• RUB:
    4.95
  • USD:
    527.3
  • EUR:
    544.86
Басты сайтқа өту
Саясат Кеше

Қоймалардағы су көлемі бақылауда

63 рет
көрсетілді

Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқыны кезеңіне дайын­дық жүргізіп жатыр. Бүгінде су қоймаларында қажетті сыйымдылық көлемін да­йындау қолға алынды. Министрлік мәліметі бойынша, Астана су қоймасындағы су көлемі 83%-ға дейін төмендетілді.

2024 жылдың 20 желтоқсанынан 2025 жылдың 3 қаңтарына дейін шамамен 5,1 млн текше метр су жіберілді. Министрлік 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін қоймадағы су көлемін 300 млн текше метр немесе 73%-ға дейін азайтуды жоспарлап отыр.

Ақтөбе су қоймасында шамамен 51 млн текше метр су бар. 1 сәуірге дейін су көлемі  47,3 млн текше метр деңгейіне дейін азайтылуға тиіс. Ал Батыс Қазақстан облысы Бітік қоймасындағы су көлемі 34,4 млн текше метрге дейін төмендетілді. Бүгінде су қоймасынан секундына 8,3 текше метр су жіберіліп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы 79%-ға толы. Министрлік 1 сәуірге дейін қоймадағы су көлемін тағы 8%-ға азайтуға ниетті. Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында 69 млн текше метр су бар. Көктемде тасқын су қабылдау үшін су қоймасын 39%-ға дейін босату қажет.

Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасындағы су көлемі 86%-ға төмен­детілді. Көктемге дейін тағы 11%-ға жуық су жіберу жоспарланған. Қостанай об­лысындағы Жоғарғы Тобыл су қой­масында 585,4 млн текше метр су бар. Су қой­масының жұмыс режіміне сәйкес, 1 сә­уір­ге дейін су көлемін 499,37 млн текше метр немесе 61%-ға дейін азайту күтіледі.

«Көктемде тасқын суды резервуар­лар­да жинап қана қоймай, көлдер жүйесіне, табиғи жайылымдар мен шабын­дық­тар­ға бағыттау өте маңызды. Сол себепті суды тиімді бөлу жұмысын алдын ала жоспарлау қажет. Биыл шаруалар мен басқа да су пайдаланушылардың сұранысы толық қанағаттандырылды. Өткен суару кезеңінде еліміздің шаруа қожалықтарына шамамен 11 млрд текше метр су берілді. Бұдан бөлек, үлкен және шағын су айдындарын сақтау және қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды», деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.