Орал қаласында 1500 орындық алғашқы «жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Қала іргесіндегі Деркүл кенттік округінде орналасқан №51 мектептің ашылуына өңір басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
«Мемлекет Басшысы өзінің халыққа Жолдауында балаларға жақсы жағдай туғызып, орта білімнің сапасын арттыру жөнінде айтқан болатын. «Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын» деген еді Президент. Соңғы екі жыл ішінде облыста жаңадан 22 мектеп бой көтерді. Осы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында тағы 6 мектептің құрылысы жүреді», деді өз сөзінде Нариман Төреғалиев.
Облыс әкімінің айтуынша, көктемгі су тасқынынан зардап шегушілерге көп үй салынған «Жұлдыз» шағынауданында да жаңа мектеп салынатын болады.
Салтанатты жиынға «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының ұлттық жобалар және өңірлік даму жөніндегі орынбасары Қуат Жылқыбаев, құрылыс нысанының бас мердігері «KazConstuction Group» ЖШС директоры Мұратбек Мұхамбедиев және білім ұйымдарының қызметкерлері мен ардагерлер, ата-аналар қатысты. Жергілікті тұрғындар тарапынан Қайролла Айтқалиұлы сөз алып, осындай ғажайып білім ордасын тарту еткен Мемлекет басшысына, құрылысшыларға алғысын айтты. Мектептің символикалық кілті мектеп директоры Жақсығали Жұмабайға табыс етілді.
Жайлы мектептің аумағы әдеттегі білім ошақтарына қарағанда кеңірек, ал техникалық жабдықталуы 4 есе артық. Жалпы аумағы – 3 га, ғимараттың ауданы – 2 га. Мектеп үш қабатты, 10 блоктан тұрады. Кіріп-шығу есіктеріне турникет қойылған. Балалар үшін бейнебақылау жүйесі, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шаралары орнатылған. Өрт қаупіне қарсы брондалған бөлме бар.
Мектеп оқушылардың оқу құралын, киімін қоюға арналған жеке шкафтармен жабдықталған. Сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті барлық жағдай жасалған. 4 спорт залы, 3 шеберхана, 56 сынып, 18 арнайы кабинет, кітапхана, мәжіліс залы, асхана бар. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылған. Мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылуға болады. Балаларға арналған музыкалық аспаптар, соның ішінде 50 домбыра да қамтылған.
Әрине, жаңа ғимаратта ерекше балалар үшін де кедергісіз қозғалуға арналған пандустар, лифт, арнайы дәретхана және инклюзивті білім беру кабинеті жасақталыпты. Мектеп аумағында спортпен шұғылдануға және басқа да іс-шараларға арналған алаңдар жасалған. Мектеп ғимаратын жобалаушы – «AQMOL project» ЖШС барлық жағдайды ескерген екен. Құрылыстың жалпы құны 7,8 млрд теңге екендігі хабарланды.
Айта кетейік, ғимарат үш қабатты және жертөлесі бар. Мектептің сол қанаты – бастауыш сыныптарға, сол қанаты – орта және жоғары сыныптарға арналған, ортаңғы бөлігінде жалпы мектеп жайларына арналған блоктар орналасқан. Мұнда спорт залдың өзі – төртеу, бастауыш сынып оқушылары үшін екі зал болса, орта және жоғары сыныптар үшін бөлек тағы спорт залдары бар. Шеберханалардың шығу есігі бөлек. Ал 190 орындық акт залы орталық блоктың екінші қабатында орналасқан. 378 орындық асхананың кіретін есігі үшеу: жоғары және бастауыш сынып оқушылары бөлек қатынайды. Үшінші қабатта орталық бөлікте кітапхана және бірнеше коворкинг алаңы бар. Музыка сыныбы мен хореография кабинеті жоғары және кіші буындар блогының түйіскен жерінде орналасқан.
Жаңа мектеп ашылған Деркүл кентінде осы кезге дейін жұмыс істеп келген №49 мектеп үш ауысымда білім беретін еді. Енді оның жүктемесі азайып, 1097 оқушы, 97 педагог жаңа мектепке көшеді деп жоспарланып отыр.
Батыс Қазақстан облысы