Мәжіліс депутаттарының халықпен кездесуі аясында депутат Дәулет Тұрлыханов Астана қаласындағы бірнеше әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, тұрғындардың жай-күйімен танысты.
Осындай кездесулердің бірі Алматы ауданындағы «Қазақстан» спорт кешенінің жағдайын зерделеуге арналды. Бұл кездесу тұрғындардың өтініші бойынша ұйымдастырылды.
Айта кету керек, «Қазақстан» спорт кешені алғаш рет 2001 жылы наурыз айында ашылған. 2007 жылы бұл кешен «Барыс» хоккей клубының Құрлықтық хоккей лигасына (ҚХЛ) қатысуына байланысты қайта жөндеуден өтті және «Барыс» ХК-ның негізгі аренасы ретінде пайдаланылды. Алайда, 2018 жылдың тамызында кешендегі бассейн жөндеуге жабылып, 2019 жылдың сәуірінде спорт нысаны толығымен жұмысын тоқтатқан.
Толық техникалық тексерістің нәтижесінде ғимарат апатты жағдайда деп танылған. Осыған орай, спорт кешенін қалпына келтіру қажеттігі туындап отыр.
«Астана қаласының Құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Төлеген Құлұшевтың мәліметінше, спорт кешеніне қатысты жобалық-сметалық құжаттама 2025 жылдың наурыз-сәуір айларында дайын болмақ. Осыдан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр. Толық қайта жаңарту жұмыстары 2026 жылы аяқталады.
Дәулет Тұрлыханов өз сөзінде бұл спорт кешенін қалпына келтірудің Астана қаласы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Бұл спорт кешенін қайта жаңарту тұрғындардың белсенді өмір салтына және қаланың спорттық инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал етеді. Бұл – тек спортшылар үшін ғана емес, бүкіл қала тұрғындары үшін маңызды нысан. Спорт кешенін қалпына келтіру жұмыстары Астана қаласының спорттық әлеуетін арттыруға және тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды жоба болмақ. Халықтың ұсыныс-тілектері мен депутаттардың бақылауы бұл жұмыстың сапалы орындалуына ықпал етеді», деді депутат.