Отандық және шетелдік сарапшылардың айтуынша, Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Азиядағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған платформа сияқты бастамалар арқылы аймақтық қауіпсіздікті ілгерілетіп жатыр. Сонымен қатар еліміз 2024 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Аралды құтқару халықаралық қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына, жалпы 6 халықаралық ұйымға төрағалық етті.
Санат КӨШКІМБАЕВ,
Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері:
– Елдің бірнеше маңызды халықаралық ұйым мен құрылымға төрағалығы сәтті аяқталды деп сеніммен айтуымызға болады. Төрағалық барысында еліміз жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға елеулі үлес қосты, маңызды құжаттарды қабылдауға атсалысты. Олардың арасында ерекше орын алатын аймақтың экономикалық, саяси және гуманитарлық интеграциясын нығайтудың ұзақ мерзімді бағыттарын айқындайтын «Орталық Азияны дамыту тұжырымдамасы-2040» бар.
Қазақстанның халықаралық саладағы басты жетістігінің бірі – «орта держава» ретінде мақұлдануы. Бұл еліміздің жаһандық үдерістегі рөлінің артқанын, әртүрлі көпжақты форматта шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндігінің кеңейгенін көрсетеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан үшін негізгі серіктес елдерге, оның ішінде Қатар, Франция, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қытай және Әзербайжанға сапарларын ерекше атап өту қажет. Бұл сапарлар стратегиялық серіктестікті нығайтуға ықпал етіп, Қазақстанның көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясатқа бейілділігін танытты және ел экономикасын қайта жандандырудың басым бағыттарының бірі болып саналатын шикізаттық емес және өңдеуші салаларды дамытуға мүмкіндік берді.
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
саясаттанушы:
– Еліміз халықаралық қақтығыстарды реттеуге медиатор ретінде бейбіт бастамаларды ілгерілетіп келеді. Бұл тұрғыдан алған кезде біз Алматыда өткен Иран мәселесі бойынша Алматы раундтары, Астанада өткен Сирия мәселесі бойынша Сирия раундтарын жүргіздік. Сириядағы жағдайдың ушығуына орай Қазақстан Түркия, Ресей, Иран және Сирия оппозициясы арасындағы келіссөздердің алаңы бола алады деп сеніммен айтуымызға болады. Өйткені бұған дейінгі кейстер табысты, нәтижелі болды.
Бұған қоса Мемлекет басшысы Ресей мен Батыс арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге екі тараппен әріптестік қарым-қатынасты сақтай алды. Қазір көп жақты және екі жақты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы, одан бөлек Орталық Азия мемлекеттер басшыларының жуырда өткен отырысын, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт кездесулерін атауға болады. Бұл тек кездесу үшін жасалған жиын емес. Шын мәнінде, мұны мемлекетіміздің Батыс пен Шығысты байланыстырып отырған қадамы деп білуіміз керек. Бұл – түрлі тараптардың да, еліміздің де мүддесін ескере отырып, бейтарап көпвекторлы саясаттың нәтижесі.
Бұған қоса Қазақстан әлемдегі климаттық мәселеге бейжай қарап отырған жоқ, оны жақсартуға үлесін қосып жатыр, экологиялық проблемаларды шешуге белсенді араласып келеді. Бұл – бүгінгі таңда әлем бойынша күн тәртібінде тұрған үлкен мәселе. Мысалы, елімізде Арал теңізін қалпына келтіруге байланысты көптеген жұмыс атқарылды. Нәтижесінде, қазір Аралдың суы көбейгенін көріп отырмыз.
Майкл РОССИ,
Нью-Джерсидегі Ратгерс Университетінің (АҚШ) қызметкері, саяси сарапшы:
– Қазақстанның бейтарап саясатты ұстанатынын білеміз. Оның тиімділігімен қатар проблемалары да жоқ емес. Жаһандық қақтығыстардың күшейіп тұрған кезінде бейтараптықты сақтау қиын болуы мүмкін, әсіресе ірі державалардың қысымы күшті болса. Мысалы, Қазақстанның Ресейге жақындығы проблема туғызбай қоймайды, өйткені Мәскеу аймаққа ықпал етуді жалғастырып келеді. Қытайдың экономикалық үстемдігі де Орталық Азия елдерінің осы ықпалды көршімен байланысын нығайтуға итермелейді. Дегенмен бұл тәсілдің артықшылықтары басым. Қазақстанның сыртқы саясаты оған көршілерінің геосаяси амбицияларына араласпай, аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздік күш-жігерінде сындарлы рөл атқаруға мүмкіндік берді.
АҚШ, Қытай немесе Ресей секілді ірі державалардың бейтарап сыртқы саясат жүргізуі екіталай. Өйткені олардың геосаяси амбициялары мен стратегиялық мүдделері ұлы державалардың бәсекелестігіне әкеліп соқтырады, бұл олардың жаһандық күн тәртібін жүзеге асыру барысында басқа мемлекеттермен бәсекелестікке қарай ұмтылуында жатыр. Ал шағын мемлекеттер мен орта державаларға көпвекторлы дипломатия стратегиясын жүргізу тиімді. Себебі мұндай елдер ынтымақтастыққа ашық болып, өздерінің тәуелсіздігін қорғап, аймақтық тұрақтылыққа үлес қосып, жаһандық қақтығыстарда делдал ретінде әрекет ете алады. Егер көптеген ел осы жолмен жүрсе, олар тұрақты халықаралық тәртіпті құруға көмектесе алар еді.