Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған колледж студентін 8 жылға бас бостандығынан айырды. Қылмыстық іс пен үкімнің мән-жайы елордалық соттың баспасөз қызметінен белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Студент Telegram әлеуметтік желісі арқылы тыйым салынған заттар қоймасына жұмысқа орналасады. Осыдан кейін оның атына Таиландтан пошта арқылы 998 грамм кептірілген марихуана жіберілген.
Өткен жылдың 6 тамызында «Қазпошта» бөлімшесінен осы сәлемдемені алған соң ол есірткіні дозаға салып, кейін сату мақсатында заңсыз сақтау үшін пәтер жалдаған. Алайда оның бұл жоспарын тәртіп сақшылары бұзады.
Сотта жас жігіт өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін айтты. Сот оның кәмелетке толмағанын және кінәсін мойындағанын жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай деп таныды.
Нәтижесінде сот студентті Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп таныды: электронды ақпараттық ресурсты пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде есірткі затын заңсыз алу, өткізу мақсатында сақтау, сондай-ақ заңсыз әрекетке көмектесу. Алдын ала келісім бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы есірткі затын ірі көлемде өткізу.
Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.