• RUB:
    5.12
  • USD:
    524.75
  • EUR:
    540.6
Басты сайтқа өту
Қаржы Бүгін, 09:25

Қаржы игерудегі қамсыздық

42 рет
көрсетілді

Қыруар қаржыны игеру­дегі икемсіздік жыл са­йын байқалып қалады. Әкімдер жыл басында өңірлерге қомақты қа­ражат тартқанымен, қол астындағы қызмет­керлерінің кәсібилігі же­тіс­пейтіндей көріне береді. Миллиондар емес, миллиардтарды игере алмаған шенеуніктер ала жаздай ән салып жүре ме, әлде өз жұмысына тамсанып жүре ме, ол жағы белгісіз. Әйтеуір, жыл жа­былар тұста бөлінген қаржыны игере алмай жан­дары алқымға тіреліп жатады. Жылдар бойы қалыптасқан «дәстүрдің» былтыр да бұзылмағаны қынжылтады.

Ұлу жылы басталғанда өңірге жүздеген млрд қаражат бөлінгенін естіп, жүйелі жоба­ның біразы жүзеге асады екен деп үміт еткенбіз. Әрине, бір­қатар жарқын жоба іске қосыл­ды. Алайда игерілмеген қара­жаттың сомасына қарасақ, талай тірлік бітпей қалғандай. Шенеуніктер асықпай жүріп арбамен қоян аламыз дегенше, жыл да аяқталып қалды. Өткен жылдың 20 желтоқсанындағы дерекке сенсек, өңірде 48 млрд теңгеден аса қаржыны игере алмау қаупі бар көрінеді. Аз күнде мұнша қаражатты тап-тұйнақтай етіп жұмсау – утопиямен тең. Жыл он екі ай істің икемін таппаған басшылардың аз күнде қандай қадамға барарын ойлаудың өзі қиын.

«Қазіргі күнге дейін жылдық жоспардың тек 91 пайызын игеріп отырмыз. Игерілмейтін қаражатты есептен алып тастайтын болсақ, жыл соңына дейін 48,2 млрд теңге қаражатты иге­руіміз қажет», деген еді былтыр жыл соңындағы жиында облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек.

Қаржы басқармасының басшысы келтірген мәліметке сүйенсек, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері 15 млрд теңгені и­гере алмай, шерменденің күйіне түскен. Тараз қаласы – 3,5 млрд, Талас ауданы – 3,2 млрд, Меркі ауданы – 2,4 млрд, Қордай ауданы 1,4 млрд тең­гені жарата алмай қал­ған. Кейбір басқармалардағы көрсет­кіш те көңіл көншітпейді. Мәсе­лен, ауыл шаруашылығы басқар­масы – 13,2 млрд, құрылыс басқармасы – 8,3 млрд, энергетика басқармасы 1 млрд теңгені игере алмапты.

Батырхан Әкектің баяндамасы жанына батқан болуы керек, өңір басшысы қарамағындағы шенеуніктерден қаржыны неге игере алмай жатқанын сұра­ды. Олардың «өйтеміз де бүй­теміз» деген сыңайдағы үйрен­шікті жауабы жұмыс істеу­ден гөрі ақталуға көбірек ұқсап кетті. Тараз қала­сы мен қар­жы­ны игеруде салғырт­тық таныт­қан бірнеше аудан әкі­мі­нің жақауратқан жауабына қарағанда, Меркі ауданы әкімі­нің орынбасары Мейірхан Өмір­бектің даты сенімдірек естілді. М.Өмірбек игерілме­ген қаражатқа қатысты нақты деректерді айта отырып жауап берді. Құрылысы қолға алынған кейбір нысанның жұмысы әуелден дұрыс жоспар­ланбағанын да жайып салды. Қаражат қарастырылған нысандарда кемшіліктің аз болмағанын ашып айтты. Әрине, олқылықты айтқанның айыбы жоқ...

Бөлінген қаражаттың жыл жабылар тұсқа дейін игеріл­меуі қала мен аудан әкімдеріне үлкен сын. Бірақ Батырхан Әкек келтірген дерекке көз жүгіртсек, әкімдерге қарағанда орынбасар ширақ жұмыс істейтіндей көрінеді. Жарты жыл бойы әкімсіз отырған Байзақ ауданында жылдық жоспар 98,9 пайызға орындалған екен. Орын­басарларының оңды қадамы жаңадан тағайындалған Олжас Баққараевқа таяқ болып тиген жоқ. Өйткені Байзақ ауданы көш басында тұр. Ал иге­рілмеген қаражат сомасы аса көп емес. Әйтсе де бұл Олжас Бақ­қараевтың жұмысы тастай дегенді білдірмейді. Күні кеше ғана облыс орталығы маңындағы аудан тізгінін ұстаған жас әкімнің қаншалықты іскер екенін жылан жылында көре жатармыз.

Өңір басшысы Ербол Қара­шөкеев аттай қалап алдырған кадр Қайрат Көшенов басқара­тын ауыл шаруашылығы басқар­масында да жағдай мәз емес. Аппараттық жиында келтірілген дерекке сенсек, 13,2 млрд теңге игерілмеген.

Жыл басында әкімдердің өңірге қомақты қаржы тарту­ға күш салатыны әмбеге аян. Әл­бетте, облыстың әр қиырындағы өткір мәселелерді шешуге ай­тарлықтай көп қаражат керек. Алайда қолға алған жобаларды сөреден мәреге сәтімен жетізу, тап-тұйнақтай етіп орындау – аудан әкімдері мен басқарма бас­шыларының міндеті. Десе де Қарашөкеев біреу екенін біле тұра, айналасындағы шенеу­­нік­тердің әкімге тіреу бола алмағаны ойландырмай қоймайды.

Аз күнде әкімдер мен басқар­ма басшылары қандай жұмыс істеді, не тындырды, қанша қаржыны игерді? Ол жағы әзір­ге белгісіз. Қаржыны игеруге қатысты жиынның жыл соңында өткені де таңдай қақтырмай қоймайды. Жаны мұрнының ұшына тірелген шенеуніктер жылдың соңында не айтсын? Оған дейін де бақылауды күшейту керек пе еді?

Қалай алып қарасақ та, өңір үшін бөлінген қомақты қаражат есебінен сапалы жобаларды жүзеге асыру керек. Алайда бізде жағдай басқаша болып тұрған секілді. Қалай десек те жергілікті шенеуніктердің өз жұмысына салғырт қарайтынын жыл соңында анық байқап отырмыз. Биыл бұл ахуал өзгерер ме екен? Кім білсін...

 

Жамбыл облысы