Түркістан – алаш жұрты үшін орны ерек, қасиетті қала. Қожа-Ахмет Ясауи кесенесінде киіз туырлықты қазақты өз алдына өзгелермен терезесі тең жеке мемлекет етіп қалыптастыруды аңсаған, сол жолда ат үстінен түспеген хан, сұлтан, батыр, билер мәңгіге дамылдап жатыр.
Елдің бірлігі мен берекесінің символы ретінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» республикалық эстафетасының бас белгісі «Тайқазан» болып белгіленген болатын. Кеше Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің басында ұлықтау рәсімі «Тайқазан – игілікті істердің символы» салтанатты шарасы өтті.
Іс-шара барысында Тайқазанды ұлықтау, ел ақсақалдарының батасын алу рәсімі өткізілді. Рәсімнің қорытындысы бойынша Тарихи-мәдени этнографиялық орталықта Ассамблея өкілдері мен жергілікті ақсақалдардың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» республикалық эстафетасының бас белгісі «Тайқазан» Астана қаласынан республиканың барлық өңірлеріне бекітілген маршрут бойынша аралап шығып, іші «ізгі істерге» толып, Астана қаласына қайта оралады. Ағымдағы жылғы сәуір айында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында ел Президентіне тапсырылады.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары Розақұл Халмұрадов, Надежда Нестерова, Қазақстан Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов, жергілікті ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, Оңтүстік Қазақстан облыстық этномәдени бірлестіктерінің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
«Көпұлттылық – Қазақстанның бақыты», дейді Елбасы. Тағдыр-талайымен қазақ жерінен пана тапқан барша этнос өкілдері Түркістаннан басталған тағылымды істі жақсы ырымға балап отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ТҮРКІСТАН.
Суреттерді түсірген Хусан АЗИЗОВ.