Екібастұздық балалар заманға сай шығармашылық орталыққа ие болды. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен демеушілер қаражатына тұрғызылып, 9 мың баланы қосымша біліммен қамтып отыр.
Заманауи орталықтың арқасында кеншілер шаһарында бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алған балалар саны 16 мыңнан астам оқушыға ұлғайды.
Жобаның жалпы құны – 5,3 млрд теңге, «ERG» және «KazMineralsBozshakol» топтарының демеушілік қаражаты есебінен тұрғызылды. Жалпы ауданы 7200 шаршы метрді құрайтын заманауи орталықта 9 мыңнан астам бала, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар 12 бағыт бойынша қосымша білім алуға, уақыттарын қызықты өткізуге, өздерін дамытуға мүмкіндік алды. Орталық ерекше қажеттіліктері бар балаларға толықтай бейімделген, лифт және көтергіш құрылғылармен, тифло және сурдоқұрылғылармен жабдықталған.
– Мен бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынған инновациялық «Самғау» балалар шығармашылығы орталығының ашылу салтанатына қатысқаныма өте қуаныштымын. «Самғау» кеншілер қаласының балалары мен жастарын тартатын орталық болатынына сенімдімін, – деді өңір басшысы Асайын Байханов. Әкім жас ұрпақтың үйлесімді дамуы үшін аса қажетті жобаны іске асыруға және нысанның құрылысына қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.
Ғимараттың бірінші қабатында би залы, театрлық жаттығу залы, жеке вокал мен музыка сабақтарына арналған бөлмелер және 275 орындық үлкен аудитория орналасқан. Балалар орталық жұмысының шығармашылық бағыттарынан хореография (халықтық, заманауи және классикалық билер), театр өнері, вокал және хор әні немесе аспаптық шеберлік (домбыра, қобыз, гитара, мандолина, дауылпаз, асатаяқ, шертпе) бойынша сабақтарды таңдай алады.
Екінші қабатта жасыл технологиялар орталығының ғылыми-биологиялық зертханасы (гидро және экопоника) мен ландшафттық сәулет және флористикалық дизайн студиялары, сондай-ақ, пікірталас орталығы, медиа орталық (дыбыс жазу студиясы, телестудия, фотография академиясы, жас блогер студиясы, коворкинг орталығы), сән студиясы (макияж бен костюм суретшісі, интерьер дизайны) орналасқан. Ал үшінші қабат толығымен робот-техника және компьютерлік модельдеу, ғарыштық радиобайланыс және радиотехника клубтарын, СТЭМ және ЛЕГО зертханаларын, ҰҰА (ұшқышсыз ұшу аппараты) клубын қоса алғанда IT технологияларға, сондай-ақ балалар пішім мен тігінді, модельдеуді, керамиканы, бейнелеу өнері мен аспаздық өнерді үйренуге мүмкіндік беретін көркемдік-қолданбалы блокқа берілді. Бұған қоса ата-аналар мен балаларға арналған психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті, үстел теннисіне арналған аймақтар, емдік дене шынықтыру және жаттығу залы жұмыс істейтін болады.
Ата-аналар үйірмелерінің барлығын тегін түрде ұсынып отырған орталықтың ашылғанына ризашылықтарын жеткізді.
«Балаларымыз жаңа дүниелерді үйреніп, білім алулары үшін қаламызда осындай орталықтың ашылғаны қуантарлық. Осындай заманауи ғимаратты салуға тапсырма берген Президентімізге ризамыз. Шығармашылық үйірмеге жазылуды жоспарлағанбыз, бірақ, мұнда көптеген қызықты үйірмелер бар екен, енді басқа да бағыттарға қатысуды ойлап отырмыз», дейді қала тұрғыны Аяна Смағұлова.
Бүгінде орталықта жұмыс істеуге 50-ден астам қосымша білім беру педагогтері тартылды.
Ертіс-Баян өңірінде өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Бұған дейін 800 балаға арналған шығармашылық орталық Ертіс ауданында ашылса, Павлодар қаласында «Алтын сақа» балалар шығармашылығы және демалыс орталығы есігін айқара ашты. Ал алдағы үш жылда Успен, Шарбақты және Павлодар аудандарында оқушылардың қызығушылықтары мен таланттарын дамытуға жол ашатын өнер мектептерін салу жоспарланған.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы