Жамбыл облысында тамшылатып суару жүйесін шығаратын жаңа өндіріс ошағы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ресми дерекке жүгінсек, жоба құны 2,8 млрд теңгені құрайды. Су жаңа зауытта жылына 20 мың гектарға дейінгі алқапты тамшылатып суаруға қажетті жабдықтар өндірілмек. Қазіргі кезде жаңа зауытта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс ошағы толық қуатында жұмыс істеген кезде жұмысшылар саны екі есеге дейін артпақ.
«Жаңа өндіріс ошағы келесі вегетациялық кезеңге толығымен дайын деп айтуға негіз бар. Фермерлерге 6000 гектар суару жабдықтары беріледі. Бұдан бөлек ұңғымаларды бұрғылауға арналған құрал-жабдықтар дер кезінде жеткізілді. Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауының арқасында өңірге инвесторлар тарту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр», дейді Е. Қарашөкеев.
Жаңа зауыт «Қаз Каспий Гидро Селхоз Технология» ЖШС-нің жобасы екенін айта кеткен жөн. Біршама уақыт бұрын қолға алынған құрылыс жұмысы нәтижелі аяқталып, өндіріс ошағы жаңа жылдан кейін іске кірісті.
Жалпы алғанда өңірде 181,8 мың гектар суармалы алқап бар. Оның 127,3 мың гектары жерүсті әдісімен суарылса, 28,5 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару әдісі қолданылады, 11,5 мың гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесі пайдаланылады. Өткен жылы 15,2 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы орналастырылған. Осы жылы қосымша 10 гектар алқапқа жаңа технология енгізілмек. Нәтижесінде көрсеткіш 64,5 мың гектар алқапқа дейін ұлғаймақ.
Жамбыл облысы