия елімен бірге тасымалдауда кездесетін кедергілерді жоятын жол картасы бекітілді. Ендігі міндет – маршрут қуатын таяу арада 10 млн тоннаға жеткізу. Екінші дәліз – Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі. Бұл бағыт зор әлеуетке ие. Жүктің негізгі үлесі Ресейде қалыптасып, Парсы шығанағындағы елдерге тасымалдауға арналған. Өткізу қабілеті – жылына 10 млн тонна. Бүгінде Ресей, Түрікменстан, Иран елімен дәлізді синхронды дамытудың Жол картасы бекітілді. Сөйтіп, түйісу стансаларын жаңғыртып, оның өткізу қабілетін 23-тен 33 пайызға дейін, яғни 1,5 есе арттыру қарастырылған. Бұдан бөлек, Ресей және Түрікменстанмен бірлесіп бірыңғай оператор құрылып, 50%-ға дейін тарифтік жеңілдік енгізілді. Нәтижесінде, бағыттың өткізу қабілетін 2 есе өсіріп, жылына 20 млн тоннаға дейін жеткізу көзделеді.
Дәліздердің дамуында Ақтау мен Құрық теңіз портының инфрақұрылымы маңызды рөл атқарады. Бұл ретте, басымдылық контейнерлік тасымалдауға беріліп отыр. Алдағы 3 жылда Ақтау портының контейнер өңдеу қабілетін 140 мыңнан 550 мың контейнерге дейін ұлғайту жоспарланған. Ол үшін қытайлық «Ляньюньган порт» компаниясымен бірге контейнерлік хаб құрылысы басталды. Оған қоса, германиялық «Renus», америкалық «Wandernet», франциялық CMA CGM компанияларымен қосымша 300 мың контейнерлік терминал ұйымдастыру пысықталып жатыр. Құрық портында көпфункционалды «Саржа» терминалы құрылысы қолға алынған. Сондай-ақ Маңғыстауда өндірілуі жоспарланған, жасыл сутегіні тасымалдауға арналған тиісті терминалдың жобаланғанын атап өткен жөн.
Келесі негізгі мәселенің бірі – отандық флоттың жетіспеушілігі. Құрық – Алят қатынасында тек әзербайжандық паромдар жұмыс істейді. Қазір бізге кемі 7 бірлік кеме қажет. Бұл өндірісті қалыптастыру бойынша түркиялық YDA және ASFAT компаниясы зауыт құрылысын бастағалы тұр.
Отандық дәліздерге жүк ағынын тарту үшін шет елдердің жүк жиналатын аумақтарында сыртқы терминалдар қалыптастырылып жатыр. Ляньюньган порты мен Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстан-Қытай терминалдары бар. Сондай-ақ Грузияның Поти портында қазақстандық кәсіпкердің терминалы жұмыс істейді. Өңдеу қабілеті – жылына 500 мың контейнер. Алят портында, Мәскеу маңындағы Селятинода, Беларустағы Свислочь стансасында, Ташкенттегі терминалдардың құрылысы пысықталды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Жалпы қуаттылығы жылына 1 млн 200 мың контейнерді құрайды. Алдағы уақытта Румынияның Констанца, Мажарстанның Будапешт, Қытайдың Үрімші қаласында бірлескен терминалдар ұйымдастырылады. Нәтижесінде, сыртқы терминалдар қуаты 5 есе өседі. Бұл басты жүк қалыптастырушы елдерден жүкті отандық дәліздерге тартуға мүмкіндік береді.
1 401 км теміржол жөнделді
Тасымалдың үздіксіз және магистралдық теміржолдардың қуатын арттыру мақсатында 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскесіне жөндеу жүргізілмек. Оның 2 800 шақырымында тиісті жұмыс аяқталды. Жалпы ұзындығы 5 мың шақырым болатын жаңа және екінші жол құрылысы, 2 мың 600 шақырым автоблокировканы енгізу мен 184 стансаны жаңғырту жоспарланған. Достық – Мойынты теміржол теліміндегі екінші жол мен Алматы айналма жолы құрылысының 75%-ы салынып біткен. Сондай-ақ Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз желілерінің құрылысы басталды. Қытай бағытындағы теміржол өткізу пункттерінің өткізу мүмкіндігі 28 млн тонна болса, биылғы сұраныс 30 млн тоннаны құрады. Бұл ретте, жүктің өсіп келе жатқан көлемін қамтамасыз ету мақсатында өткізу пункттерінің қуатын арттыру үшін Бақты – Аягөз жаңа теміржолын іске асыру басталды. Ол жылына қосымша 20 млн тонна жүк өткізу мүмкіндігін береді.
Алтынкөл стансасы жаңғырып болғанда, оның өткізу қабілетін 12-ден 21 млн тоннаға дейін ұлғайтады. Достық – Мойынты учаскесінде қабылдау-жөнелту парктері мен терминалдық инфрақұрылымды кеңейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл стансаның өткізу қабілетін жылына 16-дан 35 млн тоннаға арттырады. Нәтижесінде, Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол пункттерінің қуаты 2,5 есе көбейіп, 76 млн тоннаға жетеді. Жаңа бағдардың бірі – мультимодалдық бағыттарды қалыптастыру. Бұл жобада Қытаймен шекарада төртінші теміржол өткізу пунктін ашып, Тұғыл елді мекеніне дейін 120 км теміржол және сол жерде өзен портын салу жоспарланған. Жоба Ертістен әрі қарай Обь өзені арқылы Солтүстік теңіздерге шығып, Қытай мен Ресей арасында Қазақстан аумағынан өтетін жаңа мультимодалды транзиттік дәлізді қалыптастырады. Тасымалдау көлемі – жылына 2 млн 500 мың тонна.
Автокөлік тасымалы артып келеді
Автокөлікпен тасымалдау жылдан-жылға еселеп өсіп келеді. Былтыр транзит 40%-ға, ал импорт/экспорт 20%-ға ұлғайды. Әсіресе Қытаймен тасымал қарқыны өте жоғары. Өткен жылы импорт/экспорт 2 жарым есе, транзит 2 есе ұлғайып, тиісінше 1,8 және 2,2 млн тоннаны құраса, биыл 9 айда осы көрсеткіштер тағы да 59 және 67 %-ға өскен.
Көрші елдер де транзит әлеуетін арттыру мақсатында тиісті инфрақұрылымды дамытуға кіріскен. Сондықтан біздің ел арқылы өтетін қосымша 3 маршрут алға шығып тұр. Бірінші – Батуми – Варна – Констанца арқылы су жолы, екінші – Баку, Грузия арқылы Түркияға шығатын мульти-модалды жол, үшінші – Түрікменстан – Иран – Түркия арқылы Еуропаға шығатын құрлық жолы.
Көліктің басқа түрлерімен салыстырғанда ең жоғары тасымал өсімін автокөлік көрсетіп отыр. Сондықтан автомобиль транзитін әрі қарай дамыту басты бағыттың бірі болуы керек. Ол үшін саладағы әкімшілік шараларды тиімді реттеу мен инфрақұрылымды жақсарту маңызды. Мәселен, биыл Қытай, Өзбекстаннан тасымал үшін берілетін шетелдік рұқсат бланкілері толықтай электронды форматқа өтті. Нәтижесінде, рейс саны Өзбекстанмен, 6 мыңнан 36 мыңға, Қытаймен 113-тен 230 мыңға дейін өскен. Сөйтіп шетелдік бланкілерді қолдану үрдісіндегі адами фактор толық алынып тасталып, сыбайлас жемқорлық тәуекелі түбегейлі жойылды.
Өткен жылы Сиань қаласында қол қойылған келісім негізінде отандық автокөліктер Қытайдың ішкі аймақтарына, ал қытайлық көліктер Құрық портына дейін жүктерді жеткізуге немесе транзитпен өтуге мүмкіндік алды. «Нұр Жолы» өткелінің жұмыс уақыты тәулік бойына ауыстырылды, қалған 5 өткел уақыты 2 сағатқа ұзартылды. Түрікменстанмен қол қойылған келісімшартқа сәйкес, осы ел арқылы тасымалдарды рұқсатсыз жүзеге асыруға қол жетті. Бұл өз кезегінде, Қытайдан Еуропаға, Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Түркия арқылы жүктерді кедергісіз тасу дәлізін одан әрі дамытуға ықпалын тигізеді.
Биыл елімізде 12 мың км жол жөндеуден өтті. 2030 жылға дейін Қызылорда – Ақтөбе жолын 4 жолақтыға ауыстыру, сондай-ақ Сарыағаштың бірінші санаттағы айналма жолын салу жоспарланған. Қалбатау – Майқапшағайды реконструкциялау, Қарағандыдан Боғаз ауылына дейінгі жолды орташа жөндеу жүріп жатыр. 2025 жылы Қарағанды – Жезқазған автожолын реконструкциялау жұмысы басталады. Нәтижесінде, қазіргі Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізіне баламалы жаңа маршрут қалыптасады. Ұзақтығы 736 км болатын Бейнеу мен Сексеуіл арасын жалғайтын жаңа жол салынады. Құрылысы 2027 жылы басталады. Бұл Ақтау мен Құрық портына және Түрікменстанға баратын жолды 900 км-ге қысқартып, оңтүстік пен батыс өңірінің байланысын арттырады.