Дәстүрлі достығымыз – берекеміздің бастауы
Онда әр аптаның жұмасы мемлекеттік тіл болып белгіленген
– Әдетте, мен өзім өскен Рудный қаласындағы түрлі ұлттардың ұлттық костюмін сахнадан қана көретінмін. Мен оларды сахна киімі деп қана қабылдайтынмын. Соңғы жылдары қаладағы мерекелік шараларда түрлі ұлт өкілдері ұлттық тағамдарын жасап қоятын болған. Оларды да алыстан қызықтаймыз. Көптің ішінде дуылдаған мерекелік көңіл-күймен көп нәрсені байқай бермейді екенбіз. Мерекені салтанатты, қалыптасқан көрініс деп білеміз. Ал өзімізде студенттердің кіші ассамблеясы жұмысынан кейін қасымда жүрген достарым арқылы керемет дүниеге көзім қанықты, – дейді Рудный индустриялық институты экономика және құрылыс факультетінің 2 курс студенті Жанна Кравченко. Бірқағар қазақшасымен кіші ассамблея жұмысын баяндаған қыздың жүзі бал-бұл жанады. Рудный индустриялық институтында барлық білім ордалары секілді түрлі шаралар өтіп жатады. Өткен жылы сәуір айында осындағы студенттердің кіші ассамблеясы құрылды. Оның төрағасы институттың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жасұлан Алпысбаев болды да, оның орынбасарлығына студент Жанна Кравченконы ұсынған болатын. Жұмыс бірден қызу жүріп кетті. Кіші ассамблеяның белсенді жастары «Рудный индустриялық институтындағы жарасымды достық келісім» атты фестиваль өткізді. Кіші ассамблея мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен жастық думан түрлі ұлттық бояумен қаныға түсті. – Маған студенттер ассамблеясы өткізген шаралардың, ең алдымен, дайындығы ұнайды. Біз әр ұлттың жастары бір үйдің балаларындай болып кетеміз. Олардың әрқайсысы өз ұлтының ұлттық киімін, тағамдарын әкеледі. Өлеңдерін, билерін үйретеді. Қызу жұмыс жүреді, пікірталастар да туып жатады. Ал кіші ассамблея ұйымдастырған шара сәтті өткенде бізден бақытты жан болмайды, дос құшақтар айқасады. Мұндай сәттер әр студентке керемет рухани күш береді, – дейді Жанна ағынан жарылып. Рудный қаласында 60-тан аса түрлі ұлттың өкілі тұрады. Кеншілер қаласы тарихының өзі бүгінгі жастардың атасы мен әжесінің жастық шағымен тікелей байланысты. Осыдан алпыс жыл бұрын алғашқы кеншілер шатырын комсомолдық екпінді құрылысқа келген түрлі ұлт жастары тіккен болатын. Рудный қаласы олардың мәңгі құт мекеніне айналды. Осы жерде отау құрды, ұрпақ өсірді. Кеншілер қаласын бірге көркейтті, экономиканы бірге дамытты, еліміздегі уақыт өзгерістерін де бірге көріп, еліміздің тәуелсіздігін де бірге қарсы алып, іргетасын мықтап келеді. Аға ұрпақ түрлі ұлт пен ұлыстар арасындағы достықты бояуын солғындатпай кейінгі ұрпаққа бере білді. Бейбітшіліктің қазақстандық бірегей үлгісі де осы болар. Еліміз Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында, яғни 1995 жылы 1 наурызда Президент Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. «Ол – Қазақстан тұрақтылығының айшықты атрибуты. Сол себепті де, мен әрдайым үлкен міндеттер арта отырып, бүкіл халықтың қолдауына ие болу үшін Ассамблеяға жүгінемін», деді Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жетекші телераналар журналистеріне берген сұхбатында. – Кіші ассамблея студенттер арасындағы достықты, татулықты, бірлікті сақтай отырып, қоғамды дамытудың, мемлекеттігімізді нығайтудың тамаша тетігі де болады. Мысалы, біз «Қазақ тілі және үш тұғырлы тіл» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткіздік. Жастар үшін тіл мәселесі айрықша маңызды екенін білеміз. Соның ішінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді де талқыладық. Біздің институтта әр аптаның жұма күні мемлекеттік тіл күні болып саналады. Кіші ассамблея кеңесі осы істі жандандыруды, қалыптастыруды ойластырды. Сол күні студенттер қазақ тілінде сөйлесуге тырысады, ең болмағанда аудиторияларда қазақша амандасамыз. Мемлекеттік тілді білген достарымыздың төбесі биік, олар өзін сенімді сезінеді, – дейді Ж.Кравченко. Орыс қызы Ж.Кравченконың өзі қазақ тілінде тіл сындырып қалған. Студенттердің Кіші ассамблеясының қатары 40 студентпен толықты, корей Николай Пак, татар Роман Файзуллин, қазақ Алтынгүл Байтық, орыс Анастасия Самойлова, украин Виктория Полковниченко, удмурд Денис Наговицын белсенділік танытады. Кіші ассамблея институттағы әр шараны шығармашылық тұрғыдан дайындап өткізеді. Институтта білім нәрімен сусындап жүрген 20 ұлт өкілдері студенттер сахнасынан ән шырқап, билейді. Жастар киген ұлттық киімдердің сұлулығында шек жоқ, студенттер сахнасы бояулар мен музыка гаммасына айналады. Ал оның мазмұны біреу ғана –Тәуелсіз Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім, жастар арасындағы шынайы достық болатын. – Біздің кіші ассамблея жұмысында саясат жоқ, шынайы достық, күнделікті өмір ғана бар, – дейді Жанна. Расында, аға ұрпақтан келе жатқан өзара түсіністік, толеранттық пен достық ұғымы алға қарай жалғаса бермек. Елбасы айтқандай, оған жастардың қатысуы тәрбиенің тамаша үлгісі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Рудный қаласы.Бірлігіміз қашанда берік
Кнарик ГАСПАРЯН, Алматы облыстық армян этномәдени бірлестігінің төрайымы. Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген аталы сөз бар. Біздер, Жетісу жерінде тұратын әр ұлттың өкілдері басымыз қосылғанда әрдайым осынау қазақы мақал мәнінің тереңдігіне тәнті болып, қазақтарға алғысымызды айтып отырамыз. Ассамблея жылы деп жарияланған 2015 жылы Алматы облысында «20 игі іс» жобасы басталды. Жоба бойынша өңірдегі әрбір этномәдени бірлестік 20 шарапатты шара өткізуі тиіс. Облыстағы армян этномәдени бірлестігінің өкілдері Қаратал ауданының, Үштөбе қаласындағы балалар үйін қамқорлыққа алып, материалдық, моральдық тұрғыда көмектесуді бір қалыпқа түсірді. Балалар дән риза. Сонымен қатар, облыс орталығындағы құлақтары нашар еститін балалар үйін де назарымыздан тыс қалдырмай, қамқорлық көрсетудеміз. Талдықорғандағы «Айналайын» балалар үйінде армян халқының «Аналық және әдемілік» атты жыл сайын 7 сәуірде аталатын ұлттық мерекесін дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Бұл мейрамды армян ұлтының өкілдері асыға күтеді. Ата-бабамыздан қалған дәстүрді қасиетті қазақ жерінде де өткізуге, яғни құқығымыздың бұзылмауына жарқын жол ашылғаны қуантады. Біле-білсек, сүттей ұйып, тату-тәтті өмір сүріп жүргеніміз мемлекеттік саясаттың дұрыстығының арқасы. Осынау бірліктің бастауы болған Елбасына қашанда алғысымыз шексіз. Бүгінде ынтымағы жарасқан Жетісу жерінде 103 этнос өкілі бірлігімізді нығайтқан үстіне нығайта түсуде. Мұны Қазақстанның өзге елдерге үлгі етіліп жүрген бірлігіне құдды қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да септігіміздің тиюі деп түсінеміз. ТАЛДЫҚОРҒАН.Тоғанастағы «Достық» клубы
Әр ұлттың басын қосып, бірлік пен татулықтың нығаюы жолында қызмет ететін «Достық» клубы Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Сырым жауһарлары» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен құрылған болатын. Бүгінде Шолақ аңқаты ауылдық округінде 100-ге жуық (орыс, татар, неміс, украин, белорус, башқұрт, чуваш, қазақ) өзге ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында, бір үйдің балаларындай тату-тәтті өмір сүруде. «Достық» клубына Надежда Николаевна Шевяхова жетекшілік жасаса, мұнда орналасқан бөлмеге бас сұға қалған көпшілік әр ұлттың тарихынан сыр шертетін ұлттық тағамдарға, киім түрлеріне, ою-өрнектерге көз жүгіртіп, қызыға тамашалайды. – Мұнда ашылған «Достық» клубының атқаратын маңызы өте зор. Достықты, татулықты, бірлікті білдіретін аталған клубтың одан әрі дамып, құлашын кеңге жая беруі мақсатында өткен жылғы мамыр мерекесінде аудан әкімі Абат Шыныбеков бастаған қонақтар мен түрлі ұлттың өкілдері «Достық аллеясына» жұпаргүл ағашын отырғызды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында клуб мүшелері түрлі ұлттың билерін, әуезді әндерін халық арасында насихаттап, достық, бірлікті нығайта түсу бағытында жұмыстануда, – дейді «Сырым жауһарлары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, зейнеткер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева сөз арасында. «Достық» клубында бүгінде сегіз ұлттың өкілі жұмыла жұмыс істейді. Олар ұлттық мереке, салт-дәстүрлерді тұрғындар арасында кеңінен насихаттау, достық, бірлік бағытында ұйымшылдық танытуды басты борыштарының бірі ретінде санайды. Сан алуан ұлт өкілдері тұратын Тоғанас ауылында бірлік пен түсіністік салтанат құрған. Мүсірбек АЙТАШЕВ. Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы. Суретте: «Достық» клубының жетекшісі Н.Н.ШЕВЯХОВА.