Қоғамдық тәртіпті қадағалауда полиция қызметкерлерінің үлесі зор. Мереке күндерінен бөлек, күнделікті тұрғындардың тыныштығына жауап беретін құзырлы орган өкілдері тәулік бойы тыным таппайды. Осыны ескере отырып, облыс әкімдігі тарапынан жетісулық тәртіп сақшыларына су жаңа 40 автокөлік тарту етілді. Көліктер тек облыс орталығына емес, аудандағы департамент қызметкерлеріне де үлестіріледі.
Мәселен, өңір көлемінде күнделікті қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 1 мыңнан аса қызметкер мен 110 көлік құралы тартылады. Ал 140 полиция өкілі мен Ұлттық ұланның 136 сарбазы талдықорғандықтардың тыныштығын күзетеді. Ең қиыны мейрамдарда жол қауіпсіздігін сақтауға 2 мыңнан аса қызметкер және 200 жуық қызметтік көлік құралы жұмыс істейді. Сол себепті облыс әкімі Бейбіт Исабаев жауапкершілігі мол саланың маңыздылығын түсіндіре отырып, салтанатты іс-шарада тәртіп сақшыларына арнайы автокөліктердің кілтін табыстады.
«Өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен қоғамдық тәртіптің сақталуына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен елдің тыныштығын қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Қазіргі жаңа реформаларға негіз болып отырған заңның үстемдігін орнықтыру, әділдік пен ашықтыққа жол ашу міндеттерін іске асыруда сіздерге артылар жауапкершілік жүгі үлкен. Сондықтан сіздердің уақытпен санаспай, күн-түн демей, күрделі де жауапты жұмысты адал атқарған еңбектеріңізді әрдайым бағалаймыз және алғыс айтамыз. Осы орайда алаңсыз жұмыс істеулеріңізге қолайлы жағдай жасау – Мемлекет басшысының алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте бүгінгі игі іс-шара сіздердің өз міндеттеріңізді лайықты атқаруға, жұмыстарыңыздың сапасы мен тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді деп сенемін», деді Б.Исабаев.
Жиын барысында жалпы саны 40 автокөлік, яғни облыстық полиция департаментінің әрбір аудандық, қалалық полиция бөлімшелеріне 4 қызметтік автокөліктен берілді. Атап айтқанда, учаскелік полиция инспекторларына, патрульдік полицияға «Chevrolet Cobalt», табиғатты қорғау бөлімшелеріне «Wingle 7», кезекші бөлімдерге «ГАЗ Соболь» маркалы автокөліктері, сол сияқты Панфилов аудандық бөліміне 4 автокөлікке қосымша тағы бір көлік – «JAC Sunray» табысталды.
Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сарқытбай Құсаинов сөз алып, ішкі істер органдарына жасалып отырған қолдаулар үшін алғысын білдірді:
«Күнделікті көшеде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті тәртіптің сақталуын бақылау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осы орайда біздің бөлімшелерді материалдық және техникалық жабдықтауға үлкен қолдау көрсетіп отырғандарыңызға алғыс айтамыз», деді ол.
Жалпы, облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2022 жылы жергілікті бюджеттен 26 автокөлік сатып алынып берілген еді. Оған қоса бүгінге дейін облыста 34 бекетте, соның ішінде «Алматы – Өскемен» автожолына және Талдықорған қаласының жолдарына жалпы саны 240-қа жуық «Сергек», «Vidar», «Зерек» бейнекамералары орнатылды. Түрлі үлгідегі 8 мобильді кешен сатып алынып, ішкі істер органдарының қызметтік автокөліктеріне орнатылды. Олардың заң бұзушылықтарды анықтауда едәуір ықпалы бар екеніне тәжірибе жүзінде көз жеткізілгендіктен, алдағы жылы осындай тағы 20 мобильді кешен сатып алуға 445 млн теңге қаржы қарастырылып отыр.
«Біздің әріптестер демалыс күндері де тыным таппайды. Полиция кешенді күштері жасақтарының қызмет өткеруіне бақылау күшейтілді. Қауіпті аймақтардың радиусын, жер бедерін, ауа райы жағдайларын, іргелес объектілердің сипатын және оларды пайдалану қауіпсіздігіне әсер ететін басқа да факторларды ескере отырып, мерекелік отшашуды ұшыру орындарын күзету қарастырылды. Көліктің, арнайы техниканың, қару-жарақтың, жеке қорғаныс және белсенді қорғаныс құралдардың қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерді орындауға, жедел ахуал шиеленіскен жағдайда күштер мен құралдардың тасымалдануға дайындығы тексерілді», дейді азаматтық қорғау майоры Қалдыбек Төлеуұлы.
Айта кетейік, мереке күндері облыс көлемінде барлығы 2 682 әкімшілік бұзушылықтар анықталған.
Жетісу облысы