Мемлекет кәсіп бастаймын деген азаматқа қолдау білдіруге қашанда әзір. Тек ниетіңіз түзу болса болғаны. Соның бір жарқын мысалы, көпбалалы әрі жалғызбасты әке Бекзат Өтежанов 1,5 млн теңге қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін бастады. Бұл игілікті іске Қаратал аудан әкімдігі мен жергілікті прокуратура мұрындық болды.
Жетісуда шағын және орта бизнестің ілгерілеуі үшін қарапайым ауыл азаматтарына барынша көмек көрсеткен абзал. Кейбірі мемлекеттен берілетін қайтарымсыз қаржының бар екенін де білмейді. Ал белгілі бір кәсіпті бастауға қолыңда қаражат болмаса қиын. Мәселен, үштөбелік азамат, бес баланың әкесі, пробация бақылауындағы Бекзат Өтежанов тағдырдың қиындығымен күресе жүріп, отбасының тіршілігі үшін өзінің жекеменшік дөңгелек жөндеу орталығын ашуды көптен бері ойлап жүрген. Алайда ақшаның басы құралмай, ісі кейінге қала берді. Міне, оның бұл арманының орындалуына мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз гранттың үлкен көмегі тиіп отыр. Қазір көлік дөңгелегін жөндейтін шағын орталық ашып, халықтың алғысын арқалап жүр.
«Бұған дейін де автокөлік дөңгелектерін жөндеумен 12 жыл айналыстым. Бірақ ол кезде ғимаратты жалға алып жұмыс істедім. Әрине, өзіңнің жеке орталығың болғанға не жетсін. Кейін мемлекеттен грант берілетінін естіп, құжат тапсырдым. Сөйтіп 1,5 млн теңге көлемінде грант алдым. Ағайын-туыстарымның көмегімен Үштөбе қаласында лайықты ғимарат салдық, гранттың қаражатына дөңгелек жөндеуге керекті арнайы құрал-жабдықтар сатып алдым. Жаңадан ашылғаннан кейін әзірге келушілер көп емес. Бірақ өңірде автокөлік көп болғандықтан, бірте-бірте клиенттер қатары да көбейеді деп ойлаймын, сол кезде жаныма бір адамды жұмысқа алсам деген жоспарым бар», дейді Б.Өтежанов.
Қаратал аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, аудан көлемінде 58 адам қайтарымсыз грант алуға өтініш берген. Соның 18-іне оң шешім шығарылып, мемлекет қолдауына ие болған.
«2024 жылы ауданда қайтарымсыз грантқа жалпы сомасы 25,6 млн теңге бөлініп, әр азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 млн 476 мың теңге көлемінде грант берілді. Қолдауға ие болғандар арасында көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалпы түрлі санаттағы азаматтар бар. Олар негізінен пластик терезе шығару, құмблок өндіру, дөңгелек жөндеу, мал шаруашылығын дамыту сияқты сан түрлі бағытта жұмыстарын бастады», дейді Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс көлемінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 60,7 бірлік болса, осы салада жұмыс істейтін азаматтардың саны 104,7 мың. Салада өткен жылы өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтердің көлемі 491,5 млрд теңгені құрады. Бюджетке түсетін салық түсімдері 2023 жылғы деңгейімен салыстырғанда 1,3 есе өсті. Қазіргі кезде ШОБ-дағы жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 33%-дан асады.
Шағын және орта бизнесті қаржылық қолдауға облыс бойынша жалпы кредиттік сомасы 14,1 млрд теңгеге 369 жоба мақұлданған. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, ішінара кепілдендіру, гранттар беру, жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жүргізу қарастырылған.
Жетісу облысы