• RUB:
    5.16
  • USD:
    529.65
  • EUR:
    544.64
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 16:40

Атбасарда Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығы атап өтілді

16 рет
көрсетілді

Атбасар қаласында көрнекті қаламгер Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толуына орай жазушының рухына тағзым етіліп, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Жазушының туған жері Атбасар қаласындағы қаламгердің атындағы музей ұжымы мазмұнды шара ұйымдастырды. Музей директоры Ұлбосын Даниярқызы әдебиет әлемін әспеттейтіндерге жерлес жампоз жазушының рухани әлемімізге қосқан орасан зор үлесі туралы таратып айтып берді. Музейде көптеген құнды жәдігерлер бар. Перзенттері тапсырған жазу үстелінде қазақ халқының өткен дәуірінің маңызды тұстары қамтылған белгілі шығармасы «Көшпенділер» трилогиясы өмірге келіпті. Осы атақты шығармаға жарығын түсірген жазушының жарықшамы да бүгінде музейдегі сол үстелдің үстінен орын алған. Музей қорында жазушының таспаға түсірілген өз дауысы, «Мұхиттан өткен қайық» романының қолжазбасы, қолданған жеке заттары мен кітаптары және домбырасы сақтаулы тұр.

Атбасар қаласындағы орталық алаңнан бой көтерген Ілияс Есенберлиннің ескерткіші 2015 жылы ашылған. Бүгінде аймақтың тарихи-мәдени өмірінде өзіндік орны бар бұл композиция құрылысына жазушының ұрпақтары мен жалпы руханият жанаршырлары демеушілік еткен. Аудандық мәслихаты төрағасы Нұржан Рахымов салтанатты шарадағы сөйлеген сөзінде Ілияс Есенберлин мұрасының ұлт тарихындағы алар орнына тоқталып, жазушының қайраткерлік істерінің жарқын тұстарын атап өтті.

Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен соң шара қатысушылары әдеби музей залдарына экскурция жасап, «Жазушы. Азамат. Патриот» тақырыбындағы жиынға қатысты.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы