Биыл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алуда негізгі өзгерістер күшіне енеді. Президент тапсырмасымен мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру шеңберінде елімізде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң әзірленді. Құжат тендер өткізу рәсімдерін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Атап айтқанда, өзгерістер келесілерге әсер етті:
Конкурс өткізу мерзімі қысқартылды (конкурстық құжаттаманы талқылау 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін; өтінімдерді қабылдау 15 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін; өтінімдерді қарау және қорытындылау 10 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін); Құрылысқа байланысты жұмысқа қоғамдық мониторинг енгізіліп жатыр. Жұмысты орындау кестелерін, шарттардың орындалуы туралы есептерді жалпыға қолжетімді ету, шарттардың орындалуын бақылауға жұртшылықты тарту жоспарланып отыр; Сатып алу нәтижелеріне шағымданудың жаңа тәртібі іске асырылады. Сатып алуды жедел жүргізу және рәсімдердің кешіктірілуін болдырмау мақсатында шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі қарайды; Аз мөлшердегі сатып алулар бойынша 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен қызметтерді бір көзден алу құқығы енгізілді. Ауылдық әкімдіктер үшін бір көзден сатып алудың шекті мөлшері 3 000 АЕК-тен 4 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды; Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында осы санаттағы субъектілерден құны 50 000 АЕК-тен аспайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың басым құқығы белгіленді; Ішкі нарықты қолдау мақсатында ұлттық режімнен алып тастауды белгілеу арқылы веб-порталда отандық өндіріс тауарларын басымдықпен алу жұмысы жалғасады; Бәсекелестікті дамыту және бизнесті қорғау мақсатында мемлекеттік мекемелер және квазимемлекеттік сектор субъектілері саналатын өнім берушілердің өтінімдерін жеке кәсіпкерлік субъектілері саналатын өнім берушілерден кемінде екі өтінім болған жағдайда веб-портал автоматты түрде қабылдамайды; Бағалық емес критерийлерді дамыту және жергілікті жеткізушілерді қолдау мақсатында аумақтық белгі (1%-дан 2%-ға дейін) және теріс мәндер (0.1%-дан 0,2%-ға дейін) түріндегі шартты жеңілдіктерді есептеу өзгертілді.