• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Пікір 03 Қаңтар, 2025

«Ашық әңгіме, айқын бағдар». Нұртөре Жүсіп Президент сұхбатына пікір білдірді

105 рет
көрсетілді

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатына орай Facebook әлеуметтік желісінде өз пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желідегі парақшасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне кең көлемде сұхбат бергенін атап өтіп, қоғам мен мемлекетте болып жатқан өзгерістерді толық саралап, көпті толғандырған біраз сауалға ашық жауап бергенін жазды.«Сондай сұрақтың бірі мынадай:«Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр деген ақпарат тарады. Шынымен солай ма?»

Мемлекет басшысы:– Әрине, парламенттік басқару жүйесі де жұмыс жүргізуге қақылы. Бұл жүйе Еуропадағы, тіпті Азиядағы бірқатар елде әбден орнығып, тамырын тереңге жайған. Бірақ биліктің әмбебап формуласы жоқ. Әр мемлекет саяси жүйесін таңдаған кезде төл тарихына, ұлттық болмысына, саяси тәжірибесіне сүйенеді. Менің аппаратым әлемдік тәжірибені мұқият зерделеп жатыр. Посткеңестік елдерде парламенттік басқару жүйесі жақсы қырынан көріне алған жоқ деген пікірге келісесіз деп ойлаймын. Грузиядағы соңғы оқиғалар осы пайымға нақты дәлел бола алады.

Мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау – айрықша жауапты шешім. Мұндай шешімдер үркердей топтың оңаша басқосуында емес, тек қана жалпыхалықтық референдумда қабылдануы керек. Менің «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдамам Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы тұжырымдама екеніне сенімдімін. Бірақ оны толығымен жүзеге асыру үшін біз әлі талай жұмыс істеуіміз керек. Президенттік басқару тәсілі Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенемін.

Мемлекетіміздің тұрақты әрі орнықты дамуына зияны тиетін шешім қабылдауға менің де, сіз бен біздің де еш қақымыз жоқ. Мұндай мәселеге байланысты қателікке жол беруге болмайды. Түптеп келгенде, Конституцияға енгізілген өзгерістің бәрі – Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және, ең бастысы, заң үстемдігінің басымдыққа айналуы – осының барлығы саяси тоқырауға ұшырамауға сенімді кепілдік береді.

Тағы бір сұрақ:

«Елімізде мерзімінен бұрын парламент сайлауы бола ма? Бұл туралы қазір жиі айтыла бастады».

Бұған да Президент бүкпесіз жауап беріпті.

– Мұндай болжамдар бар екенін білемін. Бұл ақпарат әдейі таратылып жатыр деп ойлаймын. Біздің елде жаңа Үкімет жұмысына кіріскен бетте оның отставкаға кететіні туралы әңгіме тарайды. Парламент туралы да дәл солай деуге болады. Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Ал Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым. Оның құрамында түрлі жағдайға, оның ішінде «Amanat» партиясының және Парламенттегі басқа да партиялардың ұстанымына байланысты өзгерістер болуы мүмкін.

Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты. Ал Үкімет бекітілген бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес әрекет етіп, оң нәтижеге жету үшін жұмыс істеп жатыр. Стратегиялық міндет – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еліміздің өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайту».

Мемлекет басшысы бұдан да басқа бірталай өзекті мәселені ортаға салған», деп жазды Нұртөре Жүсіп.